ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

0
15

Лабасы тауының баурайында көктемнің алғашқы жаршысы – бәйшешек гүлдеп, өрісте мал жайылып, ауыл тіршілігі өз ырғағымен жалғасып жатты. Осындай табиғат аясында төрт ауылдың халқы Ұлыстың ұлы күнін кеңінен тойлауда. Айнала ән мен күйге, шат күлкіге, ұлттық бояуға толы. Наурыздың басты мұраты – елді біріктіру, ұлтты ұйыстыру десек, Жетісу жерінде соның айқын көрінісі байқалды.

Сағат 10-да басталатын шараға біз де ертерек қамданып, жолға шықтық. Алматыға апарар ақылы жол басталар тұстан солға бұрылып, Жамбыл ауылына апарар қысқа жолға түстік. Сол сәттен-ақ мерекеге ағылған халықтың қарасы қалың екенін байқадық. Бізбен бірге бұрылған көліктер легі үзілер емес. Құдды бір тар жолда тізілген пойыз секілді ұзын-сонар көлік шеруі көз алдымыздан өтті. Қымбат көліктер де, қарапайым ескі автокөліктер де, түрлі маркалы техникалар – бәрі де бір бағытқа ағылған. Сонымен қатар жылқы тиеген ауыр жүк көліктері мен ат мінген адамдар да жол бойында жиі кездесті. Бұл көрініс қазіргі заман мен ұлттық болмыстың үйлескенін аңғартқандай.
Бұрын бұл мерекенің осы өңірде кең көлемде тойланатынын сырттай естіп жүретінмін. Алайда алғаш рет барып тұрған соң, ең алдымен көліктің көптігіне таң қалдым. «Жеткенде мереке орны бірден көрінер» деп ойлағанмын. Бірақ керісінше, көліктің көптігінен Алматыдағыдай кептеліске тап болып, біраз уақыт тұрақ таба алмай, жол жиегінде тұрып қалдық. Бұл да мерекенің қаншалықты ауқымды екенін аңғартқандай.
Ақыры көлікті әрең орналастырып шыққанымыз сол еді, алыстан естілген ән мен күйдің әуені бірден көңілді серпілтіп, ұлттық рухты оятқандай әсер қалдырды. Сол үнді бойымызға сіңіре отырып, мереке өтіп жатқан алаңға қарай бет алдық. Ол үшін сары топырағы шығып жатқан 2 кішкене жардан және базардай жайылған кәуап алаңынан өттік.
Шараға аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы Халелов арнайы қатысып, лабасылықтарды көктем мерекесімен, береке мен бірліктің нышаны болған Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол Наурыздың мәні – халықтың татулығы мен ынтымағында екенін атап өтті. Сонымен қатар Лабасы ауылдық округіне қарасты Еңбекшіқазақ, Талапты, Жамбыл және Мәмбет ауылдарының ақсақалдары мен ел ағалары да мерекелік тілектерін жеткізіп, ақ баталарын берді.
Көксу ауданының әншілері сахна төрінде дәстүрлі аспаптардың сүйемелдеуімен ән шырқап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Әуезді әндер кең далаға тарап, мерекелік көңіл күйді одан әрі күшейтті. Айналада мерекені тамашалауға жиналған халық өте көп болды. Біз де концерттің алғашқы бөлігін сахна маңында тұрып тамашалап, халықпен бірге сол сәттің куәсі болдық.
Ұлттық спорт ойындары қол күрес пен қазақша күрестен басталды. Бастапқыда бәрін асықпай аралап, суретке түсіріп, бақылап жүремін деп ойлаған едім. Алайда адам көптігінен ойындардың өзін толық тамашалау мүмкін болмады. Қайда қарасаң да халық. Әрқайсысы өзіне қызықты сәтті жіберіп алмауға тырысып жүр.
Бір жерде білекті де жүректі жігіттер 100 келілік қошқар көтеріп, күш сынасса, енді бір тұста әйелдер де гір тасын лақтырып, көпшілікті таңғалдырды. Тағы бір жерде арқан тартылып, теңге ілініп, балуандар белдесіп, өзара бақ сынасты. Ұлттық ойындардың осылай жандануы мерекенің мазмұнын тереңдете түскендей. Қазандар бұрқ-сарқ қайнап, қыздары гүлдей құлпырып, жұртшылық ұлық мерекені сән-салтанатымен қарсы алды. Аспанда түрлі түсті батпырауықтар да ұшырылды.
Әр киіз үйде Наурыз көже ұсынылып жатыр дегенді естіп, біз де дәм татуды ойладық. Алайда киіз үйлер иелерінен «мұнда үлкен кісілер отырады», «палаткаларға барыңдар!» деген жауап алдық. Палаткаға барсақ, «бұл тек Еңбекшіқазақ ауылының азаматтарына арналған» деген «отказ» алдық. Осыдан кейін басқа киіз үйлерге баруға да құлқымыз соқпай қалды. Сөйтіп, наурыз көжені сатып алып ішеміз деген ойымыз да жүзеге аспады – ондай мүмкіндік қарастырылмағаны «әттеген-ай» екен.
Атпен серуендеп көрейік деген үмітіміз де ақталмады. Ондай мүмкіндік қарастырылмапты. Бұл жоспарымыз да орындалмады. Ақырында қаладағы жеп-ішіп жүрген кәуап, энергетик, балмұздақ, тәтті мақта жеумен шектелдік. Осы тұсы сәл көңілге қаяу түсіргені рас.
Түскі уақытта бәйге басталды. Аламан және құнан жарыстары өтті. Сол жерде алғаш рет «ұрттап кетті» деген тіркесті естіп, бәйгенің өзіне тән ерекшеліктерін аңғардым. Өз көзіммен бәйге көруім де алғаш рет болғандықтан, әсері ерекше болды. Кішкентай шабандоздардың батылдығы мен ептілігіне тәнті болдым. Көрермендер арасында құлынын жетектеп келген бір азаматтың «келесі жылы қатысамыз. Биыл қарап алсын» деген сөзі де көңілге жылы әсер қалдырды. Құлынның да сәйгүліктерге қарап жіңішке даусымен кісінегені ерекше көрініс болды.
Облыстың әр өңірінен келген жүйріктерді тамашалауға менің есебім бойынша 7-8 мыңға жуық адам жиналғандай болды. Жанкүйерлер тақымдарын қысып, шабандоздарды қолдап отырды. Ат жарысында оза шапқан сәйгүліктердің иелеріне ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар көкпар ойыны ұйымдастырылып, ұлттық спорттың тағы бір көрінісі көпшілікке ұсынылды. Барлық жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен сый-сияпаттар тапсырылды.

