ӘКЕСІН ІЗДЕГЕН ПОЛКОВНИК

0
48

Жеңіс күні қарсаңында қай ауылда болмасын қарбалас жұмыс басталатыны белгілі. Биыл да ауылдық кеңестін ұйымдастыруымен ауылдың көшелерін тазалау жұмыстары жүріп жатты. Сол жұмыстан шаршап қайтқан отағасы ас үйдегі қазақи дөңгелек столдың қасына жайғасып, кемпірі дайындаған түскі асты құрақ көрпеге жантая жатып жеп жатқан кезі еді. Түскі астың бүгінгі түрі оған ұнамай қалды.
— Осы күрішіңді қашан қоясың, өзбек емеспіз ғой күнде күріш жейтін.Пісірген күрішіңнің дәндері бөлек жүреді қашанда. Одан да ботқа етіп пісірмейсің бе тіске жұмсақ етіп — деп бастап еді, тісі ауыз қуысынан бір-екі дәні қолқасына кетіп қала жаздап, қиқылдып жөтеліп қалды.
— Аузыңда тамақ тұрғанда осы сөйлемей-ақ қоймайсың ба?, — деп кемпірі оны желкесінен түйгіштеп жатқанда үйге ауылдық кеңестің шабарман баласы келмесі бар ма?
— Ой, ата, не шашалып қалдыңыз ба?Әй осы, сіздің үйге біреудің келе жатқанын сезген боларсыз, содан ғой шашалып қалғаныңыз! — деп әзілдеген шабарман баланы кемпір «отыр-отырдың» астына алып, алдына шәй қойды. Шашалғанын қойған шал да шәйін сораптап, шөлдеп қалғанын аңғартып кемпіріне кесесін ұсынып қоймады.
— Уххх, шал-шауқанға көше тазалатып қойған ауыл сәбетіңе болайын. Жас тар қайда, осы қоқысты солар ғой шашатын. Бөтелкелер, темекінің тұқылы, қытырлақ қағаздар… Олар ішеді — жейді, шашады — біз жинаймыз! Көктем шыққалы осымен екінші рет көше тазалауымыз. Біріншісі — Наурыздың алдында тазалап едік, енді, міне, мамырдың мерекелері қарсаңында тағы шықтық. Аудан әкімі келеді дей ме, мейрамда?- деп сұрап қалып, әңгімесін ары қарай жалғастырды.
— Жастық шағымыз соғыста өтті. Одан кейін колхоздың жұмысында жүрдік. Енді демалайық десек, «үйде қарап отырсыздар ғой, мерекені таза ауылда қарсы алайық, ағалар — аталар, көмектесіңіздер!», — деп ауылсәбет айтқан соң, ұялғанымнан шықтым көшедегі қоқысты жинауға. Шаршап келдім үйге. Бар күш — қайрат соғыста қалыпты ғой, — деп бір күрсініп алған Ақытай қарияның көзі қабырғада- ғы үлкен раманың ішіне ілінген көп суреттердің бірінде өзінің автомат асынып, соғыста жауынгер достарымен түскен сарғайған суретке қадалды. Сол сәтте жас кездері еске түсіп кеткен ол: Әй, көше жинамаса да, біз көрген сұрапыл соғысты солар көрмесін, бейбіт өмірде де ешкімге ұрынбай аман жүрсе екен — деп, жастарды, олардың ішінде соқталдай өз ұлдарының оғаш қылықтарын ақтағандай болды…
— Ойбууу, ата, мен мұнда неге келгенімді айтайын. Апаның күрең шәйі келген шаруамды ұмыттырып жіберді ғой, — қысқасы, сізді ауыл сәбет кеңсеге келсін деп шақырып жатыр. Соны айтуға жіберді.
— Мен көше кезіп шаршап енді ғана келдім. Енді не істе дейді екен?
— Ата, анығын білмедім, бірақ сізді алыстан біреу іздеп келіпті, аудандық военкоматта отыр дейді сізді күтіп, ауыл сәбет сізді ауданға апару үшін күтіп отыр, шақырып кел дегені сол. Аудан мына тұрған жер ғой, 15 минутта жетіп баратын, тез жүріңіз. Қалғанын өздері айтып береді ғой, анау-мынаусын мен білмейді екенмін, — деді шабарман жігіт.
Шалдың жүрегі зу ете қалды. Жылда Жеңіс күнін атап өтерде оның көз алдына жаумен шайқасқан сәттермен бірге жүрегінің түкпірінде жатқан , сыр сандығы ешкімге ашылмаған, ер жігіт ретінде оның бетін алғаш ашқан әйел бейнесі тұратын… ол бейне жүрегін тілгілеп кететін еске түскен сайын.
…Ауылсәбетке жеткен бойда Ақытай бірден: — Әй, бала, біресе көшені жинатасың, біресе шәйімді шала-пұла ішкізіп, тез жет дейсің. Не болды? Әлде тағы соғыс басталды ма? Жауды жеңіп келгенімізге де бірталай болды емес пе?
Төрде отырған ауылсәбет жігіт басқаға қоқаңдаса да өзі еңбекқор, жұмыстан қашпайтын ақкөңіл, көңілі таза, кішіпейіл, тілеуі дұрыс адам болған соң Ақытай ағасының сөздеріне ренжімеді. Шақырғанына тез келе қалғанына да риза болып, бірден әңгімеге көшті.
— Аға, машина дайын тұр, қазір ауданға кетеміз. Сізді сол жерде алыс- тан келген молдаван полковник күтіп отыр.
— Не дейді, молдаваны несі? Ол мені неге көргісі келеді? — деген жүрек түкпіріндегі бір секемнен туған мазасыз түрін ешкімге білдіртпеуге тырыс-ты.
Осы кезде ауылсәбетке аудан орталығынан телефон шалынып, ол біреумен сөйлесіп кетті… Ал қарт жауынгердің көңіл көзінен соғыс жылдары кинодағы кадрлердей жаралы күндері жылжып өтіп жатты…
…Небәрі 20 жасында соғысқа аттанып, Кишинев жанындағы сұрапыл шайқасқа қатысып, қатты жараланған оны сол тоқтаған жердегі тұрғындарға амалсыз тастап кетуге мәжбүр болып бұйрық берген командир өз құрамымен жаумен шайқасуға әрі қарай бет алды. Медсанчасть деген жоқ. Алып жүруге жарамады. Жаралы жауынгер Ақытай сол елді мекендегі Кеңес солдатына жаны ашып, қарауға келіскен жас келіншектің қолында қалды. Оның күйеуі соғыста қаза тапқан екен. Келіншектің аты Марыя болатын, бірақ ол оны Мария деп атап кетті. Екеуі түйдей жасты болып шықты. Қатты жараланған Ақытайды Марыя жақсы қарап, жарақатынан айықтырды. Әйел көрмеген Ақытайдың бетін ашқан Марыя болды. Екеуі тіл табысты… Әбден айыққан соң Ақытай Кеңес әскері қатарына қайта қосылып, шайқасқа аттанды. Соғыс корреспонденті екеуінің соңғы қоштасу сәтін суретке түсіріп алған еді. Марыя сол суретті алған болар деп Ақытай ары қарай жаумен айқасқа кете барды…
Телефон тұтқасын орнына қойған и ауыл сәбет жігіт:
— Аға, сізді іздеп келген молдаван полковнигі сіздің ұлыңыз екен. Молдаван әйеліңіз болыпты ғой. Соғыс жылдары туыпты, әскери адам болған соң сізге Жеңіс күні қарсаңында көрсем — деп келген екен, аудандық военкоматта отыр бізді күтіп, жүріңіз, кеттік, — деді.
Ақытайда үн жоқ. Қазіргі әйелінен туған 4 ұлға не дейді? Әйеліне не бетін айтады, оны күтіп отырған ұлына не демек?
Қысқасы, Ақытай ауылсәбет жігітке ләм деместен түрі бұзылып,оның кабинетінен шығып кетті. Ол үйіне барған жоқ. Ауылдың төңірегіндегі сиыр фермасына қарай жүре берді. Бәрінен безіп, аулаққа кетіп қалғысы келді…Көзінен жас, мұрнынан су парлап, егіліп келеді… Ауылсәбет жігіт оның артынан бармады. Қарт жауынгердің жүрегі ауырып кеткенін ол түсінді… Ауданға өзі кетті.
…Аудандық комиссариатта әкесін ұзақ күткен полковник оның келмейтініне көзі жетті ме, әлде басқа себеп болды ма екен, қойын қалтасынан сарғайған сары сурет пен бір конверт шығарып, оны аудандық әскери комиссарға ұсынды.
— Мына суретті менің анам өмір бойы сақтап келді. Маған сол суреттегі жауынгерді көрсетіп, «Бұл сенің әкең, сен оған қатты ұқсайсың. Оның ұлты қазақ, ол Қазақстанда, Жетісу деген жерде тұрады. Соғыста жараланып менің қолымда қалды. Емделіп жазылған соң қайта соғысқа кетті.Қайтып келемін деп еді, келмеді. Мүмкін ол тірі емес шығар, әйтпесе ол менің аяғымның ауыр екенін біліп аттанды ғой. Егер мен өліп кетсем, әкеңнің еліне барып қайт. Оның аты-жөнін дұрыстап жазып ал. Мүмкін туыстары бар шығар» — деп маған осы суретті табыстап кетті.
Анам о дүниелік болды. Ал мен болсам іздестіріп жүріп, әкемнің тірі екенін білдім. Өзім әскери болған соң ба, тез таптым әкемнің ауылын. Өкінішке қарай, хабар жоқ, көріп отырсыз. Кездесе алмай бара жатырмын. Кешке пойызға отыруым керек. Әскери адамның уақыты уставқа бағынышты. Германияға кетіп бара жатыр едім. Мына сурет пен конвертті Ақытай менің әке алдындағы балалық парызым деп түсінсін. Бір машинаның ақшасы. Мені өмірге әкелгені үшін алғыс айтамын. Менен дұғай сәлем айтарсыз. Менің фамилиям Ақытаев Владимирдеп әскери комиссармен қоштасқан полковниктің көз ұшында бір тамшы жас тұрды…

П.С. Ол әкесін ұзақ іздеген еді. Тапқан кездегі қуанышы шексіз болды. Тірі! Әкем тірі екен! Кездесемін, әңгімесін тыңдаймын. Анамды жақсы көрдің бе, неге оралмадың? Менің өмірге келетінімді білдің бе?- деп сұраймын деген қуанышты сезімі әкесі кездесуге келмеген соң — өшіп қалды… Полковниктің жүрегіндегі қуаныш отын өшірген оның дүниеге келуіне себеп болған, бірақ осы жылдары оны іздемеген, тұңғыш ұлын көруден қорыққан, бір кездері жауды жеңіп, елге жеңіспен оралған жауынгер әкесі еді… Өкінішті-ақ. Әкем бар, ол тірі екен – деп қуанған полковник осы жолы өзінің соғыс баласы екенін анық сезінді…

Деректі әңгімені жазып алған
Баян ТАҢАТАРОВА