«МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТІМ ДЕ, ИНСТИТУТЫМ ДА, АКАДЕМИЯМ ДА – «ЖЕТІСУ» ГАЗЕТІ»

0
31

Журналистика – ақпарат тарату ғана емес, қоғамның тамырын басып, у ақыттың үнін ақ параққа түсіретін жауапты мамандық. Бұл салада ұзақ жыл еңбек етіп, қара-пайым тілшіліктен басшылық қызметке дейін көтерілген азаматтардың тәжірибесі кейінгі буын үшін қашанда құнды. Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстанның Ақпарат саласының үздігі, спорт журналисі Ришад Тұрғанбаймен әңгімелескен едік. Сұхбат барысында ол журналистикаға келу жолы, ұстаздары, шығармашылық ұстанымы, бүгінгі медианың ахуалы мен жас қаламгерлерге айтар ақыл-кеңесі жайында кеңінен ой бөлісті.

Ришад Тұрғанбайдың өмір жолына көз жүгірткен адам оның журналистиканы жай ғана кәсіп ретінде емес, өмірлік мұрат ретінде қабылдағанын бірден аңғарады. Бүгінде облыстық ақпарат саласында өзіндік орны қалыптасқан, ұзақ жылдық тәжірибесі бар журналистің ғұмыры – табандылықтың, еңбекқорлықтың және арманға адалдықтың жарқын көрінісі.
Ришад Тұрғанбай Қаратал ауданына қарасты Көпбірлік ауылында дүниеге келген. Балқаш көлінің жағасында орналасқан бұл ауыл сырт көзге шағын ғана елді мекен болып көрінгенімен, қазақ журналистикасына, мәдениетіне, қоғамдық өміріне үлкен үлес қосқан талай азаматты тәрбиелеген қасиетті топырақ.
Биыл тоқсан бес жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ауылдан елге белгілі талай журналист пен қоғам қайраткері шыққан көрінеді. «Біздің ауылдан Мұғалімбай Жылқайдаров, Несіп Жүнісбаев, Әміре Әрін, Төлеухан Аязбаев, Жанат Төкенбаев, Гүлнар Төлегенова секілді белгілі журналистер шыққан. Сол кісілердің есімін бала күнімізден естіп өстік. Әсіресе журналистикаға деген қызығушылығымның оянуына ауылдас ағаларымыздың ықпалы аз болған жоқ», – дейді кейіпкеріміз.
Алайда өмір жолы әрқашан адам жоспарлаған бағытпен жүре бермейді ғой. Мектеп бітірген соң Алматыға барып, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түскісі келген бозбала Ришадқа тағдырдың өз жоспары бар екен. «Сол кезде тегімді ауыстыруға байланысты құжат рәсімдеу жұмыстары созылып кетіп, қабылдау науқаны аяқталып кетті. Арманымның табалдырығынан кері қайттым», – деп есіне алды ол.

АРМАНҒА ДЕГЕН СЕНІМ ЖОҒАЛМАДЫ

Осылайша, Ришад Талдықорған қаласындағы Жетісу университетінің физика-математика факультетіне түсіп, информатика мамандығын меңгереді. Университет қабырғасында жүрген кезде де журналистикаға деген қызығушылығы бәсеңдеген емес. Кейін филология факультетіне ауысуды ойлағанымен, түрлі себептерге байланысты бұл жоспары да жүзеге аспапты.
Оқу бітірген соң туған ауылына оралып, мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Алғашқы бір жылда қарапайым ұстаз ретінде еңбек етсе, кейін үш жыл бойы директордың орынбасары қызметін атқарады. Сырт көзге қарағанда тұрақты қызметі, беделді жұмысы бар жас маман үшін өмірдің бәрі реттелгендей көрінеді. Алайда оның жүрегінде сөнбеген бір жалын болатын. Әрине ол – журналистикаға, жазуға құштарлық еді.

