1 МАМЫР — ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ БІРЛІГІ КҮНІ

0
56

Қазақстандықтар жыл сайын 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл мереке 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, мейрам 1996 жылдан бастап кеңінен тойланып келеді. «Мерекелер туралы» ҚР Заңында аталған мереке мемлекеттік мәртебеге ие, сол себепті бұл күн елде ресми түрде демалыс күні деп бекітілген.

Елімізде бұл мерекенің пайда болуына ел халқының ұлттық құрамының ерекшеліктері мен өзгерістері бірден-бір себеп болды. ХХ ғасырға дейін республика көлемінде титулды ұлт – қазақтар басым болса, соңғы он жылдықта ел аумағына түрлі себептермен өзге ұлт өкілдері келіп қоныстанып, тұрақтап қалды. Басқа ұлттардың Қазақстанға көшуінің төмендегідей басты себептері болды.
• ХIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың бос жатқан жерлеріне Орталық Ресей губерниялары шаруаларының қоныс аударуы.
• КСРО-дағы ұжымдастыру саясаты және 1930 жылдардағы ашаршылық қазақтың санын едәуір азайтты.
• Содан бастап жылдар бойы Қазақстан аумағына өзге мемлекеттерден миллиондаған азаматтар қоныс аударды: поляктар, украиндықтар, литвалықтар, Поволжье немістері, Кавказ халықтары және т.б. ұлт өкілдері.
• 1950 жылдары бүкіл КСРО-дан қоныс аударушылардың тағы бір толқыны тың игеру үшін қазақ еліне табан тіреді.
Нәтижесінде Қазақстандағы қазақтардың саны біршама азайды (кей жылдары олардың пайыздық үлесі тіпті 30%-дан аспады). Жағдай тек КСРО ыдырағаннан кейін ғана өзгерді. Одақтас республикалардың бөлінуі және өздерін егемен ел деп жариялауы нәтижесінде, елден көптеген еуропа ұлттары үдере көше бастады. Десе де жылдар өте келе елде бала туу көрсеткіші артып, жергілікті тұрғындар саны өсті. Бүгінгі таңда қазақ халқы ҚР-дағы негізгі этникалық топты құрап отыр.
КСРО ыдыраған жылдары, кейін де Қазақстаннан көшіп кеткен ұлт пен ұлыстар саны көп болса да, олардың кейбірі Қазақстанды өз Отаны деп қабылдап, күні бүгінге дейін елде тұрақтап қалды. Міне осы ұлт пен ұлыстардың бірлігі мен олардың мызғымас ынтымағын айғақтайтын бірден-бір мереке – Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып отыр.
Елімізде бұл мереке – пат- риотизм мен адалдық мейрамы ретінде қабылданады. Елімізде тұратын басқа этностардың барлық топтары өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтауға мүмкіндік алды. Бұл әрбір халықтың дамуы үшін негіз қалаушы болды.
Қоныс аударушылар үшін өз үйіне айналған Қазақстанға деген алғысы жаңа Отанға деген адалдық пен махаббатқа әкелді. Қазақстан халқының бірлігі күні бұл қарым-қатынасты анықтай түседі.
Барлық этностардың одан әрі бірігуіне, достық пен келісімде бірге өмір сүруіне қызмет етеді. Ұлттық мәселені дұрыс шешу — ауыр ұлтаралық қақтығыстарды болдырмауға көмектесті, елімізде сындарлы этносаралық қатынастар қалыптасты. Республика аумағында тұратын барлық өзге ұлттар өз салт-дәстүрлері мен мәдениетін, тұрмыс-салтын сақтап қалуға мүмкіндік алды. Сол себепті еліміздегі көптеген басқа ұлттар мен ұлыстар қазақ халқына тек алғысын айтады.
Қазақстан халқы бірлігі күні- еліміздегі барлық ұлттардың ынтымағы мен бірлігін нығайтатын, достастық қарым-қатынасты нығайтатын айтулы мереке болып қала бермек. Бұл ретте ұлтаралық татулықты сақтаудағы ел саясатының рөлі де басым болды. Оған дәлел, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ұлтаралық қақтығыстардың болмауы, керісінше, олардың арасындағы конструктивті этникааралық қарым-қатынастың дамуы болып отыр. Ұлттар арасындағы ынтымақ туралы көптеген мысал келтіруге болады.

