ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІК СИМВОЛЫ

0
46

Талдықорған қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған тағылымды шара өтті. «Ел намысын ер қорғайды, ер ерлігін ел қолдайды» атты мерекелік жиынға әскери қызметшілер, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік іс-шара «Жастар» спорт сарайы алаңында ұйымдастырылып, салтанатты жиынды қала әкімі Ернат Бәзіл ашып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қарулы күштердің рөліне тоқталды. Сонымен қатар, ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға арнайы марапат табысталды.
Жиын барысында №18404 әскери бөлімі сарбаздары жауынгерлік қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, көпшілікке көрініс ұсынды. Әскери дайындықтың шеберлігі мен тәртіптің үлгісін танытқан сарбаздардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Патриоттық рухты нығайту мақсатында жастарға Бауыржан Момышұлының кітаптары сыйға берілді.
Салтанатты шараның маңызды сәттерінің бірі – әскер қатарына шақырылған 30 жас сарбазды Отан алдындағы борышын өтеуге шығарып салу рәсімі болды. Жас жауынгерлерге ақ жол тілеген жұрт олардың ел қорғаны боларына сенім білдірді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»