«Алатауды» үзбей оқитын апа

0
1096

Адам өмірінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жаста жан-жақтан қаумалап, қолдап-қолпаштап жатса бір жасап қалады емес пе. Бала жастан еңбексүйгіш болып өскен Өмірсерік БЕКМЕТОВА апамыздың да туған күні қарсаңында елдің құттықтауына бөленіп, масайрап отыратын сәттері аз емес.

Сексеннің біз де келдік жетеуіне,
Жаманның ергенім жоқ жетегіне.
Біз байғұс қалтақ-құлтақ етіп келдік,
Біздей шал жатып қалды төсегінде.

деп Абыл (Т) ақын айтқандай, ел ішінде Серік апа атанып кеткен кейіпкеріміз тамыздың бесі күні сексеннің жетеуіне келді. Осы жасқа жетсе де апамыз қартайдым деп отырған жоқ, қимылы да ширақ. Үй шаруасына да мығым деп айтсақ асыра айтқандық болмас. Жасынан қиындықты көп көрсе де еш мойымады, қайта көппен бірге иық тіресе алға қадам басты. Апамызбен сәлемдесуге үйіне арнайы барғанымызда сөйлесіп жүріп шәйін де қойды, пәтер ішінде зырылдап жүріп ескі суреттер мен газетке шыққан мақалаларын көрсетіп, өткеннен сыр шертті. Осы күнге жеткеніме шүкіршілік айтамын дейді тыл ардагері.
«Ата-анам оқымаған, тақыр кедей болды. Отбасындаға жалғыз тал бала болдым. Әулие Көтен тәуіп атаның ұрпағымын. Анам аяғы ауыр кезінде осы атамыз түсіне еніп: «Балаңның атын Өмірсерік қой» деп аян беріпті. Әкем тоқсанға келіп көз жұмса, анам сексен төртінде өмірден озды. Сарқанда тудым, алты жасымда мектепке бардым. Жағдайымыз өте ауыр болды. Әке-шешем өздері оқымаған соң, менің білім алуым үшін қолындағы барын аяған жоқ. Жасымнан спортқа да бейім өстім. Мектепте жүріп жеңіл атлетикамен шұғылдандым. Қазірге дейін үйде отырмай, қолыма таяғымды алып алып, скандинавиялық жүріспен айналысамын. Бұл денсаулыққа өте пайдалы. Мектепті бітірген соң оқуға түсу үшін Алматыға аттандым. Әсем қалаға галош киіп, ескі күртешемен келдім десем, біреу сенсе, біреу сенбес. Осылай денешынықтыру институтына түсіп, бес жыл оқыдым. Кейін тұрмысқа шыққан соң сырттай екі жыл оқып, байланыс техникумының дипломын алдым. Денешынықтыру институтын тәмамдаған жылы мені жолдамамен Ақсу ауданына жіберді. Мұнда келгеннен кейін райком комсомолға жіберді. Осында хатшы ретінде жұмысқа тұрып, партияға өттім. Содан отыз жыл бойы үздіксіз еңбек еттім. 1957 жылы тұрмысқа шықтым. Жолдасым жоғарғы қызмет жасады. Өте керемет адам еді марқұм. Екеуміз он жыл ғана тұрдық, 1967 жылы көз жұмды. Бес баланы дүниеге әкелдім. Аралары екі жастан болды. Шешем марқұм: «туа бер, өзім қараймын» деді. Анамның арқасында бір баланың да жалайығын жуғаным жоқ. Сол кісінің көмегімен жұмысқа да шығып жүрдім. Кейін екі балам қайтты өмірден. Қазір екі қызым, бір ұлым бар. Бәрі де өз алдына үйлі-баранды. Қайтыс болған кіші ұлдан Тахир атты немерем қалған. Сол немереден енді «Әлім» атты шөбере сүйіп отырған жайым бар. Олардың бәрі Алматыда тұрады. Арасында қонақ бол-ып барамын, өздері де келіп тұрады.

…Отыз жыл үздіксіз еңбек етіп, 1989 жылы зейнеткерлікке шықтым. Бірақ үйде  отырып қалған жоқпын, 85 жасыма дейін партияның жұмысына араластым. «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филалы төрағасының бірінші орынбасары болған Әсия Тұрсынқызымен бірге жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Еңбегім елеусіз қалған жоқ. Жыл сайын мақтау грамоталары мен алғыс хаттар алдым. Кеудеме медаль да тақтым. Басшылық тарапынан көрсетілген құрмет те көп. Қала әкімі болған Ермек Алпысов жаңа ауданнан бір бөлмелі пәтер де берді. Бүгінгі таңда осы үйде тұрып жатырмын. Тағдырыма ризамын. Осы жасыма дейін өзім де қолымнан келгенше елге көмек бердім. Айтқан адамның сөзін жерге тастамай, орындауға тырыстым. Ешкімнің ала жібін аттағаным жоқ». Осылай деп ағынан жарылған апамыз өзімен құрдас, сырлас болған қыздар туралы да қысқаша әңгімелеп берді.
«Райхан, Күлтәй, Гүлжамал, Марфуға атты керемет жандар еді. Бәріміз «Жан-сүгірде» бірге тұрдық. Кейін Алматыға қоныс аударған соң да жақсы араластық. Қазір осы бес қыздан екеуміз ғана жер басып жүрміз. Сағынғанда қарап отырайын деп «Ақсудың аққулары» деген жазумен суретті үлкейтіп алдым, үйімнің бұрышында тұрсын деп» деген апамыздың жанары жасқа тұнып сала берді.

Бір сәт үнсіздіктен соң: «Адам ұрпағымен мың жасайды ғой. Шүкіршілік деймін осы өміріме. Негізінде әйелдің жүгі қашан да ауыр, әйел оны көтере білгенімен қадірлі. Ел іші тыныш, халық аман болсын» деп жадырап сала бергені. Апамның жүрегінің мейірімі мен пейілінің кеңдігі, бойдағы темірдей төзімі оның бір ұлтты емес, күллі адамзатты қорғап тұрғандай сізілді.
…Еліне елеулі қызмет етіп, халқына қалаулы болған Серік Жұматайқызы «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің тұрақты оқырманы. Газеттің әр санын қалдырмай, онда шыққан мақалаларды үзбей оқып келетін апамызды келген жаңа бір жасымен құттықтап, шаршамай жүріп, жүздің төріне шығыңыз деген жылы тілегімізді білдіреміз. Аман болыңыз, «Алатаудың» апасы!

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