ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ — ӘР АЗАМАТҚА ҚОЛЖЕТІМДІ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты заңнамаға биыл шілдеде өзгерістер енгізілгені туралы бірі білсе, енді басқасы әлі хабардар емес. Басшылықтардың айтуы бойынша, аталған өзгеріс әрбір қазақстандықтың денсаулығын қорғауға бағытталып отыр. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізіліп, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тұрғындарға бірдей мүмкіндіктер ұсынылмақ.
Енді онкоскринингтер мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау қызметтері барлық азаматқа қолжетімді болады. Сонымен қатар, уақытша қиындықтарға тап болған азаматтар үшін сақтандыру мәртебесін сақтау мерзімі ұзартылып отыр. Жаңа заңның негізгі мақсаты – медициналық көмектің сапасын арттырып, халықты МӘМС жүйесімен кеңінен қамту дегенді де айтуда көпшілік тарап. Осы тақырып аясында біз Жетісу облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы директорының орынбасары Арыстанбек ӨТЕҒҰЛОВПЕН әңгімелескен едік. Жаңа заңға енгізілген өзгерістер жайлы кеңінен сұрақтар қойып, тұшымды жауап та алдық.
Жетісу облысында бүгінгі таңда 538 мың адам (82,2%) сақтандырылған, оның ішінде 390 мыңнан астамы (73%) халықтың жеңілдетілген санаттарына жатады, олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Бұл мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.
АЛАТАУ: МӘМС туралы 14 шілдеде президент өзгертулер енгізген жаңа заңға байланысты тұрғындар нені білуі керек және осы өзгерістер азаматтардың сақтандыру жүйесіне қатысуына қалай әсер етеді?
Жауап: Иә, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі бірқатар негізгі жаңалықтарды көздейтін заң қабылданды. Үздік халықаралық практикалар-ға сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің әрбір тұрғыны үшін денсаулық сақтаудағы базалық кепілдіктерді іске асыруға және медициналық көмекті қаржыландырудың ұзақ мерзімді тұрақтылығына бағытталған бірқатар өзгерістер енгізді. Негізгі өзгерістерге тоқталар болсақ:
Бірінші. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталады. Біздің басты мақсат – бұл әлеуметтік мәртебеге қарамастан халықты МӘМС-пен барынша қамту. Бірыңғай пакет әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау бойынша кепілдіктерді кеңейтеді. Мысалы, онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтарға қолжетімді болады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде онкоскринингтердің жалпыға бірдей қолжетімділігі обырды ерте сатысында уақтылы тиімді диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде диагностика тек туберкулез және АИТВ инфекциясы бойынша, қалған әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау МӘМС шеңберінде жүргізілетінін атап өту маңызды.
Екінші өзгеріс: еліміздегі 850 мың теңгеден астам табысы бар жалдамалы қызметкерлердің 9%-ына ғана әсер етеді. Осылайша, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру ұсынылады.
Енді жұмыс берушілер жарналарды 40 ЕТЖ-дан аспайтын сомадан, ал қызметкерлер — 20 ЕТЖ-ға дейінгі сомадан аударатын болады.
Қызметкерлер үшін — 1,7 млн теңге және ең жоғары аударымдар айына 34 мың теңгені құрайды. Жұмыс берушілер үшін — 3,4 млн теңге және ең жоғары аударымдар айына 102 мың теңгені құрайды.
Яғни, әділеттілік қағидасына сәйкес кім көп табыс тапса, сол МӘМС жарналарын көбірек аударады.
Бұл шешім бір уақытта бизнес пен азаматтарға жүктемені азайтуға, сақтандыру моделінің тұрақтылығы мен қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
АЛАТАУ: Өзгерген заң бойынша медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы қалай жақсарады? Азаматтар нақты қандай артықшылықтарға ие болады?
Жауап: Заңға енгізілген жаңа өзгерістер әлеуметтік санаты мен табысына қарамастан барлық тұрғындарға медициналық қызметті барынша қолжетімді етуге бағытталған. Атап айтатын болсақ, қабылданған заң шеңберінде 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар 1 миллионға жуық қазақстандықты қосымша қамтитын болады. Бұл табысы төмен ҚР азаматтарының тағы 5%-ы МӘМС есебінен жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын білдіреді.
МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған 115 мыңнан астам адам бар, оның ішінде 80 мыңнан астам жағдайы жақсы және қанағаттанарлық өмір сүру деңгейі бар азаматтар, ал 35 мыңнан астамы — әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейлеріне жататын азаматтар. Халықтың осы санаттары үшін жарналар осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады.
Одан бөлек, енді уақытша қиындықтар туындаған жағдайда МӘМС мәртебесін 6 ай бойы сақтауға болады.
Халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сақтандырылғандар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында заң жобасы жеңілдікті кезеңді ұзарту жөніндегі жаңа норманы көздейді.
