«Алтаудың» Ардагүлі үшемді өмірге әкелді

61

Сүйінші, сүйінші, сүйінші ағайын! Қыз бала міндеті – өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу.  Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді, – деген аталы сөз бар. Алла шілдехана мен бесіктойдың қатарын көбейтсін. Айтайын дегеніміз, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде үлкен қуаныш болуда. Біздің редакцияда журналист болып қызмет еткен Ардагүл Әскербек  атты қызымыз дүниеге үшем әкелді.

Талдықорған қаласындағы  облыстық  перинаталдық  орталықта  үш бірдей қызды өмірге әкелген  Ардагүл  енді алты баланың анасы атанып,   көпбалалы отбасылар  санатына кірікті.

Әріптесіміздің тұрмыс құрғанына алты жыл болды. Көксу ауданы Балпық би кентінде ата-енесімен бірге тұрады.

«Құрсағымда   үшемдер жатқанын білген кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. ультрадыбыстық  тексеруден өткенде дәрігердің: «міне, бір бала жатыр, кейін қарап тұрды да, ой,  екеу екен, сосын,  тоқтай тұр, тоқтай тұр, тағы біреуін көріп тұрмын» деп  ақыры  үшем екен деп мәз болды. Артынша  үшеуі де қыз екенін білдік.  Бұлардың алдында екі ұл және бір қызымыз  бар. Бүгін міне, үшемнің ата-анасы атандық. Аллаға шүкір деймін. Негізі жолдасым жақтан да, өзім жақтан да  егіздер  бар. Сондықтан шығар маған осындай  шексіз бақыттың  бұйырғаны.

Тұңғышымның есімі – Жансая. Одан кейінгі ұлдарыма Айсұлтан, Нұрсұлтан деп ат қойғанбыз. Сол кезде қызым  Айсұлтанға,  Нұсұлтанды туып бердің ғой,  енді маған Гүлсаяны қашан туып бересің деп айтатын. Алланың қалауымен, міне үш қыз дүниеге әкелдім. Ендігіде  Жансаямның тілегімен  бөпелердің есімін – Гүлсая,  Нұрсая, Күнсая атауды жөн көрдік»,  –  дейді журналист, жас босанған ана Ардагүл Әскербек.

Ардагүлдің  мерзімінен бұрын, 30 апталығында толғағы келгендіктен, дәрігерлер оны кеср  тілігі арқылы босандырып алды. Қазіргі таңда  ана  мен балалардың жағдайы қалыпты, өздерін жақсы сезінеді. Дәрігерлердің жіті  бақылауындағы сәбилердің салмағы – 1 кг 900 гр, 1 кг 800 гр, 1 кг 700 грамм.

Көпбалалы ана атанған әріптесімізді шын жүректен құттықтап, шаңырағыңнан бесік жырының үні үзілмей, балалардың шат  күлкісі тыйылмасын дейміз!

 Арайлым  НҰРЖАПАР

Бөлісу: