АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ

0
1595

Абай хәкім айтқан толық адам талабынан көріне білген Алматы облысының және Ақсу, Көксу, Қаратал аудандарының Құрметті азаматы «Ойнама балам, ойланғын» атты екі томдық эссенің, «Әдептілік әкеден», «Шұбар ат», «Тағзым», «Тәттібай мерген», «Ноқта ағасы», « Мен қазақпын» аты кітаптардың авторы, «Үш бәйтерек», «Армысың, әз-баба», «Нұрмолда», «Жұлдызды жігіт» кітаптарын құрастырушы, республикалық «Шыңғысхан» журналының құрылтайшысы әрі «Ұран» қоғамдық қорының төрағасы, «Үш Бәйтерек», «Батыржан» қоғамдық қорының кеңесшісі, абыз аға Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ біртуар азамат.

Талап

Н. Қылышбаевтың талап туралы ой-толғауына зер салайық.
– Біздің әкеміз Қылышбай Молжігітұлы 1950 жылы қадақ ауруынан қайтыс болды. Әкеміздің шешеміз Нұрила Аққұлқызымен қоштасарда айтқан соңғы сөзі:
– Шебер деген атым бар еді. Төрт колхоз бірігіп жатқанда ең болмаса бір жыл ұста болмадым-ау!
– Балаларыңның жағдайын неге ойламайсың? – деген шешеме сәл жымиып:
–Дұрыс тәрбиелесең елдің баласы атанады, ағаттық жіберсең сенің балаң болады. Таңдау өзіңдікі депті, – ұста Қылышбай. (Н.Қылышбаев. Әлемнің жарығын сыйладың сен маған. 390 бет.) Нұрила ананың өлшеусіз еңбегі Наурыз Қылышбайұлын елдің баласы деңгейіне көтергені бәрімізге аян. Ал, ананың үкілі үмітін ақтау жолында Наурыз Қылышбаев ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегімен еңбек етіп талап биігіне көтерілді. Алғашқы билік табалдырығын аттағанда Нұрила анасы:
–Балам билік деген атына сай киелі ұғым, мәртебелі дүние. Қиынның қиыны – қарапайым болу. Қарапайым болсаң, адал да әділ боласың. Ондай адам қараға да, ханға да жағады.Осыны ұмытушы болма, – дейді.
–Ұқтым, апа, – деймін…
– Бері қара, – деді.
Алақаны толы ұсатылған шыны. Мұнысы несі деп тесіле қараймын.
– Алақаныңды жайып жіберсең – мынаның бәрі шашылады, жартылай жұмылдырсаң алақаның да аман, уысыңдағы да түгел сақталады.
Бұл өрелі сөз басшылық қызметтің қай сатысында болса да Наурыз Қылышбаевтың елді ұйыта ұйымдастырып, бірлікте ұстауына темірқазық болды. Қашанда көз алдында анасының шыны толы уысы тұрарын сезген куәгерлерінің бірімін. «Шешемнің баспалдақ туралы айтқанын да ұмыта алмаймын. Шешем баспалдақтардың таза, құрғақ сақталуын талап етіп отыратын. Баспалдаққа мал қиы, батпақ жабысса үстерің былғанады, қар, не жаңбыр суынан кейін мұз шалса, тайып жығылып мерт боласыңдар, дегені көңілге қонымды болғанымен, төменнен жоғары шыққан сайын алған әсеріңді өткен жылдармен бағамдау қажеттігін ол кезде түсінбеппіз. Енді ойласам, тарихтың дамуы да төбеге шығатын баспалдақтың сатысына ұқсай ма деймін. Оның тереңде жатқан тамыр лүпілін дөп басып, ақ-қарасын мұқият сараптап қажетіңе жарата білуді әдептілік демей не дейміз» деп жазады Наурыз аға. (Әдептілік әкеден. 259-бет).
«Мүмкін мен анамның тарыдай жақсылығын таудай етіп, тым мақтанып отырғандай көрінермін. Бірақ осы мақтанышымның түп-тамырында перзенттік сүйіспешілігім жатыр емес пе?» деп толғануы анасының бесік жырымен санасына, жүрегіне ұялатқан ұстанымы Наурыз Қылышбайұлының өмірлік мұраты екендігін паш етеді.
«Қай ауданда жүрмейік, қай деңгейде қызмет атқармайық Жеңіс екеуміз асыл анамыздың осындай әңгімелерін естен шығармай, аманаттарына қиянат жасаған емеспіз». (Н. Қылышбаев.Әлемнің жарығын сыйладың сен маған. 391 бет.)
Жоғарғы оқу орнында білім алудағы басты мұраты біліммен сусындаумен қатар, рухани деңгейі асқақ Алматының мүмкіншілігін шамасы келгенінше өз қажетіне толық пайдаланып қалу болады, оның жемісін еңбекке араласқанда пайдалана, іске асыра білді де. Ана талабы орындалды.
Анашым!
Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам,
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді,
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам. Ақиық ақын Мұқағалидың осы бір жыр жолы Наурыз ағаның анаға деген биік махаббатымен үндес-ақ.

