АТЫМ МЕН ТЕГІМ ҚАЙСЫ?

Қазақ қоғамында аты-жөн мәселесі әлі күнге дейін өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Кеңес заманынан қалған «-ов», «-ев», «-ин» сияқты жалғаулар бізді тарихпен байланыстырғанымен, ұлттық болмысымызға толық сәйкес келмейтіні жасырын емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мәселе көтеріліп, заң жүзінде қазақы үлгіге көшу мүмкіндігі берілгенімен, әлі күнге дейін халық арасында түрлі пікір қалыптасқан.
Бір кездері қазақ тілі екінші орынға ысырыла беріп, орыс тілі үстемдік құрғаны белгілі. Сол тұста мектептердің көбі орыс тілінде білім берді, қазақ тіліндегі балабақшалар мен басылымдар санаулы ғана еді. Уақыт өте келе тіл туралы заң қабылданып, біртіндеп қазақ мектептері, газет-журналдар, балабақшалар ашыла бастады. Халық ана тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтарын қайтарып жатты. Бірақ әлі күнге дейін аты-жөніміздегі «-ов», «-ев» жалғауларынан толық арылып үлгермедік. Кейбір азаматтар тегін қазақшалап үлгерсе, көпшілігі сол күйі жүр. Мұның себебі әртүрлі: біреу үшін қағазбастылық көп көрінеді, енді бірі «мәселе емес» деп қарайды. Ал жастар арасында қазақы есімге көшуге ниет жоғары болғанымен, үлкен кісілер көбіне үйреншікті нұсқадан бас тартпайды.
Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Тегімізді қазақшалаған кезде кейде түсініспеушіліктер туындап жатады. Мысалы, «Асқарбай Алмас Дулатұлы» деген есімде адамның аты қайсы екені бірден аңғарыла бермейді. Асқарбай ма, әлде Алмас па? Тағы бір мысал – «Алмас Мерей». Мұндайда адам аты қайсысы 1-шісі ме, әлде 2-шісі ме деген сұрақ туындайды. Оның үстіне Мерей есімі әрі қызға, әрі ұлға қойыла береді. Егер «қызы» немесе «ұлы» деген жалғау тұрса, бәрі айқын болар еді. Ал кей жағдайда әже атынан шыққан тектер де кездесіп, адамдар шатасып жатады.
Жалпы алғанда, әр халықтың өзіне тән есім жалғаулары бар. Орыстарда – «ов», «ев», «ин», украиндарда – «енко», белорустарда – «ич», грузиндерде – «швили», «дзе» деген секілді ұлттық ерекшеліктер сақталған. Ендеше, неге біз өзімізге лайық үлгіні қалыптастырмасқа? Қазақы дәстүрге сай «-ұлы», «-қызы» деген жалғауларымыз бар. Бұл әрі тарихи, әрі түсінікті болар еді.
Осы мәселе бойынша Талдықорған қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Ақмарал Нұрманова нақты түсініктеме берді. Оның айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 194-бабына сәйкес, қазақ ұлтына тән емес «-ов», «-ев», «-ин» секілді жалғаулар алынып тасталып, орнына «-ұлы», «-қызы» қолданылады. Ал адамның тегіне «ұрпағы», «немересі» деген қосымшалар жазуға рұқсат етілмейді.
Тағы бір маңызды жайт – кәмелет жасқа толмаған балалардың аты-жөнін өзгерту үшін он жастан асқан жағдайда олардың келісімі қажет. Ал кәмелет жасқа толғандар үшін ата-ана, туысқандардың келісімі талап етілмейді. Бұл рәсім көп уақыт алмайды: бес жұмыс күні ішінде өзгерістер енгізіледі. Қызмет құны да аса қымбат емес – 1932 теңге. Демек, әр азаматтың қолында мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда өз есімін қазақшалағандар қатары күн санап артып келеді. Дегенмен, қоғамда бұл тақырып төңірегінде пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Бір тарап үшін ол – ұлттық болмыстың айғағы, екіншісі үшін – жай ғана құжаттағы таңба.
Қазақтың есімі – тек әріптердің тізбегі емес, ұлттың тамыры мен тарихының көрінісі. Біз кім екенімізді, қайдан шыққанымызды ең алдымен аты-жөнімізден танимыз. Сондықтан «-ов», «-ев» сияқты жат жұрнақтардан арылу жаңғырудың бір қадамы. Қоғам бұл мәселеге селқос қарамауы керек. Тегімізді қазақшалау арқылы біз болашақ ұрпаққа өзіміздің ұлттық келбетімізді қалдырамыз. Ал шешім қабылдау әр адамның өз еркінде.
ПІКІР
Тәуелсіз ел азаматы ретінде өз аты-жөніңізді қазақша нұсқада жазуға көшу жеке таңдау ма, әлде ұлт алдындағы жауапкершілік пе?
Мәдина: – «Мен үшін бұл ұлт алдындағы жауапкершілік. Аты-жөніміз біздің ұлттық болмысымыздың айнасы. Кеңестік кезеңде бұрмаланған төл тегімізді қалпына келтіру өткенімізді түзетіп, болашағымызды дұрыс бағытта қалыптастырудың бір жолы».
Арман: – «Бұл, ең алдымен, адамның жеке таңдауы болуы керек. Конституция бойынша әр азамат өз есімі мен тегін еркін таңдауға құқылы. Мен өз басым ауыстырған жоқпын онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын».
Тимур: – «Меніңше, бұл мәселеде асығыстық танытудың қажеті жоқ. Кейбір адамдар үшін аты-жөнін өзгертуге асығады, ол меніңше үлкен жұмыс. Әркім өз жағдайына қарап, уақытпен шешетін нәрсе. Бұл жеке таңдау деп білем».
Асылан: – «Меніңше, бұл ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Біз өз тегімізді қазақша жазбасақ, келер ұрпаққа қалай бағыт береміз? Аты-жөнімізді түзетіп, төл болмысымызды қалпына келтіру әр қазақтың азаматтық парызы».
P.S Қазақтың аты-жөні оның паспорты ғана емес, болашаққа қалдырған ізі. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл мәселе жай қағаздағы әріп емес, ұлттық таңдау. Біз кімбіз, қай тілде сөйлейміз, өзімізді қалай таныстырамыз осының бәрі бір сәтте есім мен тегімізден аңғарылады.
Жастар үшін бұл тақырып өзіндік ізденіс, өз тамырын табудың жолы. Қазіргі қоғамда біреулер аты-жөнін қазақшалап, ұлттық мақтаныш сезімін күшейтіп жүрсе, басқалары сол баяғы қалыпта қалуды жөн көреді. Екеуін де түсінуге болады, өйткені бұл – әр адамның жеке таңдауы. Бірақ уақыт өте келе бір ұрпақ екіншісіне қарап бағыт алады. Ертеңгі буын қазақша жазуды қалыпты, табиғи нәрсе ретінде қабылдаса, онда мәселе өздігінен шешіледі.
Қазақ тегін қайтару – біреуді мәжбүрлеу үшін емес, өзімізді тану үшін қажет қадам. Бізді өзгеден дара қылатын да сол ерекшелігіміз. Қағаздағы жалғау ұрпақ алдында қалатын белгі. «Ұлы», «қызы» деген сөздер сол белгіні айқын әрі түсінікті қылады.
Зарина БЫЖЫБЕК