Келіндердің «жаңа көтерілісі»

0
18

Қазақ келіндерінің «бұрынғы көтерілісі» үйдегі «генерал» енеден отау құрып бөлек шығу болса, бүгінгі келіндердің тактикалық бағыты өзгерген сыңайлы. «Сөзді сөз, ойды ой қозғайды» демекші, «Алатау» газетінің №14 номеріндегі «Түйіні тарқамаған тақырып» деген журналист Гүлнұр Баймұханның мақаласынан кейін біздер — енелер көп ойға қалдық. «Енелер» деп отырғаным — менің аулалас әже құрбыларым, басқаша айтсақ — көршілерім. Шынына келсек, газеттегі мақаланы оқыған бір ғана адам екен. Ол осы газеттегі мақала түйінін бізге жеткізгенінен кейін, оны қалғандары оқып шықты. Оқып алып, ал кеп, айтыстық . Мақалада кімнің позициясы дұрыс: «өзім тапқан табысымды өзім жұмсаймын» деген келіннің бе, әлде, «келіннің табысын жұмсаймын» деген ененің бе? Кешкі салқынмен, кішкентай немерелерімізді аулада ойнататын әдетімізбен, бүгін де аулада отырғанбыз. Қызу пікірталас болып кетті… Әжелердің бірі келіннің ақша ұстауын сөзге тиек етіп еді, айтылмаған пікір қалмады. Жамандамаса да әркім өз келіні туралы сөз жалғастырды. Өздері де бір кездері келін болғанын айта отырып, қазіргі заман келіндерін аяған жоқ. Өйткені, қазіргі келіндер «енеге ақша бермеймін» деп ашық айтып, енеге қарсы «көтеріліс» бастағандай…