Енді бес жылдың ішінде өз бетінше және үзіліссіз жарна төлейтін азаматтар уақытша төлемдер болмаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.
Бұрын бұл мерзім небәрі үш ай болатын. Бұл әділ және маңызды шешім — жүйеге тұрақты қатысатын және уақытша қиындықтарға тап болғандарды қолдайды.
Әрбір адамға медициналық көмекке жүгінер алдында міндетті түрде өзінің сақтандыру мәртебесін тесеруге кеңес береміз. Оны үйден шықпай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, msqory.kz ресми сайты, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot, 1414 байланыс орталығы, Damumed мобильді қосымшасы, банктердің мобильді қосымшалары – Kaspi.kz, Halyk, Bcc.kz және egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде жылдам тексере алады.
АЛАТАУ: Сақтандырылмаған азамат-тардың жағдайы не болады? Олар қандай қызметтерді тегін ала алады немесе шектеледі ме?
Жауап: МӘМС жүйесінен бөлек еліміздің әрбір азаматы сақтандыру статусына қарамастан тегін медициналық көмектік кепілдік көлеміне құқылы. Бұл дегеніміз адам өміріне қауіп төніп тұрған жағдайларда ешкім медициналық көмектен тыс қалмайды деген сөз. Сақтандырылмаған адамдар емханаларға алғашқы жүгіну, жедел медициналық көмек, вакцинациялау және ерте диагностикаға онкоскринингтер, әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда диагностика, өмірге қауіп төндіретін жағдайларда пациенттерге шұғыл медициналық көмек, диагностика, емдеу, алдын алу, әлеуметтік мәні бар сырқаттар кезінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инфекциялық аурулар кезіндегі медициналық көмек, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек және ауыр пациенттерге ұзақ мерзімді күтім қолжетімді.
Осы орайда, шұғыл сырқатпен емханаға жүгінген кезде көрсетілетін медициналық көмек шектелмейтінін атап өткім келеді. Денсаулықты бір қалыпқа түсіру үшін барлық қажетті ем тегін жүргізіледі. Ал одан кейін қосымша жоспарлы медицианлық көмек қажет болған жағдайда міндетті түрде азаматтың МӘМС жүйесіндегі мәртебесі қажет болады.
АЛАТАУ: Жетісу облысында осы заңды жүзеге асыру үшін қандай нақты қадамдар жасалып жатыр? Ауылдық жерлер мен шалғай елді мекен тұрғындары қалай қамтылады?
Жауап: МӘМС туралы заңға енгізілген өзегрістерді және жалпы МӘМС жүйесінің артықшылықтарын халыққа барынша түсіндіру, жүйе қатысушыларымен кері байланыс орнату мақсатында бірыңғай коммуникациялық жос-пар аясында Жетісу облысында Қор филиалы, денсаулық сақтау басқармасы, үкіметтік емес ұйымдар, өңірдің медициналық қауымдастық өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстары басталды, өзгерістерді талқылау бойынша дөңгелек үстелдер, еңбек ұжымдарымен, халықпен, медицина және бизнес қауымдастығымен кездесулер ұйымдастырылады. Одан бөлек, әр емхана өзіне тіркелген халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралармен облыстың барлық аудан-қалаларының тұрғындарын толықтай қамту жоспарда бар. Біздің басты мақсатымыз халыққа міндеттері мен құқықтарын түсіндіріп, МӘМС жүйесі туралы хабардарлығын арттыру.
АЛАТАУ: Халық өздерінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін қалай тексеріп, қажет жағдайда қайда жүгінуі керек?
Жауап: Емханада қызмет алу кезінде қиындықтарға тап болған жағдайда пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге болады. Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі біздің облыстағы барлық медициналық ұйымдарда жұмыс істейді және медициналық көмек алу кезінде туындайтын даулы мәселелер мен проблемаларды шешуге бағытталған. Көбінесе бұл қызметтің кабинеттері медициналық ұйымдардың 1-қабатында қолжетімді жерде орналасқан. Егер сіз медициналық көмек алу кезінде қиындықтарға тап болсаңыз, осы қызметке жүгінуіңіз қажет.
