ЕЛІМІЗДЕ ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ АЛАТЫНДАР САНЫ ҚАНША?

Қазақстанда 780 мың адам ең төменгі жалақы – 85 мың теңге алып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Министрдің сөзінше, ірі кәсіпорындардың бір бөлігі салықтан жалтару үшін жалақыны «конвертпен» береді. Ресми статистика бойынша, 329 мың қазақстандықтың табысы тіпті 85 мың теңгеден де төмен. Жүргізілген талдауға сәйкес 780 мың азамат 85 мың теңге айлық алып отырғандар ішінде ең төменгі жалақыны ауыл шаруашылығы саласында, балық, орман шаруашылықтары мен мәдениет, білім және коммуналдық шаруашылықтар саласындағы адамдар алып отыр. Бұған дейінгі кейбір деректерде 85 мың теңге алатындардың саны 170 мың — деп те айтылған болатын. Жалпы алғанда, ең төменгі жалақыны алушылар саны Жетісу және Түркістан облыстарында көп екен.
Ал депутат Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше, бұл көрсеткіш 1 млн. 800мың адамды құрайды, яғни бізде осыншама адам ең төменгі жалақы алады деп түсінуіміз керек. Бұл сандар қайдан алынды? 780 мың, 329 мың, 170 мың және 1 млн. 800 мың адам 85 мың теңге және одан да төмен жалақы алады деген сөздер қайдан алынғаны айтылмайды.
Дегенмен, «Жас алаштың» биылғы жылдың 4 қыркүйектегі санындағы «ЕТЖ Сүлейменов үшін статистика, халық үшін күнкөріс көзі» деген авторы Қарлығаш Зарыққанқызының мақаласына сүйенсек, 2023 жылы Президент Жолдауында үкіметтің ең төменгі жалақыны біртіндеп өсіре беретінін, 2024 жылы ЕТЖ 85 мың теңге болатынын, бұл шараның 1 млн. 800 мың адамға, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға көмектесетінін айтқан. Осылайша, ең төмен еңбекақы алатындар саны 2025 жылы 2 млн-ға таяп қалған сыңайлы.
Жасыратыны жоқ, депутат Ермұрат Бапи «ел арасында аш отырған халықты көрмедім» десе де, ел арасында ең төмен жалақы алатындар ішінде табысы күнкөріске жетпейтін ЕТЖ-ға наразылар бар. Қазақтың көбі ауылда тұратынын ескерсек, шайлығына жетпейтін жалақымен ел қанша қиын болса да, әйтеуір өз күнін өзі көріп жатыр. Ашығын айтқанда халық аш емес, бірақ ең төменгі жалақы аз екені ашық.
Енді, сол 85 мың теңге жалақы алатын адамның өмір сүру деңгейін сөз етсек. Мына қазіргі қымбатшылықтың түрі мынау. Өсіп жатқан коммуналдық тарифтер анау — су, газ, жылу… телефон, киім-кешек, тұрмыстық заттар… Қымбаттамаған дүние жоқ. Бәрі қымбаттады. Өзімізде өсіп-өндіріп жатқан азық-түлігіміздің түрі де қымбат, сырттан әкелінген өнім де қымбат.
Басқаны айтпағанда, сонау қыс аяғы көктем сала алманың сырттан әкелінген бағасы 500-600, тіпті 1000 теңгеге дейін жетсе, жаз бойы сол баға өзгермей тұрды. Жүзім де сол, наурыз айында 900-1000 теңге еді, әлі солай. Жергілікті өнім де қымбат болып тұр. Неге? Айран-сүтің, майың мен шайың, наның мен қантың… айтып тізе берсең – қымбаттамаған нәрсе жоқ …
Жергіліктті өнім сырттан келген өнім бағасын өзгерте алмады, неге? Жергілікті өнім сапасыз ба сонда, әлде сапасы жағынан бәсекелестікке татымай тұр ма? Нарық билеп тұрған кезде бағаны ырықтандыруға да, тұрақтандыруға да болмайтын сияқты. Ырықтандырғанымыз сол — бағаны нарыққа еркін жібердік. Тұрақтандырғанымыз сол — бәрін қымбаттаттық, негізгі 19 әлеуметтік азық-түліктен басқасын. Бірақ олар да қымбаттады… нанға дейін.
Сондықтан тұрақтандыру тетіктерін бағаны түсіру үшін қайта қарау керек деп ойлаймын. Өйткені, төменгі жалақының 70 пайызы азық- түлікке кетеді екен. Қазақтың тұрмысында отбасы шағын еместігі белгілі. Балалы-шағалы дегендей. Ал кірісі 150-160 мыңға жетпейтін әке-шешенің айлығы шайлығынан артылмайды. Олай болса, мұндай жалақыға өмір сүру өте қиын деген сөз. Үнем жасап, беліңді бу — деген еді ана жылы Нұрсұлтан ағамыз. Қысқасы, былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң — өгіз өледі. Қымбатшылық беліңді емес, мойныңды қылқындыра бастағандай…
Ал үкіметтің айтатыны — масылдар көбейіп бара жатыр дейді.Ең төменгі жалақыны азсынсаң — біліктілігіңді көтеріп, жалақысы жоғары жұмысқа тұр дейді. Жақсы, көтердік біліктілігімізді, ауыстырдық жұмысымызды. Ал еден жуып, кеңсе сыпыратын адам болмай ма сонда? Осындай төмендегі қызметшілерді жоққа шығарайық па сонда? Вице-министр Жұманғарин мен министр Жақыпова ең төменгі жалақы 2027 жылға дейін көтерілмейді дейді. Жұманғарин жалақыны көтерсек инфляция көтеріліп кетеді — деп сараптайды. Ал қазір инфляция жоқ па сонда? Қымбатшылық салдарынан, салықты өсіру салдарынан өсіп жатқан жоқ па инфляция?
Енді ең төменгі жалақыны кімдер алады дегенге келсек, көбіне Қазақстанда еден жуушы, электрик, аула сыпырушының жалақысы және бюджеттен жалақы алатын кіші техникалық мамандықтағы қызметкерлер. Жалпы ең төменгі жалақы мөлшеріне келгенде біздің 85 мың теңгеміз Халықаралық Еңбек Ұйымының көрсеткіші бойынша ең төмен жалақы алатын Африка мен Азия елдерінің ішінде 128 доллар алатын 77 орында екенбіз (Жас алаш, 4 қыркүйек 2025 жыл, №69). Бізден кейін Кения,одан кейін Непал сияқты елдер.
Тағы бір деректерге сүйенсек, депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша еліміздегі еңбекке қабілетті адамдардың небәрі 5,5 млн. тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал Үкіметтің деректері бойынша қазір біздің орташа жалақымыз 400 мың теңгеден асады екен. Сонымен қатар 3 млн. адам елімізде 200 мың теңге жалақы алады деген дерек бар. 1млн. 800 мың адам төмен жалақы алады. Төмен жалақы алатындардың 1 млн. 200 мыңы ауыл тұрғындары екен. Сонда 400 мың теңге жалақыны кімдер алады? — деп, депутат орынды мәселе көтеріп отыр. Орташа жалақыны есептеу әдісі тым қарабайыр арифметикадан тұрады. Министрдің тағам корзинасы мен 85 мың алатын адамның тағам корзинасын салыстырып көріңізші…
Бізде үкімет қазір жалақыны Ринат Зайытов айтқандай 300 мың теңгеге емес, орташа жалақыны 400 мың теңгеден асырып көтеріп айтып, көңілдерін демдеп, өз есептеріне риза болып отыр. Ал қымбатшылықтың халықты қысып жатқаны мынау.
Соңғы күндерде депутаттар бюджеттік ұйымдардағы техникалық қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесін көтерді. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында еден жуушы, сантехник, электрик, аула сыпырушы сияқты қызметшілердің еңбегін бағалау жүйесін жетілдіру қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байқауымызша, депутаттар төменгі жалақыны көтеруді қолға алған сыңайлы. Соған қарағанда 2027 жылға дейін қымбатшылық халықтың кеңірдегінен алып тұрғанда ЕТЖ-ны көтеруді екі жылға созбай, осы мәселеге белсендірек атсалысып, ел үміті ақталса болар еді. Өйткені біздің үкіметіміз бен халық өзеннің екі жағасында тұрғандаймыз. Олардың жалақысы миллиондаған теңге, ЕТЖ-мыздың мөлшері өздеріңіз көргендей…
Баян ТАҢАТАРОВА