«ЖЕТІСУ» ГАЗЕТІНДЕ БАСТАЛҒАН ҮЛКЕН ЖОЛ

– Мектепте жұмыс істеп жүрсем де, газет-журнал оқудан, мақала жазудан қол үзбедім. Содан бір күні тәуекелге бел буып, жұмыстан шығып, Талдықорғанға келдім. 2002 жыл Жетісу өңірінің ақпарат кеңістігі үшін ерекше кезең болды. Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшіріліп, өңірдегі басылымдар жаңа тыныс ала бастады. Сол жылдары «Жетісу» газеті де жаңа құраммен жұмысын жалғастырып жатқан еді. Сол ағынмен менде газетке жұмысқа кірдім.
Алайда қолында журналис-тика факультетінің дипломы болмағандықтан, ол бірден тілші қызметіне қабылданған жоқ. Газетке компьютер дизайнері, яғни бет қаттаушы ретінде жұмысқа кіріп, бес жыл бойы газет беттеу ісімен айналысты. Газет шығару процесін меңгере жүріп, мақала жазуды тоқтатпады. «Әсіресе спорт тақырыбы жаныма ерекше жақын еді. Бала күнімнен спортты жақсы көретінмін. Оның үстіне ауылдасым, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев республикалық «Спорт» газетінің редакторы болғандықтан, спорт журналистикасына деген қызы-ғушылығым ерте қалыптасқан болатын.
Сенбі-жексенбі күндері футбол матчтарына барып, ойындарды бақылап, кейін газетке мақала жазуға да уақыт табатынмын. Бірде футбол туралы көлемді материалым редакция басшылығының назарын аударады.
Сол кездегі газеттің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаев ағамыз мақаланы оқып шығып, мені шақыртып алды. «Сен спорт туралы жақсы жазады екенсің. Біз сені бөлімге ауыстырамыз» дегенді айтты».
Осылайша, Ришад Тұрғанбай Болат Абаған жетекшілік ететін Жетісу газетінің бір бөліміне ауысып, кәсіби журналистік жолын бастайды. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, ол сол таңдаған жолынан бір сәт те тайған емес.
Кейін Жетісу университетінде журналистика факультеті ашылған кезде сырттай білім алып, кәсіби дипломын да қолына алыпты.
Дегенмен кейіпкеріміз шынайы мектебін «Менің университетім де, инсти-тутым да, академиям да – «Жетісу» газеті болды», – деп ерекше құрметпен айтты. Бұл сөздің астарында үлкен өмірлік тәжірибе жатқанын бірден аңғаруға болады.

ҰСТАЗДАН КӨРГЕН ТАЛАП

Ришад Тұрғанбайдың журна-лист ретінде қалыптасуына ықпал еткен тұлғалар аз емес. Ол ең алдымен қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушылардың бірі Сейдахмет Бердіқұловты ерекше құрметпен атайды.
Белгілі журналистің еңбек-терін оқып өскен Ришад оның шығармаларынан журналистік батылдықты, тіл шеберлігін және кәсіби жауапкершілікті үйренген. Сонымен қатар ауылдасы Несіп Жүнісбаевтың өнегесі де оның өмір жолына зор ықпал еткен.
Ал «Жетісу» газетінде бірге еңбек еткен Жанкүміс Жәмеңке, Болат Абаған, Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым секілді аға-әпкелерін кейіпкеріміз журналистиканың барлық қыр-сырын үйреткен ұстаздары ретінде құрметтейтінін айтты.
Әсіресе Болат Абағанның талапшылдығы мен қаталдығын бүгінге дейін ерекше ықыласпен еске алады.
– Материалым көңілінен шықпаса ұстаздарымның бірі Болат Абаған ер балаларды бір теуіп шығарып жіберетін. Қарама-қарсы отырған жерден мақаламды бетіме лақтыратын. Сыртқа шық-қасын қате тұсымды ары-бері жүріп ойланамын, сосын оны қайта жазамын. Сонда: «Отырған жеріңде жазып алған ақпаратпен жақсы мақала шығарам деп ойлама. Футболды жаздың ба? Барып көр. Екі машина соғылып қалды дейсің бе? Соның жанында тұр. Сонда ғана жазған мақалаң дұрыс, жаны бар, ойға қонар түйіні бар болады», – дейтін.
Қарап тұрсақ, осындай тәртіп пен талап жас журналистің кәсіби көзқарасын қалыптастыруға бірден бір әсер ететін мектеп деуге болады ғой.

