СТУДЕНТ НЕГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

0
12

Жастар арасында оқумен қатар жұмыс істеу соншалықты қиын емес. Бұрын студент үшін басты міндет – білім алу болса, бүгінгі күні көптеген жас оқуын да, жұмысты да  қатар алып жүруге тырысады. Бұған қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, өмір сүру деңгейі, жеке мақсат пен жауапкершіліктің артуы тікелей әсер етіп отыр.

Оқумен қатар жұмыс істеудің артықшылықтары да аз емес. Өз мамандығы бойынша жұмыс істейтін студент ерте бейімделіп, теория мен практиканы қатар ұштастырады. Сонымен қатар еңбек арқылы адам өз мүмкіндігін танып, болашаққа нақты жоспар құруды үйренеді. Мұндай жастар уақыттың қадірін терең түсініп, тәртіп пен табандылыққа бейімделеді. Алайда бұл істің қиын тұстары да бар. Жұмыс пен оқуды қатар алып жүру үлкен күш пен шыдамдылықты талап етеді

Психологтардың айтуынша, саналы түрде жұмыс істейтін студенттер өмірге бейім, стресс жағдайына төзімді келеді. Олар ерте жастан өз еңбегінің нәтижесін көріп, болашаққа нақты мақсат қоя алады. Сонымен қатар жұмыс істейтін студенттердің әлеуметтік ортаға тез бейімделетіні байқалады. Олар көпшілікпен тез тіл табысып, коммуникациялық қабілетін дамытады. Бұл қасиеттер кейін кәсібінде үлкен көмек болады. Әсіресе, қызмет көрсету, медиа, білім, бизнес саласында осы тәжірибе өте маңызды рөл атқарады. Дегенмен, оқумен қатар жұмысты әркім қоса алып жүре алмайды. Кейбір студенттер үшін оқу бағдарламасының күрделілігі мен жүктемесі жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыс оқу сапасына кері әсерін туғызады. Сондықтан мамандар студенттерге ең алдымен өз мүмкіндігін дұрыс бағалауға кеңес береді. Қазіргі еңбек нарығы жастарды белсенді, көпқырлы болуға итермелеп отыр. Студент кезінен тәжірибе жинаған жас маман болашақта бәсекеге қабілетті болады. Бұл үрдіс жастардың өмірге ерте бейімделуіне, өз орнын табуына ықпал етеді.

Гаухар Қараубаева оқумен қатар жұмыс істеп жүрген жан – жақты студент.

Қаржылық қиындыққа тап болғаным үшін емес өзіме сенімді болу үшін.  Қазіргі кезде тек мамандық бойынша тірлік ету жеткіліксіз. Жұмыс маған адамдармен қарым-қатынас жасауды, жауапкершілікті сезінуді, уақытты жоспарлауды үйретуде. Әрине, кейде қиын болады. Бірақ бұл бүгін салынған инвестиция деп білемін. Жұмыс істеу оқуыма  кері әсер етпейді. Кейбір адамдар «жұмыс оқу үлгерімін төмендетеді» деп ойлайды. Егер уақытыңды дұрыс жоспарлай білсең, бәріне үлгеруге болады. Мен үшін оқу – негізгі міндет, ал жұмыс – өмірлік тәжірибе, – дейді студент.

ЖУ студенттері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 60 студенттің 35-і жұмыс істейтіні анықталды. Бұл дегеніміз қазіргі студенттердің өмірлік тәжірибе жинауға, өзін-өзі қамтамасыз ету.

Жастардың оқумен қатар жұмыс істеуі – заман талабы. Ең бастысы – тепе-теңдікті сақтау. Оқу да, жұмыс та өз тәртібімен жүргенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

                                                            Сания Ернесқызы

                                                                                ЖУ студенті