Пациенттерді қолдау қызметіне қандай жағдайларда жүгінуге болады: егер сізден шұғыл медициналық көмек алу немесе учаскелік дәрігерге бару үшін сақтандырылған мәртебе талап етілсе, учаскелік дәрігердің болмауына байланысты сізді қабылдаудан бас тартса, белгілі бір емханаға тіркелген болсаңыз да, учаскелік дәрігер/медбике немесе фельдшер үйге шақыртуға келмесе, бейінді маманның қабылдауына жазыла алмасаңыз, себебі ол маман жоқ немесе бір айға дейінгі жазылу толық болса, денсаулық жағдайыңызға байланысты тиісті диагностикалық немесе зертханалық қызметтерге жолдама берілмесе, ақылы тексеріске жіберсе немесе 10 жұмыс күнінен артық күту ұсынылса, сізге жүргізілген тексерудің нәтижелерімен таныстырмаса, көрсетілген медициналық көмектің сапасына көңіліңіз толмаса, қойылған диагноздың немесе тағайындалған емнің дұрыстығына күмәндансаңыз, қабылдау кезінде дәрігер дөрекілік танытса немесе өзін әдепсіз ұстаған болса, медициналық жазбаларыңызда қате деректер немесе жалған ақпарат анықталса, жалпы медициналық персоналдың немесе медициналық ұйымның жұмысына көңіліңіз толмаса.
Мәселеңіз Пациенттерді қолдау қызметі арқылы шешілмесе, әрқашан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келесі байланыс арналары арқылы жүгіне аласыз: — ресми сайт: https://msqory.kz — бірыңғай байланыс орталығы: 1414 — мобильдік қосымшалар: Qoldau 24/7 және Telegram-дағы SaqtandyryBot немесе Жетісу облысы бойынша Қордың филиалына 8 7282 55-90-06, 55-90-07, 55-90-08 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
АЛАТАУ: Денсаулық сақтау жүйесін жақсарту барысында МӘМС нақты қандай қызметтерді ұсынады?
Жауап: Ең алдымен, МӘМС жүйесі жинақтаушы емес, аударымдар мен жарналар дербес шотта сақталмайтынын ескеру маңызды. Азаматтардың барлық төлемдері Ұлттық банкте арнайы шотқа түседі. Бұл ретте үнемі жарна салатын әрбір адам қажетті уақытта, қажетті медициналық көмекті толық көлемде алады. Яғни, әрбір сақтандырылған азамат жарналарының мөлшеріне қарамастан, медициналық қызметтерді толық көлемде уақтылы алуға құқылы. Бүгін медициналық көмекке мұқтаж болмаған адам, сырқаттанып тұрған басқа адам үшін төлейді. Бұл өзара көмек принципі.
Ағымдағы жылдың 6 айында өңір тұрғындары МӘМС жүйесінде жалпы сомасы 18,8 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсетілген.
МӘМС арқылы күн сайын жоғары технологиялық операциялар жүргізіледі, олардың әрқайсысының құны бірнеше миллион теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың алты айында 1,3 млрд теңгеге 272 жоғары технологиялық ота жасалды. Мысалы, тек облыстық кардиологиялық орталықта 2025 жылдың 6 айында жалпы құны 954 млн. теңгеге 169 ота жасалды. Бір отаның құны 3 млн. теңгеден 19 млн. теңгеге дейін жетеді.
Медициналық оңалту қызметтеріне деген сұраныс та артып келеді – 6 ай ішінде бұл бағытқа 826 млн. теңге жұмсалды.
Қор өз тарапынан қаржыландыруды басым бағыттарға бағыттау арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, ол медициналық көмектің сапасына жанама түрде әсер ете алады – аналитикалық мәліметтер мен ұсынымдар беру арқылы, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудегі кемшіліктерді анықтау арқылы.
Көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға жүйедегі жеткізушілер санының өсуі мен олардың арасындағы бәсекелестік те әсер етеді. Бүгінгі таңда біздің өңір бойынша 59 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалған, оның ішінде 28-і немесе 47%-ы – мемлекеттік, ал 31-і немесе 53%-ы – жеке медициналық ұйымдар. Яғни, жеке бизнестің қатысуы арқылы сервис жақсарып жатыр, бұл өз кезегінде мемлекеттік медициналық ұйымдарды да өзгерістерге итермелейді, медицина саласындағы қызмет көрсетуге қойылатын талаптар артады.
Қазір МӘМС жүйесі күшейіп келеді және кезең-кезеңімен жаңа деңгейге өтеді, бұл әрбір қазақстандыққа оның маңызын түсінуге және оны денсаулыққа жұмсалатын қаржылық шығындардан қорғаныс кепілдігі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Сақтандырылған азаматтарға медициналық қызметтің келесі түрлері қол жетімді: — онкологиялық аурулардың алдын алу, диагностикалау, ерте анықтау; — ультрадыбыстық диагностиканың қымбат әдістері КТ МРТ; — жоғары технологияларды қолдана отырып, жүрекке, буындарға және т. б. операциялар; — кардиолог, эндокринолог, невропатолог, аллерголог және басқа бейінді мамандардың қабылдауы мен консультациялары. — тәулік бойы, күндізгі стационарда және үйде жоспарлы медициналық көмек — медициналық оңалту және тағы басқалар.
АЛАТАУ: Арыстанбек ӘБІЛСЕЙІТҰЛЫ сұрақтарымызға толыққанды жауап бергеніңізге алғыс айтамыз.
Гүлнұр БАЙМҰХАН