1000 БАЛАНЫ ҚУАНТҚАН ҚАЙЫРЫМДЫ ІС
Қайырымдылық – көмекке мұқтаж жандарға, сондай-ақ барлық тіршілік иесіне деген сүйіспеншілік пен нақты қолдаудың көрінісі. Ол – ізгіліктің айқын белгісі, адамның асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымдылық адамның айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегінен, адамгершілік қарым-қатынасынан көрінеді.
Қазақстан Республикасының «Қайырымдылық туралы» заңнамасына сәйкес қайырымдылықтың бірнеше түрі бар. Олардың қатарында филантропия – мұқтаж адамдарға материалдық, қаржылық және әлеуметтік көмек көрсету; демеушілік – белгілі бір іс-шараларды, ұйымдарды немесе азаматтарды қаржылай қолдау; меценаттық – мәдениет, ғылым, білім және өнер салаларына өтеусіз көмек көрсету; сондай-ақ туған жерді, ауылды немесе қаланы абаттандыруға, инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуды көздейтін «Кіші отанды қолдау» бағыты бар.
Қайырымдылық жасау – ислам дінінің негізгі қағидаттарының бірі. Ислам өзгеге жәрдемдесуді, мұқтажға қарайласуды бұйырады. Адамзат тарихына көз жүгіртсек, ислам діні адамдар арасындағы теңдікті нығайтып, бай мен кедейді жақындастыруға, бір-біріне көмек қолын созуға үндеді. Мұсылман үшін мұқтаж жанға жәрдем беру – әрі міндет, әрі сауапты амал.
Жасалған жақсылықтың діни тұрғыдан садақа болуы үшін оның бірнеше ерекшелігі бар. Атап айтқанда, ол мұқтаж жанға берілуі, Алла разылығы үшін жасалуы және өз мүлкінен, адал табыстан берілуі тиіс. Яғни бұл қайырымдылықтың филантропия түріне жатады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген хадисте садақа мен жақсылықты жасырын жасаудың абзалдығы айтылған.
ИГІ ІС
Осы тұрғыдан қарағанда, Жетісу облысындағы «Иман» мешітінің қайырымдылық бағытындағы жұмыстары көңіл қуантады. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсету – үлкен жүректің ісі. Өйткені мектепке баратын баланың жаңа сөмкесін асынып, жаңа киімін киіп, оқу құралдарын түгендеп алғандағы қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын.
Жетісу облыстық «Иман» мешітінде және өңірге қарасты аудан-қала мешіттерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Сәрсембайұлының ұйытқы болуымен «Мектепке жол – 2026» қайырымдылық шарасы өтті.
Шараны өңірдегі «Зекет және қайырымдылық» қоры ұйымдастырды. Жиын барысында бас имам балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білімнің адам өміріндегі маңызына тоқталды. Балаларды жақсы оқып, ізденіп, білімге құштар болуға шақырды.
Балалар үшін шараның қызықты сәттері де аз болмады. Бас имам бүлдіршіндерге түрлі сұрақтар қойып, олардың білімін байқап көрді. Сұрақтарға жақсы жауап берген оқушыларға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Биылғы игі істің ауқымы да көңілге қуаныш ұялатады. Бас мүфтидің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі имамдардың ұйытқы болуымен 1000-нан астам бала мектеп сөмкесі және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 100-ден астам балаға спорттық және мектеп формасы, 100 балаға аяқ киім берілді. Ал 50 оқушыға қаржылай көмек көрсетілді.
«Қуанса, бала қуансын! Игі іске арқау болған барша мейірімді жанға Алла жар болсын», – деді сөз соңында Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы.
Бұл шара қайырымдылық пен мейірімділіктің жарқын көрінісі болды. Сондықтан осындай игі істердің көбейіп, қайырымдылықтың күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны қандай жақсы. Өйткені мейірім бар жерде – береке, жанашырлық бар жерде – жылу бар.
Сембек Абдрахманов
«Алатау»
