ТҮЙІНІ ТАРҚАМАҒАН ТАҚЫРЫП

0
29

Ене мен келін мәселесі — бұрыннан өзектілігін жоғалт-паған тақырыптардың бірі. Жақында осыған қатысты бір мәселе ғаламтор желісінде қызу талқыға түсті. Көзқарас келіннің табысы кімге тиесілі екені төңірегінде өрбіді.

Қазір әлеуметтік желі мен күнделікті әңгімеде де ашық айтылып жүрген бұл мәселе айналасында сан түрлі пікір бар. Үлкендер «ортақ қазан болған соң, ақша да ортақ жерде болу керек» десе, жас арулар «әркім өз табысының иесі» деп есептейді. Бірақ байыппен қарап көрсең, бүгінгі жағдайда келіннің өз ақшасын өзі жұмсауы әлдеқайда орынды сияқты.
Иә, бұрын келін түскен үйінде жалақысын енесіне ұстататыны қалыпты нәрсе еді. Үлкеннің алдын кеспеген ұлтымыз «үлкен кісі біледі», «үйде береке болсын десең, табыс бір қолға қарауы керек» деген түсінікте болды. Қазір де сол көзқарасты ұстанатындар бар екен. Мысалы, осы тақырып аясында мен әңгімелескен жасы үлкен әйел танысым: «Келін бір жақтан, ене бір жақтан, ұл бір жақтан ұстаса береке болмайды. Қазан ортақ болған соң ақша да ортақ, бір адам ұстаған дұрыс», – дейді.
Бірақ бәрі бірдей бұлай ойлайды деп көпке топырақ шашпаймыз. Керісінше, соңғы кезде «жас отбасы өз тірлігін өзі жүргізуі керек» дейтін енелер де көбейген. Тағы бір ана: «Балам мен келінім өз ақшасын өздері ұстайды. Өздері табады, өздері жұмсайды. Араласпаймын. Сол дұрыс, ақшаның қадірін солай біледі» – дейді.
Шынын айту керек, заманына қарай адамы деген түсінік бар ғой. Бүгінде келін бұрынғыдай тек үйде отыратын жан емес. Таңнан кешке дейін жұмыс істейді, кейде ер азаматпен бірдей, не көп табыс табады. Осындай жағдайда айлығын түгелдей өзге жанға беріп қою қисынға келе бермейді. Бұл жерде мәселе «бергісі келмейді» дегенде емес, «еңбегінің жемісін өзі көргісі келеді» дегенде. Үйге керек-жарақты келін өзі де ала алады.
Бірі ашық айтып: «Келіннің тапқан ақшасы – өзінің жеке мүлкі. Оны ешкімге беруге міндетті емес. Исламда әйелдің табысы – өзіне тиесілі. Енесіне де, күйеуіне де міндетті түрде беруі керек деген заң жоқ. Берем, бермеймін десе – өз еркімен».
«Айлық алу үшін қанша жыл оқыдық, еңбек еттік. Енді соны түгелдей біреуге беру керек пе?», — деген сөзінде де мағына бар.
Ал аналардың арасында: «Қызымды барған жерінде алақан жаймасын деп оқыттым. Өз еңбегін өзі жұмсасын» — деген көзқарасын айтқандар да бар.
Осы пікірлердің бәрін жинақтап қарасаң, қоғам өзгеріп жатқаны анық байқалады. Бұрын «міндет» болған нәрсе қазір әркімнің үйінде көрген тәрбиесіне қарай «таңдауға» айналды. Бұл жаман емес, керісінше, әр отбасының өзіне ыңғайлы жол табуына мүмкіндік береді деп қарастырар едім.
Тағы бір маңызды нәрсе бұл жерде ешкім ешкімге күштеп талап қоймауы керек. Егер келін өз еркімен көмектессе – ол бір басқа әңгіме. Ал міндет ретінде қаралса, ол ертең ренішке ұласуы мүмкін. Ақшаға байланысты дау көбіне дәл осы «міндет» деген сөзден басталады ғой.
Негізі, мәселені ушықтырып тұрғаны да осы түсініктің әртүрлілігі. Үлкен буын бір жүйемен өсті. «Менің енем бұрын табысымызды ұстайтын, менде солай жасаймын» дегенді айтып, өзіне істегенді өзгеге көрсету керек деп ойлайды-ау. Жастар басқа жағдайда қалыптасты. Бірақ бәрібір ортақ шешімге келу керек. Мүмкін осы тақырып та қазір ажырасудың көп болғанына өз әсерін тигізіп жатқан болар.
Айта берсек таусылмайтын пікірлерді қорытындылар болсақ, әркім өз табысын өзі басқарғаны ең дұрыс шешім. Бұл біреуге қарсы шығу емес. Өйткені адам өзі тапқан ақшаны өзі жұмсаса ғана жауапкершілікті сезінеді, жос- пар құрады, ертеңін ойлайды. Ал бөліскісі келсе – ол оның өз еркі.
Отбасы деген тек ақшаға тіреліп қалмауы керек. Қарым-қатынас дұрыс болса, көмектесу де, бөлісу де өздігінен келеді. Сондықтан келіннің ақшасын кім ұстауы керек деген сұраққа «әр отбасының ішкі келісіміне қарай» деген бір ғана жауап бар.

Гүлнұр БАЙМҰХАН