Апат айтып келмейді

115

Қамданған  қапы  қалмайды.  Алайда,  Батыс  және  Солтүстік,  Арқа өңірлерінде күннің күрт жылынуына байланысты су тасқыны көрініс берді. Онсызда экономикалық ахуал сын көтермей тұрғанда,  көктемгі тасқынға атүсті  қараған өңірлерді су басып жатыр.  Ақмола,  Ақтөбе,  Шығыс Қазақстан,  Батыс Қазақстан,  Қарағанды, Қостанай,  Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысындағы 160-қа жуық елді мекенге су басу қаупі бар екенін төтенше жағдайлар Министрлігі хабарлаған болатын. Айтып ауыз жиғанша,  Атырау,  Ақтөбе, Орал  қалаларын еріген қар суы басып қалды.  Жалпы Қазақстанда 227 елді мекенде тасқын судың қаупі бар деп Министрлік дабыл қағуда.

Биыл Жетісу және Оңтүстік өңірлер Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарында қыс жайлы болды. Тіпті,  қар жаумады десе де болады. Күзде ауа-райы жаңбырлы болып, желтоқсан-қаңтар айларында қар қалың түспеді. Ал Батыс, Солтүстік, Арқа, Шығыс Қазақстан облыстарында қар қалың түсіп, көктайғақ, бұрқасын жел болып, жауапты мекемелер аймақ түгілі, қала көшелеріндегі жауған қарды тазалап үлгермей жатты. Тіпті, ақ мамықтың  апталап  жауған кездері де ұмыт бола қойған жоқ. Айтулы өңірлер көктемнің келетінін біліп, алдын ала су тасқынына қам-қарекет жасаулары тиіс еді. Бірақ «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегендей, бір-біріне сілтеген жауапты мекемелер көктем шығып, ауа-райы күрт жылынып, қар көбесі сөгіліп тасқынға ұласқанда «Жау кеткен соң қылышыңды қиға шап» дегеннің керін жасауда. Мәселен, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қала әкіміне: «Тиісті қаражатты дер кезінде бөліп бердім, көктемгі тасқынға сақадай саймын дегенің қайда?» деп жұрт көзінше әкімнің екі аяғын бір етікке тықты. Тіпті облыс орталығындағы «Батыс-3» тұрғын үй алабын су шайып, бір бүлдіршін тасқын судың құрбаны бола жаздады. Құдай сақтағанда көшеде жүрген адамдардың көзі шалып, баланы көпір астынан әрең шығарып алды. Тасқын судың қатты болғаны сондай, тұрғын үйлерге басып кіріп, көшедегі көлік қозғалысын шектеп, республикалық жолдарды да бүлдіріп,  қалаға қатынауды қиындатқан. Тілсіз жаудың ойранынан кейін Ақтөбедегі облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың төрағалығымен су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайды ескерту мен жоюға байланысты кезекті отырыс өтті. Ақтөбелік Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сәйкес, облыс аумағының 71 пайызын қар басқан. Шалқар және Ырғыз аудандарында қар еріп, Байғанин ауданында екі ауылдық елді мекенге, Қобда ауданында екі ауылға апаратын грейдер жолы мен көпірді су шайып кеткенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысына көрші жатқан Батыс Қазақстан да тасқын сумен алысып әлек. Себебі Орал қаласында су тасып, апат орын алды. Бұл туралы azh.kz сайты хабарлады. Тасқынға қамданған аудандар арасында Жылыой аймақ бар. Тасқын селді суармалы алаңдарға жіберіп үлгеріпті. Атырау облысындағы ауылдарда су басып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Бұған қатысты өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді,  деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше 30 наурыз күні сағат 22.00-де Сағыз ауылында еріген қардың әсерінен Ноғайты өзені арнасынан асқан. Су деңгейі шамамен 3 метрге көтерілген. Төтенше жағдайлар Министрлігінің хабарлауынша Қазақстанның 227 елді мекенінде тасқын судың қаупі барын айтуда. Өткен аптада тасқын су мен тосын дауылдан зардап шекпеген аймақтар жоққа тән. Мәселен Алматы облысында да, ұйытқыған дауылдан қала көшелеріндегі жарнамалық билбордтар мен ағаштар құлап, ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатырын жұлып кетті. Өзге өңірлердегі тосын апаттарға байланысты Алматы облысында қауіп-қатердің бар-жоғын білмек болып облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілдеріне хабарластық. ТЖД-нің ескертуі бойынша, Жетісу өңірінің тауларында  01-04 сәуір аралығында көшкін қаупі бары айтылған.

Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан, туристерден және демалушылардан қар көшкінінің ықтимал түсуіне байланысты қарлы беткейлерге шықпауды, сондай-ақ таулы жерлерде барлық қауіпсіздік шараларды сақтауды сұрайды.

