Дау тудырған «Ән көңілдің ажары» байқауы

Газетіміздің № 29 санында Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығы қарсаңында Талдықорған қалалық Ардагерлер алқасы ұйымдастырған ән байқауы туралы көрермен мақаласы жарияланған болатын. Осы мақаладан кейін редакцияға Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұратбек Қожабековтен хат келді, онда «Алатау» газетіне деген өкпе-назын жеткізіпті. «Мәселенің анық-қанығын тексермей неге шығарасыз, көлденең көк атты пікірін жариялай бересіздер ме?» дегендей… Мақала авторын да аямапты. Оған деген ренішін жасырмай, авторды жазғырып, «көрермендер пікірі» дегенше бізге келіп, мән-жайды неге білмейді?» — дейді. Дұрыс-ақ, дедік. Пікір білдіру ашық қоғамда керек-ақ.
Осы хатпен танысқаннан кейін, редакция алқасы ақылдаса келе, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасы орынбасарының ұзын-ырғасы 3 беттен тұратын және байқау көрерменінің пікірін теріске шығарған, оны жариялаған редакцияны кінәлап жазған хатына қысқаша жауап дайындадық.
Құрметті Мұратбек Қабылбекұлы!
Сіздің редакцияға жазған хатыңызға, хаттағы білдірген пікірлеріңізге рахмет айтамыз. «Алатау» газетінің тұрақты оқырмандары болып саналатын Талдықорған қалалық Ардагерлер кеңесінің газеттегі жарияланған мақалаға үн қатуын орынды санаймыз. Өйткені, сіз газеттің №29санында жарияланған «Ән көңілдің ажары» деген мақалада автордың көрермен ретінде өз құлағымен естіп, көзімен көргенін жазған барлық дерлік жайларға келіспейтініңізді жеткізіпсіз. Соған қарағанда автордың жазғанының бәрі өтірік деуге болады.
Өз тарапымыздан айтарымыз, көрермен ретінде пікірін жеткізген автор да Сіз сияқты біздің оқырманымыз болып табылатындықтан, редакция ол кісінің пікірін газеттің №29 нөмірінде жариялауды жөн көрген еді. Өзіңіз айтып отырған «жариялау үшін редакция Ардагерлер кеңесімен ақылдаспады» деген пікіріңізге айтарымыз – ол мақалада заң бұзушылық немесе байқау барысында Ереже шартын бұзарлық айтарлықтай керемет өрескелдік жоқ болғандықтан, оқырман пікірі ретінде мақаланы жариялауды дұрыс деп санадық. Алайда автордың пікірін жариялау редакцияның көзқарасы болып есептелмейтінін ескертеміз.
Өзіңіз хатта көрсеткендей, «ынталандыру сыйлығына ие болған өнерпаздар қатарында сырнайға даусын қоса алмай, домбыраның құлақ күйін келтіре алмаған» әншілер де болды» деп атап өтіпсіз. Осы сәт емес пе екен көрермендер тарапынан «жас шамасын шектеу керек еді» — деп айтылған пікірлер?..
Сіз редакцияға жазған хатыңыздағы мақала авторы Ғарифа ханымға «газет бетінде ардагерлерден кешірім сұрасын» деген өтінішіңізді жеткіздік. Ол кісінің жауабы төменде.
Құрметті редакция!
Менің сіздерге жазған «Ән көңілдің ажары» деп аталатын мақаламды жариялаған екенсіздер, сіздерге көп рахмет. Менің Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығы қарсаңында жүргізілген ардагерлер кеңесі ұйымдастырған байқау туралы жазған себебім, мен онда байқауға қатысуға немесе жазу үшін барған жоқпын. Көрермен ретінде, байқауға қатысатын адамға қолдау көрсетуге жанкүйер ретінде барған едім. Содан соң ғой көрермендердің әр пікірінің құлағыма жетіп жатқаны. Мен президиумда емес, көрермендермен бірге отырдым. Газетке ол жерден көзім көріп, құлағым естігенді жазған едім көрермен ретінде.
Байқаудың әділетті өткенін, әділқазылар алқасы әділ төрелік еткенін жаздым. Сонымен қатар, менің назарымды аударған кереметтей өрескел емес, бірақ келесі байқауларда ескеретін өз пікірмді де және басқа да көрермендерден естіген кейбір жайлар туралы жазған едім.
Алайда газеттің бас редакторы Баян Таңатарова мені қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұратбек Қожабековтың редакцияға жазған хатымен таныстырып, мен мақаламда көрсеткен азды-көпті кемшіліктерді Қожабеков жоққа шығарған хаты негізінде «сіз неге өтірік айттыңыз редакцияға» деп кінәләды. Бұған менің жауабым мынадай:
Қожабековтың хатын оқығаннан кейін мен байқау Ережесі жарияланған «Талдықорған» газетін алдыма қойып, байқау Ережесінің екінші шартын қайта-қайта оқыдым.
