2026 ЖЫЛЫ ПАСПОРТ АЛУ ҚАЛАЙ РӘСІМДЕЛЕДІ?

0
26

Қазақстан азаматтарының шетелге шығу мәдениеті соңғы жылдары айтарлықтай жанданып келеді. Туризм, білім алу, жұмыс сапарлары – бәрі де халықаралық паспорттың маңызын арттыруда. Сондықтан бұл құжатты рәсімдеу тәртібін білу – әрбір азамат үшін маңызды шығар деп есептейміз.

Паспорт кімдерге беріледі?
Қазақстан Республикасының кез келген азаматы, жасына қарамастан, шетелге шығу үшін паспорт алуға өтініш бере алады. Тіпті жаңа туған сәбилерге де жеке паспорт рәсімделеді. Бұл халықаралық талаптарға сай қалыптасқан тәжірибе.
Айта кету керек, Қазақстан азаматтары Қырғызстан, Ресей және Армения елдеріне бару үшін міндетті түрде паспорт алуға тиіс емес. Бұл бағыттарда саяхаттайтын болсаңыз, жеке куәлік жеткілікті. Ал көршілер Өзбекстанға жеке куәлік арқылы кіруге мүмкіндік алда болады деген сияқты жаңалықтар бар. Ол жағы әлі талқылануда екен. Бірақ қазіргі уақытта шекарадан өту үшін паспорт болу міндетті. Одан өзге мемлекеттерге де сапар шегу үшін паспорт негізгі құжат болып есептеледі.

Қайда және қалай рәсімделеді?

Қазіргі таңда паспорт рәсімдеудің екі негізгі жолы бар:
• Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ЦОН) арқылы;
• Электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы онлайн өтініш беру.
Тәжірибе көрсеткендей, көпшілік әлі де ЦОН қызметін таңдайды екен. Себебі құжаттарды сол жерде тексертіп, фотоға түсіп, барлық рәсімді бір жерде аяқтау азаматтарға ыңғайлы. Онлайн өтініш берген жағдайда да, көбіне биометриялық деректерді тапсыру үшін орталыққа баруға тура келеді.

Қажетті құжаттар тізімі

Ересектер үшін негізгі құжаттар:
• Жеке куәлік;
• Өтініш (сол жерде толтырылады);
• Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
• Бұрынғы паспорт (бар болса);
• Аты-жөні өзгергенін растайтын құжаттар (қажет жағдайда).
Ал 16 жасқа дейінгі балалар үшін:
• Туу туралы куәлік;
• Ата-анасының жеке куәлігі;
• Заңды өкілдігін растайтын құжат;
• Мемлекеттік баж түбіртегі.
Маңызды жайт – бала міндетті түрде өзі келуі керек. Себебі фото сол жерде түсіріледі.
Кей жағдайларда, мысалы, ата-анасының бірі шетел азаматы болса немесе бала Қазақстаннан тыс жерде дүниеге келген болса қосымша нотариалды келісім талап етіледі.

2026 жылғы паспорт құны

2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгені құрайды. Соған сәйкес паспорттың мемлекеттік бажы да белгіленген:
• 24 бет (балаларға) – 17 300 теңге;
• 36 бет (стандартты) – 34 600 теңге;
• 48 бет (кеңейтілген) – 51 900 теңге.
Балаларға тек 24 беттік паспорт берілетінін ескерген жөн.
Жедел рәсімдеу мүмкіндігі
Уақыт тығыз болған жағдайда, жедел қызметті пайдалануға болады. Бұл қызмет қосымша ақы төлеуді талап етеді, бірақ құжатты алу мерзімін едәуір қысқартады:
• Ірі қалаларда – 1 жұмыс күні ішінде;
• Өңірлерде – 3–7 күн аралығында.
Ал стандартты рәсімдеу мерзімі шамамен 15 жұмыс күнін құрайды.
Паспортты алу тәртібі
Құжат дайын болғасын өтініш берген ХҚКО-нан беріледі. Мұнда маңызды талаптар бар:
• Паспорт тек иесінің өзіне тапсырылады;
• Сенімхат арқылы алу мүмкін емес;
• Баланың паспорты ата-анасына беріледі, бірақ баланың қатысуы қажет.

Жарамдылық мерзімі

Паспорттың жарамдылық мерзімі жас ерекшелігіне байланысты:
• 12 жасқа дейін – 5 жыл;
• 12–16 жас аралығы – 10 жыл;
• 16 жастан бастап – 10 жыл.
Балаларға қысқа мерзім берілуінің себебі – олардың сырт келбетінің тез өзгеруіне бацланысты екен.
Көпшілік біле бермейтін кеңестер
Тәжірибелі саяхатшылар бірнеше маңызды кеңесті ұсынады:
• Егер жиі шетелге шығатын болсаңыз, бірден 48 беттік паспорт алған тиімді. Бұл визалар мен шекара мөрлеріне жеткілікті орын береді;
• Паспорт мерзімі аяқталуына кемінде 6 ай қалғанда жаңартқан дұрыс. Себебі көптеген елдер дәл осындай талап қояды;
• Кей мемлекеттерге кіру үшін паспортта кемінде 2 бос бет болуы міндетті;
• Паспорт жоғалған жағдайда да мемлекеттік баж өзгермейді, әрі қайта жоғалтқаны үшін айыппұл қарастырылмаған.
Қорытындылай келе, Қазақстанда шетел паспортына өтініш беру жүйесі соңғы жылдары едәуір жеңілдетіліп, цифрлық форматқа көшірілді. Дегенмен құжаттарды алдын ала дайындап, талаптарды мұқият орындау – уақытты үнемдеудің ең тиімді жолы болып қала береді.
Сапарды жоспарламас бұрын, ең алдымен паспортыңыздың жарамдылық мерзімін тексеруді ұмытпаңыз, оқырман. Бұл қарапайым қадам сіздің шетелдегі сапарыңыздың сәтті әрі кедергісіз өтуіне кепіл бола алады.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ,
Ғаламтор желісіндегі ақпараттар негізінде жазылды
(baq.kz, egov.kz)