ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН
Кербұлақ ауданы орталығы Сарыөзек ауылына қызмет жағдайымен ат басын бұрған едік. Ақтоғай ЖШС — Ресайклинг басқармасына да бас сұғып, жұмысымен таныстық. Солтанбай Мұратбек басқарып отырған бұл шаруашылыққа Сарыөзек қоқыс полигоны және орындаушы директоры Солтанбай Марат «Сарыөзек – Ресайклинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қарайды екен.
Ресайклинг – бұл қалдықтарды қайта өңдеп,

олардан жаңа шикізат немесе өнім алу процесі.
Негізгі бағыттары:
*қалдықты қайта өңдеу – сұрыптау,
келесі өндіріске пайдалану;
*қоршаған ортаны қорғау – табиғат
ресурстарын үнемдеу және
полиондардың санын азайту;
*құрылыс пен жол саласы – ескі асфальт
жабындысын қайта өңдеу (суық ресайклинг).
Қоқыс полигонына бара алмадық, бірақ офис менеджері Сахариева Әсем Ерікқызымен сұхбаттасу мүмкіндігі болды. Ол «Күреңбел су» кәсіпорны мен «Ақтоғай – ресайклинг» серіктестігі бір ғимаратта екендігін айтты. «Күреңбел су» кәсіпорны кешкі беске дейін ғана жұмыс істейді екен, ал бұлар алтыға дейін отыратын көрінеді. Басшылары басқа қалада іссапарда болғандықтан, оның рұқсатынсыз артық ақпарат бере алмайтындығын айтса да, қойған сұрақтарымызға жауап бермей тұра алмады.
— Біз тазалыққа қараймыз, — деп әңгімені бастады ол, бірден менің ойымды оқығандай.
— Көшеге жәшіктер сіздердің тараптан қойыла ма?
— Тұрғындар қоқыс жинайтын жәшікті үй маңына өздері қояды, біз сол жиналған қалдықтарды аламыз. Қоқыс полигоны бізге қатысты емес, біздің жұмыс осы ауыл ішінде жүргізіледі. Көше-көшені әр күнге бөліп, апта сайын жинап-реттеп аламыз. Мысалы, поликлиника жақта 26 көше бар болса, соны дүйсенбіде тазалап шығамыз, ал сейсенбі 23 көшеден, кейін 24 көшеден қоқыс жинастырамыз. Сөйтіп күнде-күнде жинап тұрамыз.
— Жалпы ауылда неше көше бар?
— Бүгінде сексеннен асады, тағы жаңа көшелер де шетінен қосылып жатыр.
— Құрылыс қалдықтарын, жөндеу жұмыстарының қалдықтарын тұрғындар өздері шығаратын шығар?
— Иә, ондай қалдықтарды тұрғындар өздері шығарады. Біз топырақ, ағаш, құм сияқты заттарды қабылдамаймыз, тек бөтелке, қағаз, киім деген сияқты қайта өңдеуге келетін заттарды қабылдаймыз.
— Ондай қоқысты үйден сорттап шығара ма, пластик бөтелкелерді қағаздардан бөлек дегендей?
— Жоқ, ешкім сорттамайды, полигонда бірақ сортталады.
Әсем Ерікқызы әңгімесін жалғастырып:
— Біздің, «Сарыөзек – ресайклинг» ЖШС-гі «Ақтоғай – ресайклинг» ЖШС құзырына кіреді. Сондықтан, ол жақта жалпы қандай іс атқаратынын нақты айта алмаймын. Осы ауыл іші жұмыстары туралы ғана жауап берудемін. Бізбен келісім-шартқа отыратын үйлер де, отырмайтын үйлер бар. Бұрын қоқысты жинаған үшін бізде баға мың теңге болатын, қазір екі мыңға көтерілді.
— Бір контейнердегі қоқысты алып кеткен үшін бе?
— Жоқ, бір айда бір рет. Бұрынғыша, мың теңге төлейтіндер де бар, олар – жалғызбасты аналар және мүгедектігі бар жандар. Жалғызбасты қарттар да осы санатқа кіреді. Кейбір үйлерден қоқысты тегін шығарамыз, олардың қатарына мүгедектер, жағдайы өте төмен отбасылар және жұмысқа жаңа тұрғандар кіреді.
— Мекемеде қанша еңбеккер, техника бар?
— Сарыөзек бойынша контролердан бесеу, менімен алтымыз. Ал техникадан екі қоқыс жинайтын машина, олардың жүргізушісі және ауысыммен істейтін тиеушілер бар.
— Әңгімеңізге рахмет! «Таза Қазақстан» жобасына үлес қоса беріңіздер!
Құралай Мусанова
«Алатау»