Онда «Дәнеш Рақышевтың репертуарынан және туындыларынан бір ән орындау», сондай-ақ халық әнінен немесе халық композиторларының әндерінен өз қалауымен ән орындау — деп жазылған. Ал, мен мақаламда «кейбір талапкерлер екі әнді де халық әнінен орындады, Дәнештің өз туындысынан ән орындаушылар аздау болды», — деп жаздым.
Ал, Қожабековтың редакцияға жазған хатында «Дәнештің өз туындысынан бір ән орындау емес, әншінің репертуарынан бір ән орындау керек болған» дегенін қалай түсінерімді білмей отырмын… Ереже не дейді? Қожабеков не дейді?
«Байқауға қатысқан ардагерлердің жасына шектеу қою керек еді» – деп айтқан мен емес, залдағы көрермендерден естіген құлақта жазық жоқ. Мен де көрерменмін. Мен мұны мақаламда «байқаудың кемшілігі» деп көрсеткенде, солай деп нақтылаған да жоқ едім.
Ал, байқауға қатысқандардың жасы туралы әңгімеге келсек, 63+90 деген ән орындайтын оңай жас емес деген түйткіл ойымды жеткізген едім. Олай болса көрерменнің ойынан кемшілік іздеу дұрыс емес сияқты. Өйткені, «жасы ұлғайған адам байқау үдесінен шыға алмай қалуы да мүмкін ғой» деген ойым үшін кінәлімін бе?
Қожабековтың редакцияға хатында: ардагерлер «жалған хабар таратқаны үшін автор заң бойынша жазалансын» деп жатыр, — депті. Ол қандай жалған хабар? Менің жазғанымның қай жері жалған?
Оған қоса арда-герлер «автор газет бетінде қалалық Ардагерлер кеңесінен кешірім сұрасын» деген талап қойыпты… Не үшін?
«Бұл ардагер-лердің арасына шоқ салып, топқа бөліп, бір-біріне айдап салу емес пе?» деген ой пайда болды менде. Мені «халық жауына» айналдырып жатқан жоқсыз ба, Қожабеков мырза? Мен де жас емеспін. Өмірдің талай асуынан өткен ардагермін. Көзім ашық, көкірегім ояу жанмын…
Мен ардагерлер кеңесінің жұмысын бастан аяқ мақтауға дайынмын. Ия. Сіздер көп жұмыс атқарып жатырсыздар. Зейнетке шыққан ардагерлерді үйде төрт бұрышқа телміртпей, шақырып, бастарын қосып, түрлі қоғамдық шараларға қатыстырып, көңілдерін көтеріп, қамқорлық жасап жатқан шаруаларыңыздан хабардармыз. Басқа облыс орталықтарында мұндай оң шаралар жоқ, мысалға десек қателеспейміз. Ал, біздің ардагерлер жұмысқа баратындай Ардагерлер үйіне асығып барып, көңілдері жадырап келетінін де білеміз. Ол да сіздер басқарып отырған Ардагерлер кеңесінің арқасы. Ең ақыры, қоғамдық ұйым болып табысқа кенеліп отырмасаңдар да байқауларды жүргізіп, жеңімпаздарға сыйлық алып марапаттап немесе ақшалай сыйлық беріп жатудың өзі қаншама қаржылай шығын? Ол да ардагерлер кеңесінің ұтымды жағы деуге болады.
Бірақ, азды-көпті көрермен айтқан ескертпелерді ескерудің орнына, соны айтқан адамды жауына айналдыру дұрыс па? Жаңа қоғам құрып жатқан ел екенімізді ұмытпасақ қалай болар екен?
Құрметті редакция! Менің осы жауабымды газетке жариялауыңызды өтінемін.
Ғарифа Ордағұлова
«Алатау»: Біз екі тараптың да пікірін оқып, таныстық. Немқұрайдылықтан гөрі пікір айтқан дұрыс деп есептейміз. Кім де болса өзінің артық-кем кеткен жерін осындай пікірлерден біледі. Біздің айтарымыз, газет тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғамның айнасы. «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм үні», — деп Ахмет Байтұрсынов бекер айтпаған ғой. Әрбір адам өз ойын, пікірін газет арқылы білдіре алады. Сондықтан, көрермен пікіріне байланысты жарияланымды дауға айналдырмай, мәселе парасаттылықпен шешіледі деген ойдамыз.
Баян Таңатарова




