Асыл ата — АСЫЛСЕЙІТ

Кешуов Асылсейіт 1908 жылы Жетісу губерниясы, Қапал уезінің Таужалайыр болысында шаруа отбасында дүниеге келген. Ірі денелі, биік сары, қатал мінезді болғандықтан ел оны «Сары аю» деп атаған екен. Ат жалын тартып мінген жасынан «Қозыайдар» деп аталатын кішкене ауылда «Көкарық» дейтін тоғанның бойында егіншілікпен айналысып, шабындық жерлерінің шөбін шалғымен шауып, мал өсіріп, тіршілікпен айналысады. Ол кезде бұл жер құлазыған дала еді.
Өгіз арба, ағаш соқа,
Тегіс жер аз жота-жота.
Ағаш тырма білек талып,
Тер ағады борша-борша.
Қиындықты көп көрді,
Көрпе-жастық бөктерді.
Басында қонып қырманның,
Түндерді талай өткерді.
Күн кешкен өстіп бабалар,
Тарих болып таралар.
Біреу сенсе, біреу сенбес,
Ақиқат осы балалар!
Жаңа заман талабына қарай Кешуов Асылсейіт ауылдағы комсомол активі қатарында Қызыл керуеннің көшін жетелескен. 1930 жылы елдің басын біріктіріп «Көкарық» атты колхоз құрып, оны өзі 1942 жылға дейін басқарған.
Сол кездердегі шаруашылық жұмыстары, соның ішінде егін шаруашылығын игеру өте қиын жағдайда іске асатын еді. Қазіргідей техника жоқтың қасы. Жер жырту ұшына темір қапталған тіс ағашпен жыртылып, ағаш тырмалармен тырмалау — бәрі адамның қол күшімен атқарылатын еді. Малға шөп дайындауда науқан кезінде қолдарына шалғы ұстаған топ адамдар қолмен шабатын. Тасымалдау ат арбамен, өгіз арбамен әкелініп, мая салып жинайтын. Бидай оруға да қазіргідей комбайн болған жоқ. Бидайды орақпен орып, баулап, оны қырманға арбамен жеткізіп, тас дөңбекпен таптап, бидайын бөлек сабан, топанынан ажыратып алу сияқты жұмыстардың барлығы түгелдей қолмен жасалынатын.
40 жылдардың соңына ала, 50-жылдардың басында атпен сүйреп жүріп шөп шабатын машина пайда болды. Әр шаруашылықта 1, 2 ЧТЗ деген тракторлар болды. Оның да «жүргенінен тұрғаны көп болатын» деген үлкен ақсақалдардың әңгімесін естігенбіз. Көп ұзамай ол трактордың орнын МТЗ деген рәзіңке дөңгелекті трактор ауыстырды. Дегенмен де жақсы ұйымдастыра білудің арқасында колхоздың табысы өрлей бастады.
ОТ КЕШКЕН ЖЫЛДАР
Ұлы Отан соғысының оты лау етіп, елдегі ер азаматтар отан қорғауға аттанғанда 1942 жылдың шілдесінде Асылсейіт атамыз да майданға кетті. Майданның солтүстік батыс бағытының 4 — армия 56 – артирериялық дивизия және 3 — Украин майданының 57 — авиация дивизиясында жауынгерлік міндетін атқарады.
От пен оқтың ортасында жүрсе де бұғып қалу дегенді білмейтіп патриот солдаттың ой-санасында тек қана отанды жаудан қорғау деген бір ғана түсінік тұрды. Майдан даласында бір үлкен ұрыста жараланған Асылсейіт ата госпитальға түсіп, емделіп шығып қайтадан майданға аттанады.
«Отан үшін», «Ел үшін» деген ұран солдаттарға күш беріп, уралап алға ұмтылдырып тағы да үлкен қиян-кескі шайқаста кеудесінен жараланады. Бұл жолғы жарақаты ауырлау болса да, қайсар солдат тағы да қатарға қосылып Жеңіс күнін Германияда Берлин түбінде қарсы алады. Қайсар жауынгер 1945 жылдың 28 желтоқсанында аман-есен елге оралады.
Елге жеңіспен оралғандар қатарында үлкен абыройдағы Асылсейіт Кешуов өзі құрған Ленин атындағы колхозға қайтадан төраға болып, кең шаруашылық құрған. Елді жаппай жұмысқа жұмылдыру мақсатында ауылдан балабақша ашып, мәдениетті көтеру үшін клуб үйін тұрғызды. Осы қарқында жұмыс жасаған Ленин атындағы колхоз миллионер колхоздардың қатарынан көрінді.
