
1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСКЕ 110 ЖЫЛ
Қазақстан мен Орта Азиядағы он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліс патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған еді. 1914 жылы басталған І дүниежүзілік соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпы дағдарысты шырқау шегіне жеткізді.
Ең алдымен, өзінің шаруашылық ерекшеліктеріне қарай қазақ елінің майданды және елді шикізат, азық-түлікпен қамтамасыз етудегі рөлі мейлінше күшейді. 1914-1916 жылдардың арасында тек Түркістан өлкесінен 2089 мың тонна мақта, 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй алынған. Соғыстың бірінші жылында тек Жетісу өңіріне майданға жіберілген мал мен малшаруашылығы өнімдерінің құны 34 миллион сомға жетті.
Соғыстың ауыр зардаптарының бір көрінісі — шаңырақ салығының артуы болды. 1914 жылы қазақтан жиналатын осы әлеуметтік ауыртпалықтың мөлшері 600 мың болса, 1917 жылға қарай 1 миллион 200 мың сомға ұлғайды.
Көтерілістің басты себептері әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды. Отаршылдық езгінің күшеюі, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халқының жерлерін тартып алудың жалғасуы, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюы, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуі көтерілістің басталуына себеп болды.
Көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы «Реквизициялау туралы» жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің «бұратана халықтарының» ер-азаматтарынан (19 бен 43 жас аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен жолдар салу, окоп қазу, т.б.) 400 мың адам, оның ішінде қазақтан 240 мыңға жуық адам алу белгіленді.
Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 жылы шілде айының бас кезінде пайда болды. Халықтың ашу-ызасына жұмысқа алынатындардың тізімдерін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті әкімшіліктердің басқа да қызметкерлері ұшырады. Өйткені жасалған тізімдер әуел бастан жаппай парақорлық, көзбояушылық пен қиянатқа негізделді.
Әкімшілік жүйе ол кезде қазақтарда туу туралы куәліктің болмағанын пайдаланып, тізімге жас шамасына қарамастан кедейлерді қалауынша енгізіп, ал ауқатты әулеттерден пара алып, оларды шақыртудан босатты.
Қазақтардың туу туралы куәлігінің жоқтығын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға, жұмысқа алынатын «қара тізімге» қосты, ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты. Мәселен, 60 жастағы кедей шалдар 30 жаста, 25 – 30 жастағы бай балалар 50 жаста деп жазылды.
Көтерілісшілер болыстық кеңселерді, болыстар мен ауыл старшындарының үйлерін, жасалған тізімдерді өртеді, жекелеген болыс бастықтарын өлтірді. Стихиялы қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласты.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күштері – отарлық езгіден күрт кедейленген шаруалардың қалың тобы мен сол кезде қалыптаса бастаған жергілікті жұмысшылар болды. Көтеріліске сондай-ақ қазақ халқының басқа әлеуметтік топтарының (байлар, болыстар мен билер, интеллигенция) өкілдері де қатысты. Соңғылары кейбір аймақтарда жетекші рөл атқарды.
Түркістан генерал-губернаторы бірнеше жазалау отрядын жасақтап, көтерілісшілерге қарсы жөнелтті. Көтерілісшілер Самсы төңірегінде отрядқа шабуыл жасап, оларды Верныйға (Алматы) қарай шегінуге мәжбүр етті. Т.Бокин бастаған көтерілісшілер (10 мыңнан астам) тамызда шабуылға шығып, Верный мен Пішпек арасындағы байлансты үзді. Көтерілісшілер арасынан Бекболат Әшекеұлы, Нұқа Сатыбеков сияқты басшылар шықты.
1916 жылы шілдеде Қарқаралы (Семей облысы) мен Өскемен уезінің, Көкпекті мен Зайсанның көтерілісшілері майданға жіберілетін адамдардың тізімін тартып алып, болыстарға күш қолданды.
Бұл кезде Жаркент және Лепсі уезіндегі көтеріліс күшейе түскен еді. Жетісу облысындағы ірі көтерілістің бірі Қарқара жайлауында болды.
Қазақ зиялыларының кейбір өкілдері (Т. Бокин, Ж. Ниязбеков, Ә. Жүнісов, Т. Рысқұлов, С. Меңдешев, Б. Алманов, Ә. Жангелдин, т.б.) патша жарлығына қарсы шығып, халықты қарулы қарсылыққа шақырды.
Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, т.б.) патша әкімшілігінен тыл жұмысына адам алуда асықпауды өтініп, керісінше дайындық шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар жасады. Олар көтеріліске шыққан халық патша өкіметі тарапынан аяусыз жазалауға ұшырайтынын ескертіп, көпшілікті жарлықты орындауға қарсылық көрсетпеуге шақырды.
