Айгүл апаның әлемі

0
647

Дана халқымыз «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп әр адамның өмірінде айрықша орны бар ұстаздар қауымына ілтипат білдіріп, ерекше әспеттеген. Әр бүлдіршінді білім әлеміне баулып, ғылым көкжиегін кеңейтетін ұлағатты ұстаз еңбегі ерен екені даусыз. Тұла бойындағы сарқылмас байлығын шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын сондай ізгі жанның бірі – Айгүл ҚОРҒАНБАЕВА.

Алты белестен асып, жетпіске аяқ басқан ардақты ұстаздың өмір жолына зер салсақ, ұрпақ алдында адал қызмет еткен ұлағатты жанның өнегелі ісін аңғарамыз.
АҚСУ ауданына қарасты Жансүгір кентіндегі ұстаздар отбасында дүниеге келген кейіпкеріміздің асқар тау әкесі Қорғанбаев Бейсебек Мұқанұлы талай жыл Ақсу ауданының білім саласында қызмет атқарыпты. Білім көкжиегінде еңсесін тіктеген әкенің тәрбиесін алған Айгүл апамыз да бала шағынан алғыр әрі зерделі қыз болып бойжетеді. Онжылдықты тәмамдаған соң Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсіп, білім алады. Еңбек жолын 1971 жылы Жансүгір кентіндегі Чапай мектебінде мұғалімдік қызметтен бастайды. Ел алдында ерекше көзге түскен қағылез әрі өз ісіне барын салатын еңбекқор жасты аудан комсомолына жұмысқа шақырып, 1972-1975 жылдар аралығында сонда қызмет атқарады. Ал, 1975 жылы өмірлік жары Андабаев Ахметсапа Ахметқалиұлына тұрмысқа шығып, Ақсу ауылындағы Ы.Алтынсарин, қазіргі Мамания мектебіне бірі математика пәнінің, бірі тарих пәнінің мұғалімі ретінде жолдама алады. Аталмыш мектепте Құдай қосқан қосағымен ширек ғасырдан астам табан аудармай, жемісті еңбек етеді. Осы мерзімде ол өзін білікті де білгір маман ретінде танытып, ұжымының арасында сый-құрметке де бөленіпті. Алдына келген әр балаға тек сапалы білім, саналы тәрбие беруді өмірлік қағидасына балайтын ұстаз ешқашан мақтау мен марапат үшін жұмыс жасамағанын айтады.

– Отыз жылдай уақытымды білім беру саласына, соның ішінде бала оқытуға арнадым. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, алдымнан өткен әр шәкіртті мөлдір бұлаққа теңедім. Олардың санасына сәл де болса білім нәрін құюға бар күшімді жұмсап, ынта-жігерімді салдым. Әр оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді ұстаздық борышым деп санадым. Өзгелер секілді марапат үшін қызмет жасамадым. Мен үшін ғылым мен білімге баулыған шәкірттерімнің жеткен жетістігінен асқан марапат жоқ,– дейді ардагер ұстаз.

САНАЛЫ ғұмырын өскелең ұрпақтың оқу-тәрбие ісіне арнап, бар білгенін оқушы бойына дарытуды мақсат тұтқан, өз мамандығының білгірі тек шәкірттеріне ғана емес, отбасындағы аналық міндетіне де ерекше көңіл бөлді. Содан болар, бес баланың екеуі бүгінде мемлекеттік қызметте жұмыс атқарса, одан кейінгілері білім саласының тереңіне бойлап, ата-анасының жолын қуыпты. Шәкірт тәрбиелеуде ерінбей еңбек еткен ерлі-зайыпты ұстаздардың ізгі ісін қыздары жалғауда екен.
– Ұстаздар отбасында өскен үш қыздың бірі тарих, бірі орыс тілі және тағы бірі қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеміз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, әкеміз бен анамызға қарап өсіп, солардың салған сара жолымен біз де балаларға білім, тәрбие берсек деген ниетпен осы мамандықты таңдадық. Тек қана әке-шешеміз емес, атамыз бен нағашы жұртымыздың барлығы білім саласында қызмет атқарғандықтан, бұл біздің де қанымызға дарымауы мүмкін емес еді,– дейді «Айналайын» балалар үйі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын қызы Жазира Андабаева.
Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. Оның лаулаған жалыны әр жүрекке нұр құятын, көңілге жылулық ұялататын өмірдің қайнар көзі іспеттес. Талай шәкіртке ғылымда бағдар көрсетіп, жол сілтеген, біліммен сусындатып, көкірек көзін ашып, қанатын қатайтқан ұстаз есімі әр баланың санасында мәңгі сақталары сөзсіз.
ОТЫЗ жылдан астам уақыт бала оқытуға арнаған аяулы ана бүгінде Құдай берген он немереге ақылшы әже болып отырған жайы бар. Ұзақ жылдар еткен еңбегінің жемісін көрген ол күні кеше «Ана жүрегі» медалімен марапатталып,Талдықорған қаласы әкімдігінің құттықтау хатына ие болды. Ендеше, ұстаздық борышын адал атқарып, өмірін ұстаздықпен өрнектеген Айгүл Қорғанбаеваға мерейлі жасыңыз мерейіңізді асырып, аман жүргейсіз дейміз.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ 

Шәкірттерімен шұғылалы

Маржан ДОЛДАЕВА, 28 мектеп-гимназиясының математика пәнінің ұстазы: – «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп бабаларымыз айтқандай, менің мұғалімдікті жүрек қалауыммен таңдауымның себебі ұстазым Айгүл Бейсебекқызының математика пәніне деген қызығушылық пен құштарлықты арттыра білгендіктен деп білемін. Ол кісінің сабақ беруі, оқушыларды баурап алуы мен қиын да қилы есептерді оқушыларға меңгерту шеберлігі болар, осы мамандықты таңдауыма себеп болды. Ендеше, шәкірт ретінде Айгүл апайға айтар алғысым шексіз.

* * *

Әсия ҚАЛИЕВА, Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің мұғалімі: – Айгүл Бейсебекқызы математика пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшіміз еді. Әр оқушының пәнді жақсы біліп, меңгеруі сол пәнді оқытатын ұстазына тікелей байланысты. Сондықтан ұстазымыздың арқасында менің математикаға деген қызығушылығым оянып, ерекше ықыласпен сүйіп оқитын едім. Ол кісі бойындағы сабырлылығы, білімі және нағыз мұғалімге тән дауыс ырғағымен баршамызды өзіне баурап алатын. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, бүгінде өзім де балаларға тәлім-тәрбие беріп, ұстаздық қызмет атқарудамын. Айгүл апайдың алдында біз мәңгілік бала болып қала береміз. Осындай мұғаліміміз болғанына мен мақтанамын.
* * *
Толқын ӘБІЛМӘЖІНОВА, Мамания орта мектебінің 1985 жылғы түлегі: – «Мұғалім – маңызды және асыл мамандық» деген сөзді мен бала кезімде әкемнен жиі еститінмін. Мектептегі әр ұстаз менің есімде мейірімділігімен, әсіресе балаларға деген жақсылығымен, олардың мәселелеріне шынайы көзқараспен қарайтын жан ретінде қалды. Айгүл Бейсебекқызы да сондай құрметті және сүйікті ұстаздар қатарында. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі – терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Осындай қасиетті өз бойына дарыта білген және өз өмірін осы салаға арнаған ұстазыма ерекше рахметімді айтамын.

Лина КӘЛІМХАН

Бөлісу: