ПАРАСАТТЫ ЕРЛІК

0
53

Әке-шеше, ел-жұртымды көрем деп,
Он бес күнге келді әскерден Төребек.
Сағынышты келін етіп түсірді,
Төрт, бес айда қайтып елге келем деп.

Тағдырының не боларын кім білер,
Әскеріне қайта оралды жауынгер.
Сағыныш болып қалды артта Сағыныш,
Тар кеудесін барады өртеп жалын дерт.

Амал нешік қалды артында күтем деп,
Үмітпенен өтіп жатты күн, түн көп.
«Соғыс! Соғыс!» суық хабар естіліп,
Қасіреттің қара бұлты түсті кеп.

Он сегіз бен қырық жастың арасы,
Қарсы тұрар ешкімнің жоқ шарасы.
Жаппай түгел жіберілді майданға,
Бірге аттанды әке менен баласы.

Қол жетпейтін толған айдың жүзіндей,
Сағынышпен өтті күн, түн көз ілмей.
«Майдан үшін!» — деген басты ұранмен,
Атқарды істі жас, кәрі деп бөлінбей.

Қиындықпен жасады барлық істі,
Демалыс та аз болды талап күшті.
Ер адамның арқалап барлық жүгін,
Қатын, бала мойнына салмақ түсті.

Төребектен хат-хабар келіп тұрды,
Сағынышты сәлеммен бөліп сырды.
Екі жыл өткеннен соң хат үзіліп,
Күмән кіріп көңілге орынықты.

Үш айдан соң қаралы қағаз келді,
Жылатты да, зарлатты барлық елді.
Майданда қаза тапты ерлікпен деп,
Бар үмітін үздірді күткен ерді.

Өлді деуге қимады және күтті,
Қимастықпен бір жарым жыл уақыт өтті.
Күннен күнге жалғыздық жанға батып,
Біржолата күтуден күдер үзді.

Түскеннен соң тағдырдың құрсауына,
Ем табылмас көңілі құсалыға.
Сөз сап жүрген бір ақсақ бригадирдің,
Шыдам бітіп, құлады құшағына.

Сол таңда ұйқысы да қанық тұрды,
Сілкіп төмен тастады барлық мұңды.
Бригадир отбасылы болса — дағы,
Көмек жасап қас-қабағын бағып жүрді.

Амалы жоқ жасырып жаба алмады,
Жүкті болып күнбе-күн жуандады.
Біреулер жанашырлық танытқанмен,
Біреулер жүрді күліп бұған бәрі.

Мың тоғыз жүз қырық бестің көктемі,
Алма, өрік барлығы да көктеді.
Тайға мінген шауып келіп бір бала:
«Күйеуіңнің алдынан шық жет!», — деді.

Аяқасты хабардан қалды сасып,
Отыра қап жылады көңілі жасып.
Ар, ұяты өлтіріп өкінішпен.
Көтеріліп шықты басқа қаны тасып.

Іздеп тауып қаралы алды хатты,
Боздап жылап күңірентті бар аймақты.
«Жарып таста күнәһар мен бейбақты,»-
деп күйеуінің аяғын құшып жатты.

Мейірленіп Төребектің жалғыз көзі,
Қолтығынан көтерді жерден өзі.
«Сен де адамсың жаралған ет, сүйектен,
Намыстың да орынсыз болмас жөні.

Бәріне де кінәлі соғыс тажал,
Жоқ етті талай жанды өлім, ажал.
Саған қалай жаным-ау кінә тағам?
Болған жоқ қой сенде де, басқа амал».

Сыйынып бір аллаға жалынып тек,
Ұл туды Сағыныш та күттірмей көп.
Ерлік жасап Төребек парасатты,
Жас сәбиге ат қойды Жұбаныш деп.

Отбасы болып екеуі көп жыл тұрды,
Бірге өсірді оншақты қызды, ұлды.
Бақытты ғұмыр кешсе де ел ішінде,
Кетпеді сыз жүректен соғыс жылғы.

Ерлік жасап жауынгер парасатты,
Сақтап қалды негізгі махаббатты.
Екеуінің Жұбанышы сексенге кеп,
Жақын күнде өмірден ол да аттанды.

Талай жандар осындай тағдырменен,
Баз кешіп бұл өмірден күдер үзген.
Тығырықтан шығатын жол таба алмай,
Құсалықпен қан жұтып жігері өлген.

Соғыс! Соғыс! Қайта соғыс болмасын,
Мәңгілікке бейбітшілік орнасын.
Сүйгендерге төзім, сабыр мол беріп,
Кір шалмасын махаббаттың айнасын!

Сембек ӘБДІ-РАХМАН
10.04.2025ж