КӨПШІЛІК ЖИНАЛҒАН ОРЫНДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ

Алайда мереке барысында бірқатар кемшіліктер де байқалды. Ең алдымен көзге түскені – тазалық мәселесі. Қоқыс тастайтын арнайы орындарды байқамадым. Соның салдарынан аяқ астында жиналған қоқыс көбейіп, табиғат көркін бұзып тұрды. Осыны көріп, «мереке аяқталған соң мұны кім жинайды?» деген ой еріксіз туындады.
Әлеуметтік желіде де халық бұл туралы пікір білдіріп жатты.
– Наурыз мерекесі жақсы өтті. Бірақ Лабасы тауында қоқыстан аяқ басар жер жоқ, неге ұйымдастырушылар соны бірінші ойламады екен. 1 мусор тастайтын контейнер жоқ. Барлығы жеп-ішіп артынан біреу жинауға міндетті сияқты жерге лақтырып кетті. Әр адам өзінен бастаса, баласына үйретсе солай болар ма еді???
– Барлық ұйымдастырушыларға алғысым шексіз! Отбасымызбен өте жақсы тойлап қайттық! Ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды ғұрыптайтын бірден бір мереке осы Наурыз тойы. Үлкен көлемде ұйымдастырылып, тойланғаны көңілді қуантады! Тойла, қазағым.
– Жақсы мейрам болды. Бірақ төңірек қоқыстан көрінбей кетті, шын. Саударгерлердің бағасы деген шарықтады, такси бағасы да. Бағаны неге тексермейді екен?
Дегенмен, барлық олқылықтарға қарамастан, Лабасы баурайында өткен бұл Наурыз – халықтың бірлігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін айқын көрсеткен үлкен шара болды. Осындай ауқымды мерекелерде ұйымдастыру деңгейін жетілдіру, тазалық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету – алдағы уақытта ескерілетін маңызды мәселелердің бірі екені анық.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Гүлнұр БАЙМҰХАН