АТАҚ ЕМЕС, ОҚЫРМАН ЫҚЫЛАСЫ ҚЫМБАТ

Қазіргі уақытта түрлі марапат пен атаққа ұмтылатын журналистер аз емес. Алайда Ришад Тұрғанбай бұл мәселеге мүлде басқаша қарайды. Оның пікірінше, журналист үшін ең үлкен марапат – халықтың сенімі.
– Мен атақ қуғанды құптамаймын. Себебі жур-налистің басты міндеті – қоғамға қызмет ету. Журналист билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір ғой. Егер сенің жазған дүниең билікке жетіп, жұртшылықтың көңілінен шығып жатса, одан артық марапат жоқ.
Шыны керек, біз журналистикаға алғаш келген кезде мақаламыздың астына автор ретінде атымыз шыққанына қуанатынбыз. Ол кезде қазіргідей атақ, марапат туралы ойламайтынбыз, – дейді ол.
Дегенмен оның кәсіби еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланған. Спорт журналистикасындағы жетістіктері үшін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері атанды. «Әрине, еңбегіміз бағаланған кездер болды. Мен Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иесімін. Бұл мен үшін ерекше марапат. Себебі ол кісінің есімімен байланысты кез келген дүние қазақ журналистикасы үшін үлкен мектеп», – деп марапаттың оңай келмегенін де тілге тиек етті.
Ал 2020 жылы оған Қазақстанның Ақпарат сала-сының үздігі атағы берілді. Өзінің айтуынша, дәл осы екі марапат оның жүрегіне ерекше жақын. «Ешқашан марапат үшін жұмыс істеген емеспін. Егер оқырман телефон шалып немесе көшеде кездесіп: «Мына мақалаңыз жақсы екен» десе, соның өзі мен үшін үлкен марапат», – деген мысалмен ағынан жарылды.

