Егемендікті Тәуелсіздікпен шатастыратындар аз емес

0
31

 Қызық болды. Бірде кластастар, себеп болған соң, басымыз біріге қалды. Бәріміз бір ауылда тұрамыз. Ананы-мынаны айтып отырып әңгіме барысы еліміздің тарихи сәттеріне ауысты. Себебі «аталмай кеткен Республика күнін неге қайта тойлай бастадық» деген сұрақ қойды бір қызымыз. Расында бірнеше жыл Республика күні аталмай кетіп, 2022 жылы президент Қ.Тоқаевтың пәрменімен қайта атала басталды. Бірнеше жыл желтоқсанның 16-17 күндері Тәуелсіздік мерекесін ғана тойлап жүрдік. Тәуелсіздік күндерін атап жүргенде көбіміз байыбына бара бермей «Неге біз Желтоқсан күндерін «Аза тұту» күні деп атамаймыз желтоқсаншылардың аруағы үшін?» – дедік. Бір-бірімізден «Сен егемен мен тәуелсіздік деген сөздерді қалай түсінесің?» дегенде, өкінішке орай, кластастар жауап бере алмадық. Ұят-ақ екен…Неге білмейтінін айта алмағандар былай деді: «Ешқайсымыз оңдырып газет те оқымайды екенбіз. Телеарнадан көретініміз қысқа хабарлар мен түрік сериалдары ғана, одан кейінгісі смартфондағы былдыр-бадамдар… егемендікті қашан, тәуелсіздікті қашан алдық, ұмытып қалыппыз, бізге мейрам болса болды ғой, демалып, қонаққа барып қалатын», — деп ақталды. Сол жерде білгенімді айтып түсіндірген болдым.

Егемендікті қай жылы,
Тәуелсіздікті қай жылы алдық?

       Қазақстан Егемендік туралы декларацияны 1990 жылы, ал мемлекеттік Тәуелсіздікті 1991 жылы алды. Егемендік: 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдады. Бұл күн елімізде Республика күні ретінде атап өтіледі. Егемен деген сөз ауызекі айтыла бермейтін сөз болған соң, ел бұл сөзді біраз тосырқап барып сөз қорына айналдыра бастады. «Егемен» деген «мемлекеттің өз елінің аумағында өз заңымен жүреді» деген мағынаны білдіреді, яғни бізге бұрынғыдай Мәскеу бұйыра алмайды. Сол 1990 жылы Қазақстан КСРО құрамында болса да өз жерінде өз заңының үстемдігін жария етті. Бұл тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам болды. Тәуелсіздік: 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл күн Тәуелсіздік күні болып есептеледі. Ата Заң бойынша мемлекет, яғни Қазақстан, басқа ешбір сыртқы күшке, яғни басқа мемлекетке немесе одаққа бағынбайды. Бұл дегеніңіз толық еркіндік деген сөз. КСРО тарап, Қазақстан ешкімге тәуелді емес, біреудің боданында емес, өз еркін өзі билейтін азат мемлекетке айналды.

Екі мерекенің мәртебесі

      Республика күні — Ұлттық мереке мәртебесіне ие. Заң бойынша бұл — елдегі жалғыз ұлттық мереке болып табылады (2022 жылы президенттің бастамасымен бұл мәртебе қайта берілді). Ұлттық мереке атауы тарихи маңызы ең жоғары оқиғаларға беріледі, өйткені ол мемлекеттіліктің құрылуына себепші болған тарихи оқиға күні.
Тәуелсіздік күні — Мемлекеттік мереке мәртебесіне ие. Ол қоғамдық-саяси маңызы бар, мемлекеттің өз жолымен дамуын айқындайтын мереке ретінде атап өтіледі.

Ресми рәсімдер мен шаралар

Республика күнінде ұлттық мереке болғандықтан, бұл күні бүкіл ел бойынша міндетті түрде мемлекеттік Ту көтеру рәсімі салтанатты түрде өтеді. Халықтық серуендер, спорттық ұлттық ойындар (көкпар, бәйге) және фестивальдер ұйымдастырылады.
Тәуелсіздік күнінде мемлекет басшысының қатысуымен ел дамуына үлес қосқан азаматтарға (әскерилер, дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері және т.б.) мемлекеттік марапаттар мен ордендер тапсырудың рәсімі өтеді. Сонымен қатар, Желтоқсан құрбандарының ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады. Реті келгенде айта кетейік, биыл «Желтоқсан қозғалысына» 40 жыл.