Алматы облысының аумағында көшкін қаупі бар 109 учаскі бар.  Олар: Еңбекшіқазақ, Талғар,  Қарасай, Сарқан, Ескелді аудандарында және Текелі қаласында,  сондай-ақ  Іле Алатауы жотасының Оңтүстік беткейінде және Жетісу Алатауы тауларының Солтүстік жотасында орналасқан.

Негізінен қар көшкінінің түсуі температуралық фонның жоғарылауы және жаңбыр мен қар түрінде мол жауын-шашынның түсуі себебінен болады.

Бүгінгі таңда облыс аумағында жағдай тұрақты.

Қауіпсіздік шараларына 9-шы ақпанда су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткізілді. Онда барлық мүдделі мемлекеттік органдарға су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі бойынша алдын алу іс-шараларын өткізудегі нұсқаулар мен тапсырмалар берілді. Облыстық комиссия су тасқыны қаупі бар учаскелерді тексеріп, 43 елді мекенді анықтады.

Облыс аумағында 417 гидротехникалық құрылыс бар (оның ішінде республикалық меншікте – 123, коммуналдық  меншікте  –  171, жеке меншікте – 123), оның ішінде: 80 – су қоймасы, 123  – тоған,  22 –  бөгеттер мен дамбалар, 34 –  су торабы, 158  – магистральдық канал және 1 – иесіз тоған бар. Еңбекшіқазақ ауданы транзиттік режимде жұмыс істейді. Оларды толтыруға күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Су тасқыны қаупінің бар-жоғын білу үшін 107 гидробекет қойылды (оның ішінде 69 – «Қазгидромет» РМК және 38 – «Қазселденқорғау»).

Шұғыл шығындарға арналған резервте және облыстың төтенше резервінде 3,5 млрд. теңге көзделген.

2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысында 11 шақырым арық дренаж  жүйесі  салынып,  жөнделді. 14 шақырым су бұру арналары орнатылып, тазаланды.  3,8 шақырым механикалық тазалау, 1,3 шақырым қорғау бөгеттері салынып,  жөнделді. 7,4 шақырым су тасқыны қаупі бар өзен арналары жағалауларын нығайту және түзету бойынша жұмыстар жүргізілді. 1862 шақырым –  арық,  2019  шақырым –  канал; 3007  – су өткізу құбырлары тазартылды.Резервте: 183 тонна – ЖЖМ (бензин және дизель отыны), 65 мың дана  – қаптар, 4 мың тоннадан аса инертті материалдар дайындалды.

Басқару органдарын және халықты хабардар ету үшін: 371 хабардар ету құрылғысы бар. Шұғыл ден қою жасақтары мен азаматтық қорғау қызметтері дайындалды. Оның ішінде 4135 – жеке құрам, 619 бірлік техника, 265 шатыр, 1,2 төсек-орын және 16 мың төсек-орын жабдықтары, 810 мың дәрі-дәрмек қаптамасы, 125 мотор сорғысы әзірленді.

13 су шаруашылығы жол картасы шеңберінде 2021-2023 жылдарға арналған «Су тасқынына қарсы іс-шаралар» нысандары жоспарланған. 2021 жылы 3 нысан бойынша: – Іле ауданының «К-3» су қоймасын ағымдағы жөндеу (жұмыстар аяқталды); – Балқаш ауданының Бақанас және Тасмұрын су алу құрылғыларының жөндеу жұмыстары аяқталды.

2022 жылы 5 су шаруашылығы нысанында жұмыстарды бастау жоспарлануда. Аталған іс-шаралар тұрақты бақылауда дейді төтеншеліктер. Апат айтып келмейді. Бірақ сақтық шаралары ұдайы назарда болуы шарт. Себебі Батыстан бастау алған келеңсіз жағдайлар жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына қағаз жүзінде дайындалып, іс жүзіне келгенде орасан шығындарға жол бергенін көрсетіп тұр. Жетісу өңірінде биыл қар қалың түспеді, десек те, таулы аймақтарда жауған қардың көбесі біртіндеп сөгілуде. Ауа-райы тағы да күрт жылынып, арты жауын-шашынға ұласатын болса, оның арты қауіп-қатерге ұласуы бек мүмкін. Мұндай ақпаратты Төтенше жағдайлар департаменті де ескертуде. Сондай-ақ елді мекендегі тұрғындарда бұған жауапкершілікпен қарап, ауласындағы және көше бойындағы арықтарды тазалап, судың тоқтаусыз ағып кетуіне айрықша көңіл бөлулері керек. «Құдай, сақтанғанды сақтаймын» дегенін ауылдық және қалалық тұрғындардың бәрі назардан шығармаулары тиіс. Көктемгі егіс жұмыстары басталып, қам-қарекет тіршілікке көшкен диқан қауымыныңда өткен жылғы қуаңшылықтан бір тамшы суға зарыққанын ел ұмыта қойған жоқ. Егіншілер үшін жердің ылғалдығы аса қымбат. Алайда, мезгілсіз соққан дауыл мен тосынан келген тасқын, алапат күш жайбасарлықты көтермейді.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