Малыңды күт. Малды күтсең, болады ет пенен сүт

0
24

       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сапалы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚР Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Кешенді жоспар халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға, сондай-ақ жануарларды аурулардан сақтау мен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
«Жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстан жануарлардың аса қауіпті ауруларының бірқатары, соның ішінде аусыл, африкалық жылқы обасы, африкалық және классикалық шошқа обасымен күрес бойынша халықаралық мәртебеге ие болды. Бұл, өз кезегінде, отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларынан қорғау, еліміздің эпизоотиялық жағдай тұрақтылығын сақтау және техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа енуіне жол бермеу үшін шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық 67 бақылау бекеті жұмыс істейді. Қазіргі таңда елімізде ветеринариялық препараттар өндіретін 21 зауыт жұмыс істейді.
2025 жылы Қазақстан шекарасы арқылы импорттық, экспорттық және транзиттік операциялар барысында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тасымалдаған 60 мыңға жуық автокөлікті тексеруден өткізді.
Процестерді цифрландыру және автоматтандыру бағытындағы барлық жұмыс Кешенді жоспар шеңберінде алдағы уақытта да жалғасады.
Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын 80%-ға дейін жаңарту және толықтыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға қатысты ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу қоры 1,5-2,5 есеге дейін артады.
Осындай мәліметтерді ескере отырып ,Көксу ауданы Лабасы округінің ветеринариялық дәрігері Абиров Жанат Нұрдымақынұлынан осы округтегі ветеринарлық қызметі туралы әңгімелеуді өтінген едік.
Абиров Жанат:
— Лабасы ауылдық округі бойынша мал дәрігерлік пункттің меңгерушісі Керімбеков Ахат Жомартұлы.13 адам еңбек етеміз – бас дәрігер, фельдшерлер,эпизоотиялық дәрігер,оператор ,күзетшімізге дейін бар.
Жалпы Лабасы ауылдық округіне 4 ауыл(Талапты, Мәмбет, Жамбыл, Еңбекшіқазақ) кіреді.Сол барлық 4 ауыл бойынша малдардың саны:
Ірі қара(сиыр) малы – 8521бас,
Жылқы – 5028 бас.
Ұсақ мүйізді мал(қой,ешкі) – 58736 бас
Соның ішінде менің өз ауылым Талаптыда:
Жылқы – 576 бас,
Ірі қара – 2829 бас.
Ұсақ мал – 7035 бас.
Мал ауруының алдын алу мақсатында көктем және күз мезгілдерінде малдан 2 рет қан алынады және бурцеллез, туберкулез ауруларына қарсы екпе жұмыстары жүгізіледі.Оның ішінде «Сібір жарасы», «Аусыл», «Қарасан»,«Пастереллез», «Дерматит», «Күл(оспа)», «Құтырық» ауыруларына қарсы екпелер егіледі.
Мен осы салада және бір орында 41 жыл шамасында осы мал дәрігерлік қызметті атқарып келемін. Сонымен қатар, жеке хоббиімді айта кетсем,бала-шағаны асырай жүріп, денсаулықты күтудің бірден-бір жолы — спортпен айналысу болса, жастайымнан серік еткен спортты әлі күнге дейін тастамай келемін.Өзімнің алғашқы жаттықтырушым «Самбо» күресінен әлем чемпионы(ардагерлер спортшылар арасында) Дауытов Сейтақын Жақыпұлымен бірге жүріп жарыстарға қатысамын. 2 дүркін Қазақстан чемпионы,Азия чемпионы атақтарына ие болдым.
— Бәрекелді! Мал дәрігерлік саладағы қызметіңізге де спорт саласында да жетістіктерге жете беріңіз. Әңгімеңізге рахмет!

Сембек Әбді-Рахман