АУТИЗМДІ ЖЕҢУГЕ БОЛА МА?

0
15

Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған балалар саны жыл сайын артып келеді. Бұл — тек медициналық мәселе емес, қоғамның назарын қажет ететін маңызды әлеуметтік тақырыпқа айналғалы бірнеше жыл болды. Көптің назарын аудартып, жүкті аналардың да уайымын көбейткен дерт «неліктен қоғамда көбейіп келеді?» деген оқырман сұрағына жауап іздедік.

Соңғы жылдары елімізде дамуында ерекшелігі бар балалар саны айтарлықтай көбейді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде мұндай диагноз қойылған 14,5 мың бала тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары, соңғы бес жылда бұл сан бірнеше есеге артқан дейді сарапшылар.
Аутизмді көре сала байқауға болады. Олар сөйлеу, қарым-қатынас жасау, қоршаған ортаны қабылдау жағынан өзгешеленіп тұрады. Ондай балаларға дер кезінде қолдау көрсету – олардың болашағына тікелей әсер етеді деп жатады білікті дәрігерлер. Дегенмен, біздің кей ата-ана баласының тілі уақытында шықпай жатса, оны қалыпты санап қолына телефондағы бірнеше тілді үйрететін мультфильмдарды қосып береді. Ал мәселені терең жағынан ойлауға асықпайды. Айналамызда таныстар арасында мұндай жағдайды көріп жүрміз. Бала сабаққа баратын жасында ғана логопедтің көмегіне жүгінуде.
Мұндай қимыл-қозғалысы, сөйлеуі, қоршаған ортамен байланысы кеш дамитын балалар үшін бүгінде әр өңірлерде жұмыс істеп жатқан орталықтар бар. Балаңыздың болашағын ойласаңыз ерте әрекет етуге асыққан жөн!
Талдықорған қаласындағы «Ашық әлем» түзету орталығы аталған мәселемен білікті түрде айналысып жүрген мекемелердің бірі. Біз орталықтың негізін қалаушы Айгерім Бейсеевадан ерекше балалармен жұмыс тәжірибесі туралы сұрап, сұхбаттасуды ұйғардық.
– Мен «Ашық әлем» түзету орталығының негізін қалаушымын. Бірақ, ең алдымен, мен – ерекше баланың анасымын. Бұл салаға келуім де сол себептен басталды. Балам 2015 жылы мамыр айында дүниеге келген. Оның диагнозын алғаш 3 айлық кезінде «Балалардың церебралдық сал ауруы» деп қойды. Соны естіген сәттен бастап өмірім түбегейлі өзгерді. Мемлекеттік жұмысымнан шықтым. Балама массаж жасауға келетін маман 9 айлық кезінде «Балаңызда қосымша аутизмнің белгілері бар» дегенді айтты. Сол кезге дейін мен тек баламның аяққа тұрып кетуі үшін ізденіп жүргендіктен, аутизм белгілерін байқамаған екенмін. Көп ізденіс пен түрлі ем іздеп, әр елдегі мамандарға жүгініп, талай жолдан өткен соң 3 жасында балам жүре бастады. Жақында ол 11 жасқа келеді.
Уақыт өте келе тек өз балама ғана емес, осындай жағдайдағы басқа балаларға да көмектескім келді. 2020 жылы өмірімдегі үлкен шешімді қабылдап, 3 бөлмелі пәтерімді сатып, өз қаламда түзету орталығын аштым. Бұл мен үшін бизнес көзі емес, жүректен туған, өмірлік миссияма айналған іс болды. Қазір біздің басты мақсатымыз – әр баланың мүмкіндігін ашып, оны қоғамға бейімдеу. Орталықтың жұмыс істеп тұрғанына биыл 5 жыл болды.
– Бүгінде аутизм диагнозы бар балалар саны артып жатыр деген пікір бар. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе? Ерте диагностика мен ерте түзетудің маңызы қандай?
– Иә, соңғы жылдары мұндай балалар саны көбейіп жатқандай көрінеді. Бірақ бұл тек аурудың көбеюімен ғана байланысты емес. Қазір ата-аналар ақпаратты көбірек біледі, диагностика да жақсарды. Соның арқасында бұрын анықталмай келген жағдайлар ерте байқалып жатыр.
Дегенмен, бұл дерттің пайда болуында кейбір факторлар ананың денсаулығымен байла-нысты болып та жатады екен. Мысалы, анемия, гормондық бұзылыстар, иммунитеттің әл-сіздігі баланың дамуына әсер етуі мүмкін.
Мұнда бала үшін ең бастысы — ерте диагностика деп айтар едім. Егер балаға уақытында көмек көрсетілсе, оның дамуы әлдеқайда жақсы болады. Ерте басталған түзету жұмыстары баланың сөйлеуін, түсінуін, қоршаған ортамен байланысын жақсартады.
