ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙҒА ЖАУАП КЕЛДІ

0
55

Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр көшесінде уақытша жол жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты бірқатар маршруттардың қозғалысы өзгеріп, тұрғындар арасында түсініспеушіліктер туындады. Бұл мәселеге байланысты газетіміздің өткен санында мақала жарияланған болатын. Осыған орай, біз Талдықорған қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің жолаушылар қатынасына жауапты қызметкерлеріне хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтадық.

Берік Сарқытбаев, бас маман:
–Талдықорғанда бүгінде 26 автобус маршруты бар. Әрқайсысының бекітілген бағыты бар. Олардың қозғалысын біз бақылап отырамыз. Қаламыздағы қоғамдық көлік қозғалысының ұйымдастырылуы мен бағыттарын өзгерту – толығымен біздің бөлім арқылы жүзеге асады. Алайда соңғы уақытта жол жөндеу жұмыстарына байланысты кейбір маршруттың бағыты өзгертілді. Бұл өзгеріс біздің тарапымыздан тиісті хаттамалар негізінде жасалады. Егер алдағы уақытта белгілі бір көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілетіні туралы ақпарат түссе, біз бірден «Жолаушылар тасымалын басқару» орталығына хабарлаймыз. Олар өз кезегінде тасымалдаушы 7 мердігер компанияға ескерту жасайды. Атап айтқанда, бұл өзгерістер 8, 2, 5, 18, 23, 24 және 25 нөмірлі автобустарға қатысты болды.
Бұл шешімдер біздің бөлім тарапынан қабылданып, «Жолаушылар тасымалын басқару» орталығына тиісті жұмысты орындау үшін тапсырма беріледі. Өткен аптада Қабанбай батыр көшесі күрделі жөндеуге байланысты бірнеше күнге жабылды. Қоса кететін жайт кей күндері жол бірнеше сағатқа ғана жабылып, осы аралықта автобус бағытын уақытша өзгерттік. Бұл жағдай жөнінде халыққа дер кезінде хабар бермегеніміз – біздің тараптан кеткен олқылық. Алдағы уақытта осындай жағдайлар қайталанбас үшін тұрғындармен белсенді түрде байланыс орнататын боламыз, – деді бас маман.

P.S Редакциямызға тұрғындар тарапынан наразылық әлі де келіп түсуде. Өкінішке орай, аталған нөмірлі автобустар бүгінге дейін өздері қалаған көшелермен зуылдауда.
                                                                                                Талшын ИЕМБЕРДИЕВА


ПІКІР ЖАЗУ