ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАЛДЫ

0
16

Талдықорған қаласындағы Облыстық кардиологиялық орталықта жүрек инфарктін алған 72 жастағы науқасқа күрделі кардиохирургиялық операция сәтті жүргізілді. Жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС аясында көрсетілді.

Дәрігерлер пациентке екіжармалы (митралды) жүрек қақпақшасын протездеу және үшжармалы қақпақшаға пластикалық реконструкция жасау отасын орындады. Операция барысында науқастың жүрегі жасанды қанайналым аппаратына қосылып, жүрек қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл кардиохирургтерге зақымданған қақпақшаларға толық қолжетімділік алуға мүмкіндік берді.
Мамандар емдеуге келмейтіндей өзгеріске ұшыраған екіжармалы қақпақшаны алып тастап, оның орнына қан айналымын толық қамтамасыз ететін заманауи протез орнатты. Сонымен қатар, үшжармалы қақпақшаға жасалған реконструкция оның құрылымын күшейтіп, жабылу функциясын қалпына келтірді. Бұл кері қан ағымының алдын алып, жүректің оң жақ бөліктеріне түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады.
Операция жоғары дәлдікпен, заманауи медициналық жабдықтардың көмегімен жасанды қанайналым жағдайында өтті. Дәрігерлердің кәсібилігі мен орталықтың техникалық мүмкіндіктерінің арқасында хирургиялық араласу сәтті аяқталып, науқастың жағдайы тұрақты деп бағалануда.

 

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»