1946-1963 жылдар аралығында басқа да ауылдардың шаруашылығын көтеру мақсатында Еңбекшіқазақ, Амангелді, Мұсабек атындағы шаруашылықтарға басшылық етіп, соғыс жылдарында қиыншылықтан баяулап қалған шаруашылықтардың тамырына қан жүгіртіп, ауыл еңбегінің жемісін еселей түседі. Басшылық қызметпен қатар ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан Асылсейіт ата 1939 жылы Коммунистік партия мүшелігіне өтіп, 30 жылдан астам аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып келді. Сонымен қатар, 3 мәрте облыс, 6 мәрте аудан, 18 рет ауылдық кеңес депутаты болып сайланған. 1963-1969 жылдары Көксу ауданы (бұрынғы Киров ауданындағы Ленин атындағы елді мекенде) «Путь Ильича» ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Өмірінің соңғы жылдары Ленин атындағы колхоздың жылқы фермасының меңгерушісі қызметін атқарды.
ЕҢБЕГІ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЖОҚ
1940 жылы ауыл шаруашылығындағы көрнекті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, соғыста табандылық пен үздік жауынгерлік ерлік көрсеткені үшін 4 медальмен марапатталған. 1946 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасы және 6 медалімен марапатталған.
Демалысқа шыққаннан кейін Асылсейіт ата бір тілшіге берген сұхбатында: «Қария жаман болса қазымыр болады, жақсы болса — қазына болады», — деген екен. «Ұлымды ұядан ұшырып, қызымды қияға қондырған адаммын. Артыма бұрылып қарасам, алпамсадай жас жігіттерді көріп, ұлғайып қалғанымды сеземін. Бұл Алланың маған берген ғұмырының өтіп бара жатқанын, көкжиектегі көрінген күннің ұясына батуға аз қалғанын ескертеді. Екіншіден еңбегімнің зая кетпей, өзім тәрбиелеген азаматтардың өсіп ержеткендігі қуантады. Социалистік Еңбек Ері Мәмилә Әлімбаева бір кезде СССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды, онымен қатар жүріп еңбек еттім. Социалистік Еңбек Ері Ізбасар Абдрахманов та менің тәрбиеммен еңбекке бейімделіп өсті. Білімді әрі іскер жастармен иықтаса жүріп еңбек етіп, ақыл-кеңес берудің өзі бір ғанибет емес пе?!»
Саналы ғұмырын ел қорғауға, елге қызмет жасауға арнаған Асылсейіт Кешуов 1975 жылы дүниеден озды. Асылсейіт ата мен Нұрғайша апа екеуі өмірге ұрпақ әкеліп оларды өсіріп, ержеткізді. Нұрғайша апа терең сезімталдық, нәзіктік, кешірімділікті бойына жинаған жақсы қасиеттердің иесі бола білді. Кешуовтар ұрпағын өсіріп, үлкен әулетке айналдырды.
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ — ҰЛАҒАТТЫ ІС
Мұқан, Сейтқазы есімді ұлдарын ұлағатты тәрбиелеп, азаматтар қатарына қосты. Кейіпкеріміз байсалды мінезді, от жанары ойлы, сезімтал, жақсы іске мейрімді, көңіліне томпақ келетін шаруаға қатал, «алыс-жақын» — деп бөлмей, кімді болса да өзіне тартар ақ жүректі адал, кімге болса да өнеге боларлық қасиетке бай тағылымды тұлға болды.
Үлкен ұлы Кешуов Мұқан 1930 жылы 12 қаңтарда дүниеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, Еңбекшіқазақ, Ленин атындағы орта мектептерінде тарих пәнінің мұғалімі, интернат меңгерушісі, Қазақстан Рес-публикасы білім беру ісінің үздігі болды. 1976 жылдан колхоз шаруашылығына араласып қой фермасының меңгерушісі қызметін атқарды.Жолдасы Шәкен апай екеуі ұл да, қыз да тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі күні Лабасы ауылдық округінің әкімі Тимур Мұқанұлы ата жолымен жүріп келеді.
Асылсейіт атаның екінші ұлы Кешуов Сейтқазы 28 желтоқсан 1951 жылы Жетісу облысының Көксу ауданында дүниеге келген. Білімі — жоғары. 1973 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын ауылшаруашылық өндірісі үрдістерін электрлендіру мамандығы бойынша үздік бітірген, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. Ғылым жолында электрлендіру саласын жетілдірудегі еңбегі орасан.
Профессор Сейтқазы ағаның өмір тарихы мен ғылымға қосқан үлестерін, атқарған қоғамдық саладағы еңбектерінің өзі бір кітап болатын дүние. Бұл тақырыпқа кейінірек жеке тоқталу жоспарымда бар.
Айтар ойымның түйіні — «тұлпардан туған құлындар» демекші, Асылсейіт атадан тараған ұрпақтары да бар ғұмырын ел қорғауға, халыққа қызмет етуге арнаған атасы сияқты еңбекқор азаматтар.
Асыл ата көреген,
Еңбегі жанып өрлеген.
Халыққа қызмет етіп жүр,
Балаларың, немерең
Сіңімді болып өнегең!
Сембек ӘБДІ-РАХМАН,
Көксу ауданы
Мәмбет ауылы