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабының бас қаһармандары — 1916 жылғы Қарқара көтерілісі жетекшілерінің бірі Жәмеңке Мәмбетұлының біз біле бермейтін қыры көп. Жазушы Жәмеңкенің көтеріліске қатысты жағдайын бере отырып, бар болмысын оның айналасындағы адамдар арқылы жеткізген. Шығарма арқауы Жәмеңке мен Ұзақ арқылы дамып, олар бір-бірін қашанда толықтырып, елдің ертеңі мен бүгінін ойлаған басшылар есебінде баяндалады. Ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтауға барын салып, патша өкіметіне қарсы шыққан күрескерлер ретінде баяндалады. Екеуі де албан, суан, қырғызға белгілі тұлға болғандығын көрсетеді. Оны біз ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімелерінен анық байқаймыз.
«1916 жылы патша жарлығына қарсы шығып, оны орындаудан бас тартқаны және Қарқара жәрмеңкесінде көтеріліс ұйымдастырды», – деген айып тағылып, уездік әкімшіліктің тарапынан Албанның игі жақсылары қатарынан 16 адам тұтқындалды. Көп кешікпей оларды 10 қарулы әскердің күзетімен Қарақол абақтысына жеткізген. Қамалғандардың ішінде «көтерілістің басшылары» деп, Ұзақ, Жәмеңке және Әубәкірден жауап алады. Алайда олар айтқанынан қайтпай, өздерінің пікірлерінен таймады. Осыдан кейін көп кешікпей абақты жендеттері Жәмеңке ақсақалға әдейі қастандық ұйымдастырады. Жасы сексенге таянған Жәмеңкеге у беріп, «ажалымен өлді» деген сылтау айтқан. «Жәмеңкенің сүйегі жақын туысқандарына берілмесін» деген бұйрық та болып, оның сүйегі мұсылман зиратына жасырын жерлеген.
Биылғы жылы ұлт-азаттық көтеріліске 110 жыл толуына байланысты Алматы облысы Кеген аудандық тарихи – өлкетану музейінің қызметкерлері Чукенов Әділет Жанғабылұлы – музей директоры, экскурсия жетекшілері Рамазанова Индира Нұрәділқызы мен Ақымжан Аяулым Санатқызы Талдықорған қаласына келіп, «Жетісу» телеарнасының «Таңжарық» бағдарламасынан тікелей эфирден сұхбат беріп, одан кейін Жетісу университетінің тарих факультетінің 4-курс студенттерімен және тарих пәнінің мұғалімдерімен конференция өткізді. Конференция барысында студенттерге «Қарқара» көтерілісінде пайдаланған батырлардың бес қаруы – дулыға, қылыш, шоқпар, садақ, күрзі және олардың ішіндегі белсенді батыр Ұзақ Саурықұлы мен Жәмеңке Мәмбетұлының ұстаған бұйымдары (ұстарасы, шәугім, шәйнегі, мыстан жасалған қасығы т.б.) қойылып, таныстырылды. Көтерілісті ұйымдастыруға белсенділік көрсеткен адамдардың суреттері де қойылды.
Конференцияны музей директоры Әділет Жанғабылұлы ашып, музейдің негізгі құрылымы мен мақсаттарына тоқталып өтіп,
әрі қарай кезекті әріптестері Аяулым Санатқызы мен Индира Нұрәділқызына берді. Аяулым мен Индира жоғарыда жазылған тарихи оқиғаны кеңінен баяндай отырып, студенттер сұрақтарына жауап берді.
Конференцияға Жетісу университеті кафедра меңгерушісі Кариева Бекзат Тынысбекқызы, тарих пәнінің ұстаздары – Абдилданова Альбина Қойшыманқызы, Қаратаева Динара Ғалымқызы, Қалелова Жадыра Уатайқызы қатысты.
Альбина Қойшыманқызы өз сөзінде: «Бүгінгі жастарға бұл тарихты білу өте қажет. Бұл қазақ жерінде бұдан 110 жыл бұрын егемендікті аңсаған қазақ ұлтының басынан өткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс – бостандық пен тәуелсіздікке ұмтылудың бірден-бір белгісі еді. Осының соңы 1986 жылғы Алматыдағы жастардың наразылығына жалғасып жатты. Егемендік үшін күресте талай боздақтарымыз шейіт болды. Тіпті сол 1916 жылғы көтерілістің өзіне «Ұлт-азаттық көтеріліс» — деген статустың өзі көп жылдардан кейін берілді. Оған дейін «бандалар» деген сияқты әр түрлі атап келді. 1986 жылғы жастардың наразылығын да нашақорлар деп айыптады емес пе? Егемендік үшін құрбан болған аталардың рухын көтеріп, еске алып, жастар арасында осындай шара ұйымдастыруға сонау 500-600 километр жерден ат арытып келген Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, сіздерге үлкен ризашылық білдіреміз, істеріңізге ақ жол тілейміз!», — деген жылы лебізін білдірді.
Сембек ӘБДІ-РАХМАН