БҮГІНГІ ЖАСТАР ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ БОЛАШАҒЫ

Ұзақ жылдық тәжірибесі бар журналист ретінде Ришад Тұрғанбай жастар мәселесіне де бейжай қарамайды. Дәл бүгінге дейін жыл сайын редакцияға тәжірибеден өтетін көптеген студент ол кісінің алдына баратын. Алайда олардың бәрі бірдей журналист болып қалыптаспайды ғой. Сол туралы:
– Бүгінде журналистикаға келетін жастар көп, бірақ соның ішінде журналистикада қалатыны аз. Саусақпен санарлық. Олардың бәрі өз жүрек қалауымен «мен журналист болам» деп келгендер деп айта алмаймын. Барлығының қарым-қабілетін қарап кейде қарнымыз ашады.
Журналист болу үшін адамда ең алдымен кішкене болса да талант болу керек. Одан қалғаны еңбекпен келеді. Алдымызға 10-15 студент келсе оның бір-екеуі ғана іске жарайды. Қалғаны басқа салаға кетеді. Біздің, тіпті біздің алдымыздағы үлкен ағаларымыздың еңбегін, өмір жолын қарасақ, оларды таза журналист деп мойындай аламыз. Бауыржан Омар деген ағамыз бар, оның «11-ші қаламұш» деген таза эссе жинағы бар. Сонда «Жас алаш» газетінде жұмыс істейтін, өзінің замандастары, журналистика факультетінің журналистері жайлы жазғандары бар. Оны оқысаң керемет, біздің жасап жүрген ісімізбен салыстыруға келмейді. Ал кейінгімен салыстырсақ, жастарға сыни көзбен қарау керек. Оның ешбір айыбы жоқ деп ойлаймын. Уақытты текке өткізіп, қолымда дипломым болса болғаны деп ойлап жүргендерге қарап жүрегім ауырады.
Мақала кейіпкерінің жастарға берер ең басты кеңесі – кітап оқу. Кітап адамға сөздік қор ғана емес, ойлау мәдениетін де қалыптастырады. Сонымен қатар ол күн сайын жазуды әдетке айналдыру керек деп есептейді.
– Ең алдымен кітап оқу керек. Көп оқу арқылы адамның сөздік қоры байиды, ойлау қабілеті дамиды.
Екінші мәселе – үздіксіз еңбек. Бүгін мақала жаздым екен деп тоқтап қалуға болмайды. Күн сайын жазу, машықтану керек. Оны қайтара оқып, қатеңді табу керек. Сонда ғана өсу болады.
Менің ұстаздарым «журналист тәулігіне 24 сағат ой үстінде жүруі керек» дейтін. Бұл өте дұрыс сөз. Кейде көшеде кетіп бара жатып бір көрініс көресің, бір ауыз сөз естисің, сол кейін үлкен мақаланың тақырыбына айналып кетуі мүмкін. Сондықтан көзбен көргеннің барлығын телефонға немесе блокнотқа түртіп жүр. Оның саған пайдасы міндетті түрде тиеді.
Қазір технология дамыды. Дегенмен технология ешқашан журналистің ойын алмастыра алмайды. Мақалада сенің көзқарасың, сенің жүрегің, сенің ұстанымың көрініп тұруы керек. Сонда ғана жазған дүниең оқырманға әсер етеді.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БЕЛЕС

