Сот дауларындағы медиацияның ерекшеліктері

0
35

Бүгінгі дүрдараздық жағдайлар жиілеп кеткен кезде дауласушы тараптарды татуластыру, оларды бітімге келтіру ертедегі қазақтың дала демократиясында қалыптасқан билер институтының өркениеттік үлгісі ретінде қайта оралды деуге болады. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV «Медиация туралы» Заңы қоғамда орын алып отырған дауларды сотқа жеткізбей шешіп, тараптарды татуластыруды көздеп отыр. Бұл әрбір тұлға үшін тиімді болады.   

Белгілі уақыт ішінде өз шешімін табатыны сөзсіз.Сондықтан да тұрғындардың қандай да бір азаматтық келіспеушіліктер туындай қалған жағдайда кәсіби медиаторлардың қызметіне жүгінгені абзал. Айталық, азаматтық істерде сот шешіміне көбіне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап сот шешіміне риза болмағандықтан, істі апелляциялық, кассациялық сатыларында қайта қарауға өтініш береді. Аталған сатылардың әрқайсының өзінің уақыт мерзіміне байланысты істерді қарау бірнеше айға, ал, кейбір жағдайларда жылға созылып кетеді. Медиация әдісі арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдейді.
Байыптап қарасақ, медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады: дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу; тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Медиацияны жүргізу қағидаттары: еріктілік; медиация тараптарының тең құқылығы; медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы; медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік; құпиялық.
«Медиация туралы» Заңының 13-бабына сәйкес, медиаторлар ұйымдары медиаторлардың бастамасы бойынша «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес, мемлекеттік емес, өзін-өзі қаржыландыратын және өзін-өзі басқаратын ұйым болып табылады.
Сайып келгенде, заңдық анықтамаға жүгінсек, медиация кезінде үшінші, бейтарап жақ, яғни медиатор дауласушы тараптар арасында ерікті келісімнің түзілуіне түрткі бола отырып, дау-жанжалды шешуге жәрдемдеседі. Яғни, азаматтар өзара туындаған дау-дамайларды іс сотқа жолданғанға дейін шеше алады. Медиатор араздасушы екі жақпен де жеке-жеке әңгімелесіп, ушыққан жағдайды реттеудің, сауықтырудың барынша әділетті, ұтымды амалдарын қолданады. Қандай да бір тарап ымыраға келуден бас тартса, медиатор бұл күрделі жағдайды өзінің парасат-пайымы мен біліктілігі арқасында шебер шешуге тырысады.

Данияр МОЛДАХМЕТОВ,
Талдықорған қалалық сотының бас маманы

сот отырысының хатшысы