Еңбек

Н. Қылышбаев мемлекеттік қызметкер деңгейіне көтерілгенше еңбектің біраз сатысынан өткен жан. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ үлкендерге ілесіп Ұмтыл ауылынан асып, Сарыесік құмынан сексеуіл әкелетін ол мектепті бітірісімен ұжымның шаруашылық ісі меңгерушісі Тен Алексей Романович пен автомеханик Шиль Иосиф Федоровичтің қарамағында электрстансыда моторист, токарь, ағаш ұстасы, күзетші болып еңбек жолынан өткен. Комсомол хатшысы, Таңатар Иманғалиев жаттықтырған «Жаңаталап» ауылы футбол командасының бас қақпашысы сынды қоғамдық істермен шыңдалып өскен жан.
Қаратал, Андреев, Ақсу, Көксу аудандандарында аудандық партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитетінің басшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудан әкімі қызметтерін жемісті басқарған білікті басшы.
Ғибратты ғұмыры көкжиегіне көз салғанда екі жағдайды аңғарар едік. Бірі – үнемі өсу, жетілу, кемелдену. Біреулердің бағы жанады, біреулердің бабы жанады десек, бағы да, бабы да жанған Наурыз Қылышбаевтың басты мақсаты әкім болу емес – азамат болу. Даурықпаған, ешкімнен қаймықпаған, даңғойлыққа салынып көрген жан емес.
Өмір жолында шыңдалып өскен Наурыз Қылышбаев егемендігіміздің ауыр жылдарында Көксу ауданын басқарды. Ұлы көштің алдыңғы сапында болды. Салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді құрметтеген білімді де білікті әкім. Оның дәлелі алғашқы болып қазақ тілін дамытуға атсалысып, мешіт салдырды. Жалайыр бабамызды, Ескелді, Балпық, Қабан жырау, Жолбарыс, Орақты, Қарынбайдай ұлыларды ұрпақтарымен қауыштырудағы еңбегі мол.
Басқа өңірлерде электр жарығы мардымсыз болса, ауданда электр жарығы қажеттілікті толық қанағаттандырып отырды, оның жолын білгірлікпен тапты. Бабалар мерейтойларының негізгі шығынын облыстық бюджетке салмақ түсірмей, ауданның ішкі мүмкіндігімен шешуі ұтымды ұйымдастыра білуінде. Көпбалалы аналардың жәрдемақысы, зейнеткерлердің зейнетақыларының уақытылы берілуі, елдің келешекке деген сенімін арттырды. Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзің үшін оттаған хайуандайсың» демеп пе еді? Наурыз Қылышбаев елі үшін еңбек еткен білікті көшбасшы.
Кез келген мәселені шешуде өз түйсігіне сүйеніп, өзіндік сүрлеу табатын, қоғамға азаматтық позициясын айқын аңғарта алатын Наурыз ағаны қатарлары да, жастар да үлгі тұтты. Елге, қоғамға сіңірген еңбегін бұлдамай, жарнамаламай, кеуде соғып, төс қақпай сүбелі сөзін ақиқатпен суарған, құйқалы пікірі ұлт қамына ұласқан жанмен қызметтес болғаным маған Алланың берген бағы болар.
Наурыз Қылышбаев – тұғырлы тұлға. Ол шынымен де дәуір адамы, айналасын нұрландырып жүреді. Ол – жаның жабырқап, жай таба алмағанда, шарқ ұрып әлденені іздегенде, санадағы сан сауалға жауап таба алмай сансырағанда ақылшың болар абызың. Бір іске тәуекел етіп қияға қол созғанда қолтығыңнан демеп жүрер қамқоршың. Әр істе сабырлы ақылға жүгіндіріп, кем-кетігіңді толтырып, ой-өрісіңді кеңейтер жанашырың.
Басшыны сыйлау – мәдениеттіліктің белгісі. Басшы айтқан сөз бұрыс болса да бас шұлғу парасаттылықтың белгісі емес екенін, ақиқаттан биік ешнәрсе жоқ екенін бізге үйреткен, ар-намысқа ұйытқан Н. Қылышбаевтың рухани жетілген, жан-жақты тұлға екендігінде дау жоқ. «Екі жаман таласса кір шығады, екі жақсы таласса сыр шығады» дегендей, пікірталаста жеңсем деген оймен емес, турасын тауып, ақиқатты арашалап қалсам деп шыр-пыр күйге түседі. Елдің бәрі мендей ойлауға, мендей болуға тиіс, деген саяз ойдан ада жан.
– Өмір жолда талмай іздену, іс-амалда әділдікті алғы шепке шығару керек, бәрін біліп алдым деген адам жаңылады, ақиқатқа жету бір нүктеге тірелу емес, заңға тірелу, – дейді Наурыз Қылышбаев.

