«СУ – ТІРШІЛІК КӨЗІ» ДЕСЕК ТЕ…

0
24

  Сарыөзек ауылының тұрғындарынан редакциямызға ауызсуға және өзге де мәселелерге қатысты бірнеше шағым түсті. Олардың жіберген «Күреңбел су» чатындағы күнделікті әңгімелерінен ауылдағы жағдайдың оңай еместігі байқалды. Бірі судың лай екенін айтса, енді бірі жағымсыз иіске шағымданады. Оған қоса жарық пен жол да әңгіме болды.

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін біз Сарыөзекке барып, тұрғындардың өздерімен сөйлесіп, жағдайды көзбен көріп қайттық. Осы мәселені анықтау үшін аудан әкімінің қабылдауына да жазылдық.
Сонымен қатар, Кербұлақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қасенов Ермек Серікұлына, «Күреңбел су» кәсіпорнының директоры Рамазанов Саят Тәңірбергенұлы мен аудандық СЭС орталығына арнайы қызметтік сұрау хат жолдадық.
Ауылға барған күні орталық ауруханада да, «Күреңбел су» кәсіпорнында да жарық жоқ екен. Ал ауызсудың жайы тіпті алаңдатарлық. Краннан аққан су лай, жағымсыз иісі де бар. Ішуге жарамдылығына күмән келтіресің, тіпті ауыз шаюдың өзіне көңілім бармады.
Таза су – адамға күн сайын керек ең қарапайым нәрсе. Сондықтан бұл мәселені кейінге ысыра беруге болмайды.

Сарыөзек тұрғындары айтып отырған мәселе неден шықты? Судың сапасы тексеріле ме? Лай су мен жағымсыз иістің себебі қандай? Ол қашан жойылады? Бұған жауапты мекемелер не дейді?
Аталған сан сауалдың жауабын тиісті орындардан күтіп отырмыз. Ал мәселенің толық жайын, тұрғындардың пікірін және жауапты мекемелердің жауабын газетіміздің келесі санында тарқатып жазамыз.

Құралай Мусанова 

«Алатау»