АЛҒЫС АЙТА БІЛЕМІЗ БЕ?

Адам болған соң адами қарым-қатынаста араласқан адамыңа бір ерекше ықыласы үшін немесе саған жасаған жақсылығы үшін алғыс сезіміңді жеткізгің келеді. Соны қалай айтып, қалай жеткізу керек? Психологияда алғыс жеткізудің технологиясы, яғни, ереже сияқты түрлері бар екен. Оны оқып отырсаңыз біздің қазақи ортамызға жаттау көрінеді. Менің ойымша, алғыс айту үшін ешқандай технология керек емес. Алғыс айтудың ешқандай формуласы жоқ. Шын көңіл керек.
Жалпы, алғыс айтудың түрі көп. Ең бастысы, сол рахмет айтуды ішіңізде бүгіп қалмай — білдіру. Алғыс айтатын адамыңыз үшін сіздің оған сыйлық беріп айтқан рахметіңіз емес, шын көңіліңіз үшін риза болады. Шынайы көңіл көзіңнен көрініп тұрады, даусыңнан естіледі, сөзіңен байқалады.
Алғыс айтудың технологиясы демекші, алғыспен қоса сыйлық беру керек пе, жоқ па? Мені осы сұрақ көп ойлантады. Кейде болады ғой сондай жағдай – рахметіңмен қоса сыйлық бергің келіп тұратын. Рахметіңді алып, сыйлығыңды алмай қойса не істеу керек? Біреу сізге жақсылық жасап жатса неге сыйлық бермеске деп ойлаймын. Сыйлық беру ол адамды жоғары бағалағаным емес пе?
Осы алғыс айтуда кейде қазақи дарақылыққа да жол беріліп жататыны бар. Оның бір белгісі — жүрген жерімізде сыйлық салынған пакет арқалап жүру…Бір оқиға есіме түсіп кетті. Дәрігерге алғыс айтып, пакет ұсынбай ма бір пациент. Дәрігер: пакетіңізді алмаймын, рахметіңізді аламын – депті. Пациент: неге? — демей ме. Дәрігер: — сіздер әкелген пакеттерден күйеуім ішкіш болып кетті, ал ұлымның шоколадттардан тістері түсіп қалды – депті… Пакеттің ішінде коньяк пен шоколад жүреді емес пе?
Сыйлық арқылы екі адам бір-біріне жақындай түседі – дейді… Өмір дегеніңіз осындай алыс-берістен тұрады – дейді…Бұл қатынастарды мен кіріптарлық немесе жағымпаздық деп есептеймін. Сыйлық дәметіп немесе сыйлық күтіп тұруың – дұрыс емес қылық. Шын жүректен шыққан алғысқа не жетсін!
Алғыс алған адам өзін ерекше жоғары көңілді сезінеді. Алғыспен адам қуаттанады. Сондықтан бір-бірімізге жақсылықты көбірек жасап жүрсек адамдық аурамыз тазарады. Бірақ жасаған жақсылығың үшін алғыс күтпе, алғыспен қоса сыйлық дәметкен ұят нәрсе.
Аталарымыз қолына су құйған балаларға алғыстың түрін айтады. Мысалы, «Өркенің өссін, жасың ұзақ болсын, ғұмырлы бол, таудай бол!» деген сияқты. Ол алғысты естіген бала шын қуаттанып, мақтанып, есейіп қалады.
Әлемнің біраз елдерінде алғыс күні деген күндер бар екен. Олар ол күнді отбасылық мерекеге айналдырған. Балалары өмірге келтірген ата-анасына алғыс айтады, ата-анасы Құдайға алғыс айтады, тағы сондай толып жатқан алғыстар… Біздің елде де Алғыс күні бар күнтізбеде.Ол күн қалай пайда болды?
1995 жылдың 1 наурызы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. 2015 жылы Ассамблеяның 20 жылдығы кезінде Елбасы бұл күнді Алғыс айту күні деп жариялауды ұсынды. Осылайша, елдегі барлық этностардың өкілдері 2016 жылдың 1 Наурызынан бастап алғыс айта бастады. Негізінде, басқа этностар алғысты қазақ еліне айтады. Себебі, тарихи отаны болмаса да, осы қазақ еліне қиын-қыстау жылдарында мәжбүрлі түрде келіп қоныс тепкен этностар қазақтың кеңшілігін, адамгершілігін көріп, біздің елді өз отаны деп қабылдады.
Кейінгі отыз жылдағы тарихи оқиғаларға байланысты кейбір этностар өздерінің тарихи отандары (Грекия, Туркия, Германия, Ресей) көшкенмен, ол жаққа сіңбей, қайтып келгендер бар. Келе алмағандары әлі де қазақтың кең даласы мен кең пейілін қимай қимастық көңілмен демалыстарында Қазақстанға келіп-кетіп тұрады. Тұрып жатқан елдерінде қазақша ән салады, қазақша ет асады. Қазаққа деген ең үлкен алғыс осы.
Орайы келгенде айтарымыз, біздің газетімізді үзбей оқып тұратын оқырмандарымызға мың алғысымызды жеткізгіміз келеді! Табысты болыңыздар, қуатты болыңыздар, алдарыңыздан күндей жарқырап тек жақсылық шығып тұрсын!
Баян ТАҢАТАРОВА