Терең ой

Наурыз Қылышбаев байлыққа қызықпаған, Алланың нәсібін қанағат тұтқан жан. Рухани байлығы бір басына жетерлік. Қаламгерлікке ден қою сыры да осында. Бар ықыласымен бабаларды ұрпағымен кеңестіру үшін жүрек түбіндегі шынайы дүниесін халқына хал-қадірінше жеткізуге тырысты. Наурыз Қылышбаевтың шығармаларын зерделеп санаға сіңіріп, жүрекке тоқып оқысаңыз тәуелсіз сана орнығып, рухани жаңғырасыз, кемелденесіз. Шығармаларындағы берік ұстанымдар мемлекеттік қағидалармен үндесіп жатады.
«Мен тарихшы емеспін.Тарихты білгім келеді. Қыр-сырын түсініп, мәнін ұғуға тырысамын. Ақ-қарасын айырсам деп талпынамын. Жазушы емеспін. Оқырманмын. Жәй оқырман емес, екі тілді меңгерген оқырманмын. Кітапты қопарып жүре бермей, астын сыза оқып, ой тоқтатып, оқығанымды сараптап, түйін түюге жастайымнан әуеспін. Соның арқасында өз көзқарасым қалыптасты. Ұстанымым анықталды. Не айтсам да, байыптап айтқанды жөн санаймын. Ептеп жазуға құмармын. Кішігірім естеліктерімде пікірімді ашық білдіруді жөн деп есептедім. Шындық, адалдық, әділдік аясында. Қиын екен. Болса болсын. Тәуекел!» (Тағзым. 6 бет.) Міне, кітап жазудағы нар ағаның басты мақсаты. Нағыз қара терін сығып, он толғанып, сан сарылып жүрген ізденгіш азаматтың жүрек назы осындай.
«Кезінде үш коммунистің пікірі (отзыв) негізінде мінездеме жазушы едік. Жазғаныңның өтірігі болмайтын. Мақтауын асырып жіберсең күдік тудырасың, кемшілігі басым болса қызметке өткізе алмай беделіңнен айрыласың. Өскен ортасында ысылған білімді маман, іскер азаматтарға кепілдік беріп қызметке тарттық. Олардың көбі майталман басшы қатарына қосылды. Басшысы қосшысын сыйлап, қосшысы басшысын ардақтаған заманның адамдарын еңбекші деп атадық, солай деп жаздық та. Халықтың қамын ойлап, жоғын жоқтағандары ардагер атанып, зиялы қауым қатарына қосылды. Елдің сый-құрметіне бөленді. Неге мадақтап жазбасқа. Жаздым. Әлі де жазамын. Әділет тұрғысынан. Шындық аясында.» (Тағзым.220 бет).
Ағамыздың қызмет бабында жүргенде-ақ жазуға ысылғаны көрініп тұр емес пе?!
Тарих сырына үңілу ісінің қызығын да, шыжығын да, азабын да, жанға қуаныш сыйлайтын ғажабын да қатар бастан кешіріп жүрген жанның жан дүниесіне үңіліп көріңіз. Қазақтың басынан өткен ғасырлар қатпарындағы қым-қиғаш тарихты қопару, зерттеу, зерделеу оңай еңбек емес. Бәрі де көз майын тауыса ізденумен, құштарлықпен келеді. Қазақ тарихының қара орманына жетелеп кіргізіп жібереді бір сиқыр. Ата-баба, ел мен жер тарихының бұрын беймәлім қазына – деректеріне, сыр сандығына құлшына ене бергің келеді. Алтын көмбелі, рухыңды асқақтатар Шыңғыс хан, Жолбарыс, Ескелді, Балпық, Қабылисадай әулиелер, Тәттібай мерген, Оспан болыс, Тіленші қазы, Қарынбай би, Назар би, Орақты батыр, Нұрмолда, Батыржан, Зылиха тағы да басқа да ардақтыларымыз туралы көптеген белгісіз жайлардың бетін ашып берді, оқыған сайын кемелдене түсесің. Жиған-терген, жазған еңбектеріне бір мақала көлемінде түгелдей шолу жасау мүмкін емес, әрі оны мақсат тұтпадық. М. Әуезов: «Абай мұхит болса, мен оның тамшысын ғана жаздым» деген екен. Халқымыз: «Теңіз дәмі – тамшыдан» дейді.