ВАЛЕРА МЕН ИНДИРА

Көшіп келген ұлыстарды қазақ халқы жылы қарсы алып, алғашқы кездері көмегін аяған жоқ. Кавказдан жер аударылып келген балқарлар, гректер, шешендер, Еділ мен Повольжеден келген немістер, Владивос ток өңірінен келген кәрістерге қазақ халқы қамқорлық көрсете білді. Сондай қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында ұлыстар арасында тығыз достастық пайда болды. Бірге туған туыстай болып араласып, тіпті құдаласып та кетті. Кәдімгі қазақ ауылдарында бірнеше балқар, қарашай, орыс, неміс ұлттарының қыздарына үйленген ағаларымыздан қаншама ұрпақ тарап кетті. Бұл қарым-қатынас бүгінгі күндерде де жалғасын тауып келеді.
Көксу ауданы, Талапты ауылында туып өскен қазақ тілін жергілікті қазақ балаларымен бірдей меңгерген орыс ұлтының баласы — Валерий Викторович пен Көксу ауданының Қызыларық ауылында туып өскен Ибрайымова Индира Ташқызы — ұлты ұйғыр, қазақ тілін өзінің ана тілімен тең меңгерген.
Орыс жігіті мен ұйғыр қызының махаббаты жарасып, 2010 жылы тұрмыс құрып, бір-бірімен сыйласымды, түсіністікпен өмір кешіп, екеуі өздеріне ортақ 3 баланы тәрбиелеп келеді. Валера Талапты ауылындағы салынып жатқан электр станцияның үлкен құрылысында жұмысшы. Ал Индира — Мұсабек Сеңгірбаев атындағы ауылдың мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып, барып-келіп жұмыс жасайды.
Екеуі бір-бірімен жоғары адамгершілікте, түсіністікпен отбасы болып тұрып жатқандарына 15 жылдан астам уақыт болды.

АМАНТҰР МЕН ЛИДА

Сол сияқты, осы Талапты ауылында Бершімбеков Амантұр атты азамат та орыс ұлтының қызына үйленіп үлгілі отбасы болып тұрып жатыр. (Суреттерін салмауды өтінді).
Бұлардың да араларында 3 балалары бар. Келіншегі Кузьмина Лида Олеговна 2019 жылы Амантұрға тұрмысқа шыққаннан бастап тегін Бершімбекова деп ауыстырып, бірден ислам дінін қабылдаған. Мұсылмандарша неке қию рәсімін молда арқылы жасаған. «Фатиха сүресін жаттап алды, бисмилласыз іс бастамайды», — дейді жолдасы Амантұр.

ӘБДІКЕРІМ МЕН ЛАРИСА

Ескелді ауданы Шұбар ауылының тұрғыны Әбдікәрім Әмреев (Әбен) деген азаматтың да келіншегі орыс қызы. Әбен өзі және отбасы жайында былайша әңгімелейді.
— Мен Әмреев Әбдікерім Сыдықұлы, осы Алдаберген ауылында есейіп өстім, мектепті осы ауылдың Матай Байысов атындағы орта мектептің 8 сыныбын бітіріп, Көксу ауылшаруашылық колледжіне (техникумына) оқуға түсіп, «Механик широкого профиля» мамандығын оқып бітіріп, 2 жыл Совет армиясы қатарындағы борышымды Украина елінде атқарып келдім.
Біз үлкен Әмреевтер әулетінің бір бұтағымыз. Келіншегім Әмреева Лариса Дмитриевна ұлты орыс. Шешесінің ұлты неміс. Некеміз қиылған, таза қазақша сөйлейді, қазақтың әдеп-ғұрпын жақсы игерген — үлкенді сыйлайды, ауылда сыйлы, таза қазақша өмір сүруде. Екеуіміз 1993 жылы тұрмыс құрдық.
1995 жылы келіншегім маған тұңғыш қызым Жаннаны сыйлады. 1998 жылы ұлым Темірлан өмірге келді. Біз сол кезеңде ауылымыздағы мектеп-интернатта екеуіміз жұмыс жасадық. Сол интернат жабылғанша қызмет қылдық. Содан кейін осы Алдабергенов ауылында 8 жылдай алма бағында қызмет еттім.
2002 жылы қызым Жанель дүниеге келді. Содан тағы екі жыл өткенде кенже кызым Аяжан 2004 жылы өмірге келді. Аллаға шүкір, 4 балам бар. Бәрі шаңырақ көтеріп, тұрмыс құрған.
Үлкен қызым Жанна кәріс баласына тұрмысқа шыққан болатын. Қазір күйеуі Антон екеуі бір қыз, бір ұлымен Оңтүстік Корея елінде жұмыста. Ұлым Темірлан жекеменшік шағын автобуспен отбасын асырап жүр. Келіншегі Алина орыс ұлтының қызы. Жанель қызым көрші ауылда колледжде жұмыста. Аяжан Алматы қаласында, күйеуі Бағлан екеуі өз тіршіліктерін жасауда.
Қазақстан халықтары арасындағы достық, туысқандық әр ауылдан кездеседі. Сондықтан 1 мамыр — Қазақстан халықтар бірлігі күні болып қала береді.Татулық деген ырыстың белгісі. Ал ырыс дегеніңіз – баршылық, байлық. Қазақ атамыз бекер айтпаған ғой «бірлік бар жерде- тірлік бар» деп. Тірлігіміз бен бірлігіміз берік болсын, ағайын. Мереке құтты болсын!