Егемендік алған мемлекет
әлеуеті қандай?

Бұл жерде мен ЖИ-дың дайын сөздерін емес, өз ойымдағы, түйсігім жеткен пайымдарды бөлісер болсам, ең алдымен егемендік алған елдің халқы кедейлік, жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік деген мәселеден аулақ болып, халықтың құқықтық қорғалуы жоғары, әскери тәртібі мықты, жемқорлықпен күресе алатын, ғылым мен білім, денсаулық саласы жоғары деңгейден көрінуі керек. Олай болмаған күнде халқы ашқұрсақ мемлекет әлсіз мемлекет болып, төңірегіндегі азулы мемлекеттер оның егемендігіне қауіп төндіре бастайды. Осы орайда есіме ауған елі түсе береді. Олар сияқты тұрмыстан құдай сақтасын. Еліміздің әлеуеті жоғары, қауіпсіз елде өмір сүріп жатқанымызға шүкір. Қоғамның, мемлекеттің даму жолында түрлі қайшылықтар, кемшіліктер , дағдарыстар болатыны дамудың заңдылығы. Кей азаматтар еліміздің бүгінгі дамуын сынап жатады, бар кінәні үйіп-төгіп билік басында отырғандарға сілтейді. Рас, қоғамда қайшылықтар да баршылық, халқының тұрмысын жоғарылатуды мақсат тұтқан дамудың еркін бағыттары да бар.

Егемендікті Сіз қалай бағалайсыз?

Осы сұрақты қойғанымда, атын атамауды өтінген елу жастағы бір азаматтың айтқаны: «Жасөспірім болсам да орысша газеттерді көп оқитынмын. Орысша мектепте оқыдым. Саясат дегенді түсінбесем де, орыс газеттеріндегі «казахский национализм» деп, Желтоқсанға қатысқан қазақ жастарын аяусыз ұрғандарына іштей жұдырығым түюлі болатын. Егемендік туралы ата-анам айтып отыратын үйде: «Мәскеу айтты, компартия айтты деген диктовкалар жоқ болды, еркіндік келді», – деп. Орыс мектебінде оқыған соң мұғалімдеріміз Ыбырай Алтынсаринды емес орыстардың педагогтарының еңбегін дәріптейтін: Макаренко, Ушинский, Сухомлинский… Талдықорғанда осы аттас мектептер әлі бар. Егемендіктің арқасы шығар, қазақтың атақтыларының атымен аталатын мектептер пайда болды: Мағжан Жұмабаев, Сайын Мұратбеков, Шоқан Уәлиханов т.б. мектептер бар. Бізде таңдау еркі бар. Өзің білесің арбакеш болсаң да, базарда тележка тасып нан тапсаң да немесе оқып-оқып алғырлығыңды көрсетіп бизнеске барсаң да – жол ашық. Қазақстанды дамытуға, мықты мемлекет болуға бәріміз атсалысуымыз керек. Ең бастысы еліміз бейбіт өмірде, халықтың жағдайы жақсы деп айтуға болатын деңгейде өмір сүріп жатырмыз», — деді. Сіз не дейсіз бұған?
П.С. автордан: Егемендік пен Тәуелсіздік мерекелері мемлекетіміздің беріктігін көрсететін мерекелер. Сондықтан ел мерекелерінің маңызын үйдегі өсер ұрпаққа жеткізіп отырғанымыз абзал деп ойлаймын. Бұл мерекелер халық болып тойлануы керек, аз ғана топ емес, даңғаза концерттермен шектелмей, аға ұрпақ ерен еңбек көрсеткіштерімен, мемлекеттік қызметкерлер халыққа адал қызметімен, өсер ұрпаққа көрсеткен өнегесімен атап өтуге болады. Еліміздегі жалғыз ұлттық мереке болып саналатын Егемендік мерекесі құтты болсын!

Баян Таңатарова

«Алатау»