ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ШАРАЛАР

Талдықорғанда Қала күні дәстүрлі түрде жыл сайын қыркүйек айында аталып өтеді. Биыл мерекелік іс-шаралар 9 қыркүйекте басталып, 28 қыркүйекке дейін, яғни бір ай бойы жалғасады.
Атап айтқанда, 10 қыркүйек «Жастар-3» шағынауданында табиғи газ іске қосылса, 11-і апатты үй тұрғындарына жаңа пәтер кілттері табысталды. 12 қыркүйекте «Құлагер» шағын ауданында заманауи саябақ ашылады, ал 24-і Өтенай ауылында жаңа амбулатория жұмысын бастайды. Әмбебап базардың ашылуы – 26 қыркүйек.
Сондай-ақ мереке аясында, 13 қыркүйекте «Miss Taldykorgan 2025» сұлулық байқауының финалы, келесі күні жасөспірімдер, бозбалалар мен қыздар арасындағы ШинКиокушинкай каратэ турнирі ұйымдастырылады. Қала күніне арналған достық футбол матчы және «Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясындағы жалпықалалық сенбілік 20-21-і күндері өтеді.
Басты мерекелік іс-шара 27-сі «Жастар» саябағында өткізіледі. Саябақтың басты сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздары Нұрболат Абдуллин (Nurbullin), Bidash, OCHOOOU және ADEMI өнер көрсетеді. Мереке отшашумен аяқталады. Мерекенің соңғы нүктесі – 28 қыркүйекте «Талдықорған» ипподромында өтетін қала әкімінің кубогына арналған үлкен бәйгемен тәмамдалады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