САТИРА САРДАРЫ — ТЕМІРБЕК ҚОЖЕКЕЕВТІҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ

0
41

Жетісу университетінде қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, сатира сардары Темірбек Қожекеевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Қожакеев әлемі» атты республикалық байқау мен тағылымды рухани-танымдық іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Бұл тағылымды басқосу ұлттың сыншыл ойы мен парасат биігін танытқан қаламгердің бай мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіруді мақсат етті. Темірбек Қожекеевтің шығармашылық әлемін, ғылыми еңбектерін, азаматтық болмысын кеңінен насихаттау, жастардың ұлттық рухын күшейтіп, әділ сын мен ой мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Өткір қаламымен қоғам дертіне шынайы бағдар берген сатириктің тұлғасы бұл күні рухани кеңістікте қайта жаңғырып, жаңа қырынан танылды.
Іс-шараның ашылу салтанатында алғашқы сөз Басқарма мүшесі, цифрландыру және стратегиялық даму жөніндегі проректор Жұмағұлов Тимур Байжұманұлына берілді. Ол Темірбек Қожекеевтің қазақ руханиятындағы айрықша орнын атап өтіп, оның темірдей тәртіп пен әділ сынға негізделген мінезі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін айтты. Қаламгердің шындықты ту еткен қайсар болмысы мен ұлт алдындағы адалдығы ерекше ықыласпен сөз болды.
Шараға Zoom платформасы арқылы онлайн форматта да көрермендер қатысып, рухани кештің аясын кеңейте түсті. Онлайн байланыс арқылы сөз алған қоғам қайраткері, қаламгер, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Темірбек Қожекеевті кезінде ел ішінде «Темір ректор» деп атағанын еске алып, оның тек сатирик қана емес, білім мен ғылымды жүйелі басқарған ірі қайраткер болғанын атап өтті. Ал қаламгердің ұлы Мәдет Қожекеев әке мұрасының тағылымы мен өмірлік ұстанымдары туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Жетісу облыстық «Жетісу» газетінің редакторының орынбасары Ришат Тұрғанбаев мазмұнды баяндама жасап, Темірбек Қожекеевтің шығармашылық жолына, сатира жанрындағы жаңашылдығына және қазақ журналистикасындағы орнына жан-жақты талдау жүргізді. Сондай-ақ, іс-шара барысында оқытушылар мен ғалымдар қаламгердің ғылыми мұрасы, ұстаздық болмысы, азаматтық ұстанымы жайлы ой өрбітіп, оның еңбектері бүгінгі білім беру мен рухани тәрбиеде маңызын жоймағанын атап өтті.
Танымды, берері мол әңгімеден кейін «Қожакеев әлемі» республикалық байқауының қорытындысы жарияланды. Байқауға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті (UIB), Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Шәкәрім университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білім алушылары қатысып, 40-тан аса ғылыми және шығармашылық жұмыс ұсынылды.
Байқау нәтижесінде «Ең үздік ғылыми жоба» аталымы бойынша I-орын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Мадина Мәдіге бұйырса, «Ең үздік баспасөз материалы» бойынша I-орын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білімгері Мерей Амангелдіге табысталды. «Ең үздік видео материалы» номинациясын Жетісу университетінің 3-курс студенті Айбек Бейсенбек иеленді. Жеңімпаздар арнайы бағалы сыйлықтар мен дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар, жүлдегер студенттер мен олардың ғылыми жетекшілерінің еңбегі ерекше аталып, зор құрмет көрсетілді. Оның ішінде Қожакеев мұрасын ұлықтап, мазмұны терең, деңгейі жоғары байқау ұйымдастырған Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне және Журналистика кафедрасының меңгерушісі Каримова Бибігүл Жұмашқызына алғыс білдірілді.
Шара соңында республикалық байқауға қатысқан білімгерлерді Гуманитарлық факультет деканы Желдібаева Райгүл Серікқызы марапаттап, жастардың шығармашылық белсенділігі мен рухани ізденісіне жоғары баға берді. Іс-шараның қорытынды сөзін сөйлеп, мұндай рухани-танымдық жиындардың жастар дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор екенін де атап өтті.
«Қожакеев әлемі» байқауы – көрнекті сатириктің шығармашылық мұрасын жас буын санасына сіңіріп, өткен мен бүгінді жалғаған, алтын көпір болған тағылымды, мәдени, берері мол басқосу болды.

Дария ТАСҚЫНҚЫЗЫ,
ЖУ студенті