ТІЛ ТҰТАСТЫҒЫ — ЕЛ БІРЛІГІ

Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт жастары жайлы
Қазақстан сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты ел. Бұл халқымыздың кеңпейілдігі мен толеранттылығының, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлерге деген құрметінің жарқын көрінісі. Бейбітшілік пен келісімді ту еткен елімізде тіл мәселесі де ерекше мәнге ие. Тілдер мерекесі тек тіл байлығын дәріптейтін күн емес, сонымен қатар мәдени әртүрліліктің жарасымын, халықтар арасындағы достық пен сыйластықты көрсететін маңызды мереке.
Соңғы жылдары өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ықыласы мен қызығушылығы артып келе жатқаны қуанышты әрі үміт күттіретін жайт. Қазақ тілін еркін меңгеріп, күнделікті өмірінде қолданатын, тіпті оны өзінің рухани кеңістігінің бір бөлшегіне айналдырған жастар көбейіп келеді. Осы орайда, ана тілі басқа болса да, қазақ тілін өз еркімен үйреніп, күнделікті өмірінде еркін қолданатын, бұл тілді өзінің рухани кеңістігінің бір бөлшегіне айналдырған жастар туралы сөз қозғағымыз келіп отыр.
Олар – қазақ тілін жатсынбағандар. Қайта, оны ұлт пен ұлысты бөлетін шекара емес, біріктіретін алтын көпір ретінде қабылдағандар. Солардың үшеуімен әңгімелесіп, қазақ тіліне деген шынайы сүйіспеншіліктің қандай болатынына көз жеткіздік.
Аделина Варюшкина:
«Қазақ тілі – менің ішкі тілім, жүрегімнің үні»
Аделинаның жүзі жылы. Сөзі анық. Сөйлегенде еріксіз назар саласың. Оның тілі ғана емес, жаны да қазақша сөйлейді.
– Менің әкем – қазақ, анам – орыс. Қазақ тіліне деген жақындығымның басты себебі – оны кішкентайымнан естіп өсуім. Бала кезден бастап айналамдағы адамдардың барлығы маған осы тілде сөйледі. Мен оны шет тіліндей қабылдамадым, қайта туған тілімдей көрдім. Мүмкін сондықтан болар, қазақ тілі мен үшін сырттан келген білім емес, табиғи орта сияқты сезіледі, – дейді Аделина.
Ол қазақ тіліне әдейі отырып, ереже жаттап, сөздікті ашып үйренбеген. Тілмен бірге өскен. Сол себепті қазақша ойлайды, қазақша сезінеді.
– Бұл тіл менің өміріме бағыт берді. Кез келген ортада еркін сөйлеп, өз ойымды жеткізе аламын. Қоғамда өзімді сенімді ұстаймын. Адамдармен тез тіл табысып, ортаға бейімделуіме сеп болды. Тілді білу – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, өмірдің кілті, – дейді ол.
Аделина қазақ тілін үйренгісі келетіндерге көп сөйлеуден қорықпауға кеңес береді. Ол үшін тіл – құрметтің көрсеткіші, мәдениетке бас июдің бір түрі.
– Қате сөйлеуден қорықпаңыз. Тек қана алға ұмтылыңыз. Қайта-қайта сөйлеп көріңіз. Кітап оқыңыз, ән тыңдаңыз. Сөйтіп жүріп-ақ тілді бойыңызға сіңіріп аласыз. Ең бастысы – шынайы ниет болу керек. Өз тілін білмейтін қазақтарды көргенде жүрегім ауырады. Ал мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін – бұл менің мақтанышым, – дейді ару сеніммен.
Салават Михалев:
«Қазақ тілін үйрену – адам болу жолындағы шешуші қадам»
19 жасар Салаваттың түр-тұлғасы өзгеше, бірақ қазақша сөйлегенде нағыз қазақ баласындай әсер қалдырады. Әңгіме барысында байқағанымыз – ол бұл тілді жаттаумен емес, жүрек қалауымен үйренген.
– Мен татар ұлтынанмын. Ата-анам да татар. Бірақ әкем қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Бала кезімнен оның жанында жүріп, қазақ тілін жиі естіп өстім. Әкемді үлгі тұттым. Оның қазақша сөйлегені маған ерекше әсер ететін. «Мен де осылай сөйлей алсам ғой» деген арман санамда ерте пайда болды. Сол арман дәл осы жолға жетеледі, – дейді ол.
Салават үшін тілді үйрену жолы оңай болмаған сыңайлы. Әсіресе грамматика, сөздердің құрылымы, сөйлемдегі орын тәртібі – бәрі де бастапқыда өзгеше, күрделі көрінген. Бірақ ол әкесін үлгі тұтқасын, Қазақстан атты мемлекетте тұрғаннан соң қазақ тілін білгісі келген және үйрену жолында ешқашан берілмеген. Ұстаздарының көмегімен, өз-өзіне деген сенімімен, қажырлы еңбегінің арқасында ол өзге тілді 2-3 жыл ішінде еркін меңгеріп шыққан.
– Қазір мен қазақ тілінде кез келген ресми құжатты толтыра аламын, басқа адамдарға да көмектесемін. Жұмыста да, күнделікті өмірде де осы тілдің үлкен пайдасын көріп жүрмін. Қазақ тілін үйренгеннен кейін менің өмірім жаңа деңгейге көтерілді десем болады. Себебі мен тек тілді емес, сол тіл арқылы қоғамды, адамдарды, олардың жан дүниесін түсінуді үйрендім, – дейді Салават шынайылықпен.
Ол қазақ тілін үйрену тек білім алумен шектелмейтін, жаңа мүмкіндіктерге, терең түсінікке апаратын жол деп біледі.
– Қазақ тілін білмей тұрып бұл елде толыққанды өмір сүру мүмкін емес. Мемлекеттік тілді меңгеру азаматтық борыш, мәдениеттілік пен парасаттылықтың белгісі. Ал тілді үйренгісі келетіндерге айтарым – мақсаттарыңыздан айнымаңыздар. Тіл меңгеру адамды биіктетеді, – дейді ол.
Ахмад Кукиев:
«Тілді білсең – халықты түсінесің»
Ахмад – шешен ұлтының өкілі. Ата-анасы қазақ тілін білмейді. Анасы тіпті мүлде түсінбейді. Бірақ 11 жыл мектепті, 4 жыл университетті орыс тілінде оқып жүрген Ахмад қазақ тілін еркін меңгерген. Оның тілді қалай үйренгенін сұрағанда, «балалық ерекше қызығушылықпен» деген жауапты естисіз.
– Туып өскен ауылымда қазақ достарыммен көп араластым. 6-7 сынып аралығында олардың арасында жүргенде бұл тілді түсінуге, сөйлесуге тырыстым. Күнделікті әңгімелесу тіл үйренгендегі менің ең үлкен мектебім болды. Жай ғана тыңдап, шала қазақ тілін араластырып жүріп, өзім де байқамай, тілді меңгеріп кеттім. Бір күні қазақ тілінде еркін сөйлеп тұрған уақытта бір сәтке ойланып кеттім. Өзге тілде еркін сөйлеу үшін айналадағы адамдардың пайдасы бар екен ғой дегенді айттым ішімнен, – деп еске алады Ахмад.
Алғашқыда ол да қиналған. Кей сөздердің айтылуын шатастырған, сөйлемдерді құрай алмай қалған кездері көп болғанымен бөлісті. Бірақ достарының қолдауы мен өз ниетінің беріктігі барлық қиындықты жеңіп шығуына көмектескен.
– Қазақ тілін білген соң менің өмірім мүлде өзгерді. Жұмыста да, күнделікті қарым-қатынаста да жеңілдік пайда болды. Адамдар да сенім арта бастады. Себебі қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне көзқарас та өзгеше болады. Бұл тіл менің жүрегімді ашты, маған осы халықты жақынырақ түсінуге мүмкіндік берді, – дейді ол.
Ахмад қазақ тілін халықтың рухы деп біледі. Оның пікірінше, бұл тіл – ұлттың өткенін, бүгінін және болашағын байланыстыратын қасиетті құндылық.
– Әр қазақ өз тілін білуге міндетті. Тілін білмеген адам – тамырсыз ағаш. Ал тілін меңгеріп, оны құрметтейтін адам – нағыз азамат. Басқа ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп жатқанда, ата тегі қазақ азаматтардың ана тіліне салғырт қарауы – үлкен өкініш. Тілді үйренгісі келетіндерге кеңесім қорықпай сөйлеңіздер. Қанша қателессеңіз де, тоқтамаңыз. Уақыт өте барлығы қалыпқа келеді. Бастысы бойыңызда шынайы ықылас болғаны жеткілікті, – дейді Ахмад.
Тілді жүрекпен сезіну – нағыз патриотизмнің белгісі
Жоғарыда тілдескен өзге ұлт өкілдерінің бәрі де «өмір сүріп жатқан елге деген құрмет – ең алдымен мемлекеттік тілді үйренуден басталады» деген бір пікірге ортақтасады. Бұл жай ғана сөз емес, жүректен шыққан шынайы ниет. Үш жастың тағдыры әртүрлі, өмір жолдары да сан қилы. Бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ құндылық бар. Қазақ тіліне деген риясыз сүйіспеншілік. Үшеуі тілді үйренуді міндет деп емес, мәртебе деп қабылдайды. Қазақ тілін меңгеру арқылы өз рухани кеңістігін кеңейтіп, азаматтық болмысын биіктетіп отыр. Егер алдағы уақытта қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп жатса, бұл елдігіміздің, татулығымыздың айғағы деп білеміз.
Қазіргі жаһандану дәуірінде әрқайсымызға көп тіл білудің маңызы артып келеді. Бірақ қай тілде сөйлесек те, өз ана тілімізге деген құрмет, оны ұмытпай, қолдану аясын кеңейту ұлт ретінде сақталып қалудың басты кепілі. Бұл біздің ата-баба алдындағы борышымыз, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Тілдер мерекесі – тек күнтізбелік дата емес, терең ойланатын сәт. Өз тілін менсінбей, жат тілге жүгіретін кей қазақтар үшін жоғарыдағы үш жас нағыз патриоттықтың үлгісі. Олар ешқандай мәжбүрлеусіз, жүрек қалауымен қазақ тілін таңдады. Сондықтан мемлекеттік тілді білу тек қазақ болудың емес, адам болудың да өлшемі екенін ұмытпайық.
Гүлнұр БАЙМҰХАН