«Генерал» енелер мен «современный» келіндер

«Алатаудағы» мақалада автор «ене мен келіннің арасындағы ақша» тақырыбын қозғаған екен. Бұл өзі, таусылмайтын тақырып қой — «ене мен келіннің қарым-қатынасы». Бірақ, автор бір үйдегі осы екі әйел адамның қарым-қатынасын ақша арқылы суреттеген. Жаңа түскен келін табысын енесіне бермей өзі ұстағысы келеді, ал енесі келінінің ақшасын ұстағысы келетін болуы керек. Осы жерде екеуінің пікірі түйісе қоймайтыны анық. Сол кезде екі әйелдің бірін-бірі жақтыра қоймасына куә боласыз. Бұл жерде екеуіне де ақыл айтып, ортақ мәмілеге келтіру оңай емес. Өйткені, әр әйел өз ойын дұрыс санайды. Осы мәселе туралы бүгін келін жұмсап отырған әжелер басталған әңгімені бір үйге барып, шәй үстінде жалғастыруды жөн көрдік. Сол шәй үстіндегі әңгімеде кімнің не дегенін сіздермен бөлісейін.
Балшекер әженің екі келіні бар: бірі — қалада, екіншісі – ауылда. Екі келіні де жұмыс істейді. Қаладағысы саудада, жеке кәсіпкер, ауылдағысы мектепте мұғалім. Бір қызығы, өзінің айтуынша, ұлдарымен көп сөйлеспейді, барлық мәселені келіндерімен шешеді. Ұлдарының жұмыстан қолы босамаған соң, олар да барлық мәселені әйелдеріне үйіп-төгіп, мойындарына іліп қойған. Ал енді, қаладағы келіннің қолында тұрып жатқан соң ақша жағынан қарым-қатынас қалай шешіліп жатыр? Журналистің жазғанындай, «келін ақшаны өзі ұстай ма, әлде қалай?» – деп жатырмыз біз.
— Мен тек өз зейнетақымды ғана ұстаймын. Оның өзі балалардың ұсақ-түйегінен артылмайды. Келін маған ақша бермейді. Мен де дәметпеймін. Өзі тапқан ақшасын өзі ұстасын. Жеткізсін. Әй, сол пысығымның тапқан ақшасы жетпей жатады ғой. Ақшаны үнемдеп жұмсауды білмейді, шашып ұстайды. Не болса соған қызыққыш. Көрсеқызар. Кейде менен қарыз сұрайды. Оны қайтару деген жоқ. Не деуге болады? Ұрсамын ба? Ұрса алмаймын. Айтсам — жақтырмайды. Ал ауылдағы келініме келсек, мүлдем басқаша. Тиын санап қалған. Күнде есептеп отырады жұмсаған ақшасын. Тек өте қажет затты ғана сатып алады. Одан да ақша дәметпеймін. Бала-шағасы бар, «өз қажетінше жұмсасын» деп ойлаймын. Келіндерімнің ақшасында не шаруам бар? – деп бітірді ол әңгімесін.
Әсем апа:
— Ой, сен қызық екенсің! «Келіндерімнің ақшасында шаруам жоқ» – дейсің. Неге шаруаң жоқ? Үйретпейсің бе ақша жұмсауды. Үйінде анасы дұрыс үйретпеген ғой «үнем» дегенді. Екінші келінің дұрыс екен, үнемшіл, – деп біреудің келінін түйреп қойды.
— Әй, өзіңнің келініңді айтсаңшы, одан қайта, – деп Әлдикүл әже әңгіме арнасын бұрды.
Ақборық апа:
— Мен айтсам, былай ғой. Өздерің білесіңдер, шал екеуміздің жағдайымыз жаман емес. Балалардың қолындамыз. Бәрін солар жасап жатыр. Тамағымыз бен киіміміз солардың мойнында. Баратын жерімізге қол ұстасып, кәрзіңкемізді өз ақшамызбен толтырып барамыз. Енді келіннің ақшасында не шаруам бар? Балам екеуі тату болса болды. Жетпей жатқан дүние жоқ. Бәрі бар. Келінді анасы дұрыс тәрбиелеген. Ізетті, инабатты, – деп келінін мақтап қойды да іле-шала мына сөздерді қыстырып жіберді, — бізге жасайтын сыйлықтары бар туған күнімізге, ерлер мен әйелдер мерекесі, тағы-тағылар… Оның бәрі шығын ғой, білемін. Сондықтан да келінімнің де, ұлымның да ақшасын сұрамаймын.
Сәндібала әже:
— Шалдары барлар балаларының ақшасына жармаспайды екен. Өздерінің пенсиясы, «екеумізге жетіп жатыр» – деп қояды. Әрине, екі адамның пенсиясы — кәдімгідей ақша. Мен болсам шалым жоқ, пенсиям аз. Жалғыз баланы өліп-талып оқыттым, үйлендірдім, той жасап, құда-құдағилы болдым. Келінім мен ұлымның айлықтары мардымсыз. «Жетпейді» демей-ақ қояйын. Үнемдесе жететін шығар. Сол үнемдеу үшін ұлым мен келінімнің ақшасын ұстайын десем, келін деген, расын айтсам, ұстатпайды айлығын. Тек өзіне жұмсайды. «Ананы алдым, мынаны алдым» – деп отырады, әйтеуір. Оған ұл да үндемейді. Әзірге толып жатқан бала-шаға жоқ, жалғыз немере ғана бар. 2-3 бала болғанда жетпегеннің көкесін көрер әлі. Сол жалғыз немереге алып бермейтіндері жоқ. Ойыншықтардың керегі де, керек емесі де жатады шашылып. Үйде колясканың не бір түрі бар: қысқы коляска, – 150 мыңдыкі. Ол 1,5 жастан кейін балаға керек болмай қалды. 50 мыңнан астам теңгеге жеңіл коляска тағы алды «балабақшаға апаруға ыңғайлы» деп. Оның дөңгелегі сынып қалып еді жарты жылдан соң тағы бір түрін алды, белесебет сияқты. Баланың аяғы белесепеттің педаліне жетпейді де. Ол қаншаға жарар екен? Ол да арзан емес. 3 жасқа жетпеген балаға үш «көлік» алды. Оның бәрі — ақша. Айтсаң — жақтырмайды. Ақша келінде. Менің жақтырмағаным құр далбаса… Екеуі ұрыспаса болды, – деймін ғой.
Әсем апа:
— Жаңа мені ұрсып тастадың ғой: «өз келініңді айт» — деп. Қарап отырсам, біздер, осы отырған кемпірлер, осы заманның адамдары екенбіз. Себебі, келіндерді түсінуге тырысып-ақ жатырмыз. Келіннің әйелдік жан-дүниесін түсінуге тырысып, ақша төңірегіндегі жанжалдан ақша жетсе де, жетпесе де үйдегі тыныштық үшін қашқақтап отырмыз. Ол — келініміздің «ақша жоқ» деген ашуынан ұлымызды қорғап отырғандықтан шығар, бәлкім. Мен сендерге шынымды айтайын. Келінім маған кейде 10-15 теңге беріп тұрады – керегіңізді алыңыз деп. Мен ол ақшаға жетіп тұрған соң жүгіріп барып сапалы жаздық немесе күздік аяқ киім ала қоямын. Қазір соларды киіп жүрмін. Мақтап қоям «келінім алып берген» — деп. Ал енді, ұлым мен келінімнің ақшалары біте бастаған кезде тыққан-пыққан теңгемізді шығара қоятынымыз өтірік емес қой, солай ғой, айтыңдаршы шындарыңды?- дегенде, бәріміз бір-бірімізге қарап, үндемей қалдық…
Байқасам, осы отырған әжелер келіннің табысына тәуелді емес енелер болып шықтық. Ал келіннің табысына тәуелді енелер қандай болады екен? «Генерал» енесімен еркін қарым-қатынас құрғысы келетін келіндер қазақ халқының ұлттық ата дәстүрін берік ұстай ала ма? Табысымды өзіме жұмсаймын деп еркіндікті аңсаған келіннің іс-әрекеті дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?

Баян Таңатарова

«Алатау»