ӨЛЕҢ — СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ

0
37

Тамыз айының 27-ші жұлдызында Талдықорған қалалық Ардагерлер қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен ардагер ақындар арасында өтетін қалалық байқаудың нәтижесі сараланды. Өте қызықты  ұйымдастырылған бұл байқау қалалық Ардагерлер ұйымының  жұмысының нәтижелі жақтарын байқатты. Өйткені қатысушылардың  ықшамды ереже тәсіліне икемделуі мен әділқазылар жұмысының өте тиянақты қаралуы және жыр мүшайрасының еркін форматта өтуі   жазба ақындар мүшайрасын артық, қажет емес тұстардан арылтып, ұйымдастыру жағынан ерекше сипатта өтуіне әсер етті.  

Сонымен, ұлы Абайдың 180 жылдығына ардагер жазба ақындарға қандай Ережені білуі қажет болды? Ұйымдастырушылар қойған байқаудың мақсаты қандай болды?
Байқаудың мақсаты:
— Ұлы ойшыл, ағартушы хакім Абайдың шығармашылығын дәріптей отырып насихаттау. Халық арасында көріне алмай жүрген талантты ардагерлерді қатарымызға тартып, олардың белсенділіктерін арттыру. Ақынның шығармалары арқылы мәдени дәстүрлерімізді жаңғырту, насихаттау және ұлттық болмысымызды нығайту.
Байқау шарты бойынша қаламы төселген белгілі ақындар байқауға қатыспайды.Байқаудың негізгі шарты жоғарыда айтып өткеніміздей, таныла алмай жүрген ардагер ақындарымызды анықтау.
Қазылар алқасының құрамы Ардагерлер Кеңесінің мүшелері ұсынысымен Ардагерлер Кеңесі төрағасының басшылығымен бекітілді.
Қатысуға өтініштер электронды пошта арқылы қабылданды. Байқауға түскен өлеңдерде автордың аты аталмады. Бұл да бір әділқазылардың таңдау әділдігіне деген ерекшелік екендігі түсіндірілді.
27 тамыздағы қорытынды шарада сөз сөйлеген әділқазылар алқасының төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым келген қауымға қазылар алқасын таныстырып өтті. Олар өңірге танымал ақындар Жұмабала Балақаранова мен Кенжехан Рақыш сынды ақындар болатын. Мүшайраға қатысқан 12 ақынның аты-жөндері аталып, қатысудан бас тартқан 13-ші ақын да аталды. Мүшайраға қатысқан 12 ақынның барлығы да жиынға әкелген өз тартуларын келген қонақтарға оқып берді. Ақындардың аты-жөндеріне тоқталсақ, олар мыналар:
1. Бектенов Ерболған «Абай – қазақтың рухани ұстазы»
2. Роза Жылқайдарова «Абай Құнанбайұлы»
3. Серікбай Естібайұлы «Абайға»,
4. Ибрагимова Қарлығаш – «Ұлы дала егізсің Абайменен»
5. Аңсабаев Дүйсен «Адамзаттың Абайы»
6. Қауыс Мұхаметжан «Абай салған жолмен жүру бір бақыт»
7. Құмарбекова Төлеухан «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған»
8. Түйеші Ақсубай «Абайдың сәулесі»
9. Смақов Төлеужан «Оңашада отырмын қалам алып»
10. Жылқыбаев Бауыржан «Абаймен сырласу»
11. Шаңғұжанова Нұртай «Ұмытылмас Абай атың»
12. Азанбаева Бағила «Абайға арыз».
Жазба ақындардың байқауға түскен өлеңдеріне шолу жасаған әділқазылар алқасының төрағасы Нүсіпбай Әбдірахыхым:
13 адам байқауға өлең өткізген болатын, кейін бір адам өлеңін қайтып алды. Сонда 12 адам қатысты. Бұл байқаудың ерекшелігі — бұрындары бірнеше кітап шығарған, елге танымал болып қалған белгілі ақындар да қатыса беретін, ал осы жолы ондай кісілерді алмадық. Тек өлең жазып жүрген ардагер ақындар қатысты. Барлығының өлеңдері керемет емес, бәрінде кемшілік болды. Себебі бәрі жаңадан жазып жүрген адамдар болғасын, ондай болып тұрады. Біз соның бәрін ескере отырып әділ бағаладық. Ешқандай реніш болған жоқ деп ойлаймыз. Себебі, біз ол жерде кімнің өлеңі екенін білген жоқпыз. Бізге өлең авторсыз келді, яғни автордың аты жазылған жоқ. Сондықтан саралай, бағалай келіп, біз өз шынайы бағамызды бердік. 4 адамға жүлде берілді, ал қалған 8 адамға ынталандыру сыйлықтар табысталды.
Өлеңдерді саралай келсек, авторлардың өлеңдеріндегі кемшін тұстары — буын мен ұйқастар туралы айтуға болады. Кейбір сөз, сөйлем тіркестері ерсілеу болып шыққан тұстар да бар. Көш жүре түзелер деп ойлаймыз…
Қорыта келе, мүшайрада 4 авторға үш орын белгіленіп, жүлделі авторлардың аты аталып, лайықты ақшалай сертификаттары берілді.
Мүшайрада әділқазылар алқасының әділ шешімімен 3-ші орын «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» өлеңі үшін Құмарбекова Төлеухан мен «Абаймен сырласу» өлеңі үшін Жылқыбаев Бауыржанға берілді. 2-ші орынды Шаңғұжанова Нұртай «Ұмытылмас Абай атың» өлеңі үшін, 1-ші орынды ардагер ақын Азанбаева Бағиланың «Абайға арыз» өлеңі иеленді. Бұл өлең расында Абай айтқан өткен күннің бүгінгі елестерінен хабар бергендей көпшілікке де ұнады.

Абайға арыз
(«Сегіз аяқ» сарынымен)

Алыстан сермеп, жүректен тербеп, Абайдың сөзі тамсантты.
Қымыздай қышқыл,кей жыры мысқыл, өлеңі оның бал тәтті.
Мұра боп қалған атадан, айтқаны бейне – Ата Заң.

Көнбейтін «мықты» қиқарлар шықты, арындай көріп мансапты.
Ақсақал айтып,көңілі қайтып, талапсыздардан шаршапты.
«Бойдан қайрат, ойдан сөз», жоғалтқандарға болдық кез.

Құрлық алтау, құбылам төртеу – таршылық көрер жерім жоқ.
Жерімді сатып, елігімді атып, көк орманды өрт шалды.
Мұртымды майлар мұрама, келімсек қолын мол салды.

Елестеп бақыт, басымды шатып, қақпанын құрды несие.
Қазына бар, байлық, болымсыз айлық, жан қиналды несіне?
Адамдықтың иесіне айтайын шерді көсіле.

Орынсыз ыржаң, жүрісі бұлғаң, есірткі шекті өренім.
Ащыны жұтты, ұрлығын құсты, ерлерім құртты беделін.
Жартасқа айқай салам да, өзімнен бәрін көремін.

Жетімнің күйі, қарттың жоқ сыйы, үйінен алыс ұзады.
Қызда жоқ қылық, айнала былық, көк өрімдерді бұзады.
Қазағы үшін күйінген Абайдың менде сыңары.

Патшасын даттап, әдептен аттап, жамбастап жатып шай ұрттап,
Сөздері бұлдыр, тілдерің сынғыр, жасауда жаңа қойыртпақ.
Зікіріндей бақсының, бұзылды ән де, тап шыным.

Зауыттан ада, дұшпанға таба, қалың ел қайда барады?
Күндері – сауда, олжа боп жауға лақтырғанын алады.
Қойғандар ащы талапты, мекендеп жатыр қамақты.

Иманын айтпай, кәпірден қайтпай, сандалды талай момыным.
Жат оған мешіт, жаспыз ғой десіп, Құдай-ау түзер оны кім?
Болмаған соң иманы, харамнан болды жиғаны.

Айнала соғыс, күнде қантөгіс, пендеден кетті мейірім.
Пұл тапқан қашып, шекара асып, тарылтқан шафхат – пейілін.
Не онда емес, мұнда емес, менің де күнім күн емес.

Сапсиған сақал, санасы тапал, көбейді бүгін дүмшелер.
«Мысырға жүр, — деп, — өтеуге міндет» азғырады тым шебер.
Қаңғымашы, қандасым, азат басың құл болмасын!

Бітпейтін кеңес, өнбейтін егес, заманның осы келбеті.
Күнде той-жиын, ашыды миым, дарақы болдық, әулекі.
Бес дұшпаның көбейіп, болып қалды он жеті.

Батыста-аю, шығыста дию, шатырын тікті қасыма.
Шүршіттен құдаң, қойныңда жылан, сор болды, қазақ, басыңа.
«Өнер, білім бар жұрттар», жеткен жерің осы ма?

Болатын қамқор жан болды жемқор. қашанғы азып-тозамын.
Жүрекке жақын, әй дана, Хәкім! мен саған арыз жазамын.
Талпынып сонау айға алыс, үмітпен қолды созамын.

«Зарлауық неме, жыладың» деме. Ағаттық кетсе, өзіме аз!
Өтпелі кезең тұсына келген жазмышыма етем наз.
Бұлт ішінен жылтырап, ертең-ақ жақсы күн туад.

Кеш соңында ардагер ақындар Абай әндерін әуелете шырқап, Абай ата рухына бас иді…

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