Қанағат

Арабтың бір бай адамы «Мен өз балаларыма материалдық байлығымды, не болмаса бизнесімді тастап кетемін деп еш уақытта айтқан емеспін, еш уақытта айтпаймын да. Мен артымда жаманат қалдырмауға барымды саламын. Балаларым өз әкесі туралы, бұлардың әкесі лас, дүниеқоңыз, арзан адам еді, деген сөзді естімесе екен деп тілеу тілеймін», – деген екен. Наурыз Қылышбайұлының басшылық қызметте жүргенде небір ғимараттарды, құйқалы жерді жекешелендіріп алуына мүмкіндігі мол болғаны шындық. Табиғаты таза адамның ар-ұяттан аттап кетпесін ісімен көрсетті. Барын қанағат тұтты. Осындай мәселелер төңірегінде ой қозғалған кезінде: «тыныш жүрсең тыныш ұйықтайсың, қанағатшыл бол» деп әрі қысқа, әрі нұсқа берер жауабы әлі есімнен кетер емес.

Түйін: 1941 жылы борандатқан ақпанда өмірге келіп, Наурыз мерекесін асыға күткен ауылдастардың ақ тілегі ескеріліп Наурыз атанған ағамыз осы жылдың 10 ақпанында 80 жастың сеңгіріне көтерілгелі отыр. Француз ойшылы Жан-Жак Русса: «Ақылды болу бір басқа, ақылды көріну бір басқа. Ақылды болу ой мен сананың, таным мен талғамның, иман мен жиғанның жемісі, ал ақылды көріну адамның сыртқы әлеммен байланысына байланысты деген» екен. Айшықты айтылыпты. Наурыз Қылышбайұлының әлемі, келбеті тура осы бір мақпал беткейде көмкеріліп тұр.

Сайлаубай Бәзілұлы,

Көксу ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қаз ССР білім беру ісінің үздігі.


ПІКІР ЖАЗУ