Алкоголь — қоғам денсаулығы мен әл-ауқатына қауіп

0
33

  Алкоголь – халық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін факторлардың бірі. Оның тұрақты тұтынылуы ми, жүрек, бауыр және жүйке жүйесінің жұмысына кері әсер етіп, созылмалы аурулардың даму қаупін арттырады, еңбекке қабілеттілікті төмендетеді және өмір сапасын нашарлатады.

Әсіресе жастар арасында алкоголь тұтынудың көбеюі алаңдатады. Жас кезеңде адамның мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымдары қалыптасатындықтан, зиянды әдеттердің салдары туралы дер кезінде ақпарат беру және салауатты өмір салтын қалыптастыру аса маңызды.
Медициналық зардаптармен қатар, алкогольді шамадан тыс қолдану отбасылық жанжалдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жол-көлік оқиғаларына, құқық бұзушылықтарға және әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін. Сондықтан алдын алу жұмыстары бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы болып табылады.
Бұл бағытта «ҚОС ҚАНАТ ЖЕТІСУ» қоғамдық бірлестігі Талдықорған қаласы «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын, дәрістерді, тақырыптық кездесулер мен акцияларды өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жүргізуде.
Іс-шаралар барысында жастарға, ата-аналар мен педагогтарға алкогольдің зияны, оның адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін әсері туралы нақты әрі сенімді ақпарат беріледі, сондай-ақ денсаулықты сақтаудың тиімді жолдары түсіндіріледі.
Салауатты өмір салты – әр адамның саналы таңдауы. Зиянды әдеттерден бас тарту, дене белсенділігі, отбасы құндылықтарын нығайту және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау адамның әл-ауқатын арттырып, қауіпсіз әрі тұрақты болашақ қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдын алу – ақпараттанудан басталады. Өзіңіз үшін, отбасыңыз үшін және болашақ ұрпақ үшін денсаулықты таңдаңыз.