Аналар жүрегі — сарбаздарға қолдау

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының «Достық» шекара бөліміне қарасты шекара бөлімшелерінде ерекше іс-шара өтті. «Аналар жүрегі» және «Сарбаздар аналары кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Марфуға Бармашикова арнайы келіп, сарбаздардың күнделікті қызметтік өмірімен танысты.
Кездесу барысында ол бөлімшенің асханасын, үй-жайларын, тұрмыс жағдайын аралап көріп, сарбаздардың тағам сапасы мен тұрмыстық қажеттіліктерінің қамтамасыз етілуіне назар аударды. Сонымен қатар жеке құраммен ашық әңгіме жүргізіп, олардың ой-пікірлерін тыңдап, рухани қолдау көрсетті.
Бұл іс-шара сарбаздар үшін ерекше демеу болды. Аналардың жүрекжарды лебізі мен қамқор сөзі жас шекарашыларға күш-қуат беріп, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге жігерлендірді.
«Аналар жүрегі — сарбаздарға тірек, сарбаздар — ел қорғаны» деген ұстаныммен өткен бұл кездесу әскери қызметтің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, аналардың мейірімі мен қамқорлығы әрқашан сарбаздардың жанында екенін дәлелдеді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті