ОРАЗА КІМДЕРГЕ ПАРЫЗ?

0
25

Уақыт зымырап өтіп, 2026 жылдың қасиетті айларының бірі – Рамазан айы да келіп жетті. Биыл мұсылман қауымы үшін аса маңызды бұл айдың басталуы 19 ақпан күніне бекітілді. Рамазан – тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, адамның рухани жаңғыруына, өзін-өзі тәрбиелеуіне, жүрек тазалығына бастайтын ерекше кезең.

Ораза – Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Оның мәні – адамның нәпсісін тізгіндеп, сабыр мен төзімділікке үйренуі, Алла Тағалаға жақындай түсуі. Рамазан айында мұсылман баласы өзіне есеп беріп, өткен өміріне көз жүгіртеді. Сонымен қатар, аштықтың не екенін сезіну арқылы жағдайы төмен, мұқтаж жандардың халін түсініп, оларға көмек қолын созуға ынталанады. Осы тұрғыдан алғанда, ораза – қоғамдағы бірлік пен бауырмалдықты нығайтатын үлкен рухани құндылық.
Дегенмен, қоғамда оразаға қатысты түрлі пікірлер айтылып жатады. Әсіресе, үлкен кісілер тарапынан жастарға: «Сен әлі баласың, біз сендердің жастарыңда ораза ұстамағанбыз. Ораза – қарттарға парыз, сендерде әлі күнә жоқ» деп айтқан сөздерін жиі естіп жатамыз. Бұл пікірдің қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін анықтау мақсатында Жетісу облысының орталық «Иман» мешітінің имамы Ернар Дәлелханұлымен шағын сұхбат жүргіздік.
Имам әңгіме барысында Ислам дінінің негіздеріне тоқталып, оразаның орны ерекше екенін атап өтті:
«Сіз бен біз отырған үстелді төрт жағынан төрт тірек ұстап тұрғандай, ислам дінінде де бес тірегіміз бар. Біріншісі – мұсылман болып, кәлиманы айту, екіншісі – бес уақыт намаз, үшіншісі – ораза. Періштелердің санына шек жоқ деп айтылады ғой. Сол шексіз періштелер ауыз бекіткен адамның сауабын жазып тауыса алмайды екен. Оразаның сауабын ақырет күні тек Алла Тағала ғана есептейді.
Бір хадисте: «Адам баласының әрбір амалына еселеніп сауап беріледі… Алла Тағала: «Ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін. Өйткені пенде Мен үшін нәпсісінен және ас-судан бас тартты» (Бухари, Муслим), – деп оразаның сауабының өзгеше екені айтылған», – дейді имам.
Оразаның парыз етілу шарттарына да кеңінен тоқталған Ернар Дәлелханұлы былай дейді:
«Ауыз бекітудің парыз етілген түрі – осы Рамазан айының оразасы. Созылмалы ауруы бар, ақыл-есі кем азаматтар оразадан босатылады. Алайда қарттықтың өзі ораза ұстамауға себеп бола алмайды. Егер денсаулығы көтерсе, егде тартқан жандардың да ораза ұстағаны абзал. Ең басты шарт – балиғатқа толу».
Имамның айтуынша, балиғат жасының өзі табиғи және климаттық ерекшеліктерге байланысты әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Суық аймақтарда адамның физиологиялық жетілуі кешірек жүрсе, жылы әрі ыстық өңірлерде бұл үдеріс ертерек жүзеге асады. Осыған байланысты ер балаларда балиғат жасы шамамен 12–15 жас аралығында болса, қыз балаларда 2–3 жыл ерте келеді.
Қазіргі таңда ораза кезінде медицинаға қатысты сұрақтар да жиі қойылады. Соның ішінде ине, система алу оразаны бұза ма деген сауал көпшілікті алаңдатады. Бұл жөнінде имам:
«Ораза уақытында ауруды басатын ине немесе система салдыру оразаны бұзбайды. Ал күш беретін глюкоза, витаминдер қабылданса, ораза бұзылады. Егер адам байқамай оразасын бұзса, оны қарыз күн ретінде кез келген бір күні өтеуге болады. Ал әдейі бұзған жағдайда бір күнге қоса 60 күн қарыз ораза ұстау міндеттеледі», – деп түсіндірді.
Имамның ресми жауабынан аңғарғанымыз – ораза ұстауда жасқа байланысты нақты шектеу жоқ, бастысы – балиғатқа толу және денсаулықтың жарамдылығы. Рамазан айы басталған кезде қала мен аудан мешіттерінде күнделікті ауызашарлар ұйымдастырылып, білікті имамдар тарапынан уағыз-насихаттар айтылады. «Ауыз бекіткен барша жандарға мешіттеріміздің есігі әрдайым ашық», – деп сөзін түйіндеді Ернар Дәлелханұлы.

Гүлнұр БАЙМҰХАН