Мақала кейіпкерінен шығармашылығы туралы сұраға-нымызда:
– Шынымды айтсам, мен өзімді ақындардың қатарына қоспаймын. Ақындық – кез келген адамның қолынан келе беретін дүние емес. Ол – Жаратқанның ерекше сыйы, адамға туа бітетін қасиет. Өлең жазу үшін жүректе бөлек бір әлем, бөлек бір дарын болуы керек деп ойлаймын.
Ал жазуға деген қызығу-шылығым бала кезден басталды. Мектеп қабырғасында жүр-генде аудандық, облыстық басылымдарға шағын мақалалар жазып тұратынмын. Кейін журналистикаға келген соң көлемді мақалаларға, публицистикалық дүниелерге ден қойдым. Уақыт өте келе көркем прозаға да қалам тартып көрдім.
Солардың ішінде оқырман тарапынан ерекше бағаланған еңбектерімнің бірі – «Өлім мен өмір арасы: мұз үстіндегі төртеу» атты әңгімем. Бұл шығарма өз басымнан өткен оқиға емес. Ауылымызда Манарбек Кәрібаев деген азаматтың ерлігі жайлы. Ол мұз үстінде ажал аузында қалған төрт адамды құтқарған өжет азамат. Бірақ сондай ерлік жасаған адамның есімі көпшілікке кеңінен танылмай қалды. Осы жағдай мені көп ойландырды. Содан оның ерлігін қағазға түсіріп, көпшілікке танытуды мақсат еттім. Әңгіме жарық көргеннен кейін ел арасында үлкен қызығушылық туғызды. Кейіпкерлері республикалық деңгейдегі «Айтуға оңай» бағдарламасына шақырылып, Манарбек ағамыздың ерлігі кеңінен насихатталды. Мен үшін шығарманың ең үлкен жетістігі де осы болды, – дейді ол.
Сондай-ақ «Аққудың киесі» атты шығармасы да ел аузындағы аңыз негізінде жазылған. Жазушы ретінде оның ерекшелігі – өмірде болған оқиғаларды көркем туындыға айналдыра білуінде. «Жалпы байқағаным, менің шығармаларымның басым бөлігі ауыл өмірінен, ел ішінде айтылып жүрген оқиғалардан, шынайы тағдырлардан туындайды екен. Қиялдан гөрі өмірдің өзінен алынған оқиғалар мені көбірек қызықтырады. Өйткені шынайы өмірдің өзі кейде кез келген көркем шығармаға арқау бола алатын тұтас әлем.
Бүгінде әр жылдары жазылған әңгімелерім мен публицистикалық дүниелерім бір кітап көлеміне жетіп қалды. Сондықтан алдағы уақытта өз шығармаларымды жинақтап, прозалық кітап шығару ойымда бар. Бұл көптен бергі жоспарым.
Сонымен қатар спорт тақырыбына арналған «Нағыз шебер» атты кітабым жарық көрген. Спорт журналистикасы – менің өмірімдегі ерекше орын алатын бағыттардың бірі. Сондықтан осы саладағы зерттеулерімді, жазбаларымды кітап етіп шығару әрдайым көкейімде жүреді. Қазіргі уақытта тағы бір спорт тақырыбындағы жаңа кітаптың материалдарын жинақтап жүрмін», – деген жоспарларымен де бөлісті.
Бұдан бөлек, ол өткен жылы жарық көрген «Пышан Пырақ» кітабының құрастырушысы. «Біздің өңірде Пышан Жәлменде деген өнерлі азамат болған. Өкінішке қарай, ол репрессия жылдары жазықсыз атылған. Оның туғанына 140 жыл толуына орай бүгінге жеткен әндері мен күйлерін, ноталарын, тарихи деректерді жинақтап, өткен жылы кітап етіп шығардық. Мен бұл жұмысты жай ғана шығармашылық еңбек емес, ата-баба алдындағы азаматтық парызым, рухани міндетім деп қабылдадым», – дегенді айтты.

ЖАҢА ҚЫЗМЕТ

Бүгінде Ришад Тұрғанбай ақпарат саласындағы үлкен жауапкершілікті арқалап отыр. Ол жақында «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жетісу Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры атанды. Қызмет барысында ол қарамағындағы облыстық «Жетісу» және «Вестник Жетісу» газеттерінің, сондай-ақ Өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысына жетекшілік етеді. Бұл қызмет тек басқару емес, ақпарат сапасына, қоғам мен билік арасындағы байланыстың беріктігіне жауап беру деген сөз. Осы жауапкершілікті ол ұзақ жылдық тәжірибесімен, кәсіби ұстанымының арқасында абыроймен атқарады деп сенеміз.

ҚАЛАМҒА АДАЛДЫҚ – ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМ

Ришад Тұрғанбайдың өмір жолына көз жүгірткен адам оның журналистиканы жай ғана мамандық емес, өмірлік мұрат ретінде таңдағанын аңғарады. Оның шығармашылық жолы – кәсібіне адалдықтың, үздіксіз ізденістің және еңбекқорлықтың жарқын үлгісі.
Кәсіби мереке қарсаңында Ришад Тұрғанбай әріптестеріне: «Журналистика деген – ұлы мамандық. Сол мамандық иелерінің барлығын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Журналистің еңбегі көбіне көзге көріне бермейді. Олар ыстық пен суыққа қарамай, жаңбыр мен желдің өтінде жүріп, қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, халықтың мұңын жеткізеді. Осындай еңбектің қадірі көбіне мереке күндері ғана айтылып жатады. Барша әріптестеріме шығармашылық табыс, отбасыларына амандық, зор денсаулық тілеймін. Адам үшін ең басты байлық – денсаулық пен жақсы көңіл күй. Көңіл күй жақсы болса, жақсы шығарма да туады», – деген ақжарма тілегін жеткізді.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