– Балалармен жұмыс барысында қандай әдістерді жиі қолданасыздар? Бір баланың даму бағдарламасы қалай құрылады?
– Әр бала – жеке тұлға. Сондықтан біз әрқайсысына жеке бағдарлама құрамыз. Алдымен толық диагностика жүргіземіз. Баланың деңгейін, ерекшелігін анықтап алған соң ғана жұмыс жоспарын жасаймыз.
Жұмыс барысында бірнеше әдісті қатар қолданамыз. Логопедиялық жаттығулар арқылы сөйлеу қабілетін дамытамыз. Нейропсихологиялық тәсілдер баланың ми қызметін бел-сендіруге көмектеседі. Сенсорлық интеграция арқылы сыртқы ортаға бейімделуін жақсартамыз. Сонымен қатар, ойын арқылы дамыту әдістері де кеңінен қолданылады.
Біздің мақсатымыз – баланы мәжбүрлі түрде жұмыс жасату емес, оның қызығушылығын ояту арқылы дамыту.
– Бүгінде орталықта қанша баламен жұмыс жасайсыздар? Қандай мамандар бар?
– Қазіргі таңда орталығымызда үш жастан он сегіз жасқа дейінгі елуге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Әр балаға кешенді түрде көмек көрсету үшін бірнеше маман бірге жұмыс істейді.
Біздің командада логопед, дефектолог, психолог, сенсорлық интеграция және емдік дене шынықтыру мамандары бар. Жалпы алғанда, шамамен он беске жуық маман еңбек етеді.
Орталық екі ауысымда жұмыс істейді. Таңғы және түскі топтар бар. Бұл балаларды көбірек қамтуға мүмкіндік береді және әрқайсысына жеткілікті уақыт бөлуге жағдай жасайды.
– Балада аутизм белгілері барын қалай байқауға болады? Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ата-аналар баланың мінез-құлқына мұқият болуы керек. Егер бала көзге тік қарамаса, атына жауап бермесе, сөйлеуі кешіксе, басқа балалармен ойнауға қызықпаса, бұл ескеретін алғашқы белгілер.
Сондай-ақ, қайталанатын қимылдар, мысалы қол бұлғау, айналу немесе дыбыс пен жарыққа шамадан тыс сезімталдық та маңызды белгі болуы мүмкін.
Ең басты кеңес – уақытты жіберіп алмау. Егер күмән туындаса, бірден маманға жүгіну керек. Ерте басталған жұмыс әрқашан жақсы нәтиже береді.
Қазіргі таңда әлемде аутизмі бар балаларды қоғамға толық бейімдеп жатқан тәжірибелер бар. Сондықтан «емделмейді» деп қол қусырып отыруға болмайды. Жүйелі жұмыс болса, нәтиже міндетті түрде болады.
– Орталыққа мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле ме? Баланың даму нәтижесін көру үшін қанша уақыт қажет?
– Белгілі бір деңгейде қолдау бар. Мысалы, мансап орталығы жас мамандарды (логопед, дефектолог, психолог) жастар практикасы арқылы бізге жібереді, олар тәжірибе жинақтайды. Бұл біз үшін де, олар үшін де тиімді.
Ал нәтиже әр балада әртүрлі болады. Кейбір балаларда алғашқы өзгерістер бірнеше ай ішінде байқалады. Бірақ толыққанды нәтиже үшін тұрақты, жүйелі жұмыс қажет.
Біздің орталықта түзету жұмыстарынан кейін бала-бақшаға, мектепке барып жатқан балалар саны көп. Бұл- біздің ең үлкен жетістігіміз деп қарастырамын.
– Орталықтың мақсаты айтарлықтай позитивті екен. Көмектеріңіз ақылы ма?
– Ия, орталықтың қызмет көрсетуі ақылы түрде жүргізіледі. Ол туралы нақты ақпаратты +7 747 262 5334 телефон номерімен байланысып, сұрай аласыздар.
– Айгерім ханым уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет. Еңбектеріңіз ақталып, орталық балалары тек оң нәтиже көрсете берсін.
Тілші түйіні: Аутизм мәселесі тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның назарын қажет етеді. Ерекше балаларға уақытында көмек көрсету – олардың болашағына салынған инвестиция.
«Ашық әлем» түзету орталығының тәжірибесі көрсет-кендей, әр балаға мүмкіндік берілсе, оның дамуына жол ашылады. Ең бастысы – үміт үзбей, уақытты жоғалтпай жүйелі жұмыс жүргізу. Сонымен қатар, ерекше балаларды жеке топ ретінде оқшаулатуға да болмайды дер едім. Егер оларға қарапайым көзбен, шеттетусіз қарасақ, көп сөйлессек қоғаммен біте қайнасып, дертінен айығатын шығар.

Гүлнұр БАЙМҰХАН