«Аспаннан алынып жазылмайды»

261

 Жемқорлықтың бір  көрінісі – ақша жинау. Бүгінде тамырын терең жайған бұл  індетпен  күресу оңай болмай тұр.  Өйткені, ақша жинау әрекеті қылаң бергенмен көп жағдайда оны дәлелдеу мүмкін емес.

Қазір ашық қоғам. Әркім  өз пікірін бүгіп қалмауға тырысады.  Дей тұрғанмен, шағымданушылар арасында  аты-жөндерін атамауды өтінетіндер көп. Себеп: сан түрлі.  Мәселен,  өткен аптада  Іле ауданына қарасты төрт бірдей мектептің мұғалімдері Azattyq Ruhy редакциясына хабарласып, білім ошағында қайырымдылыққа деген желеумен ақша жиналып жатқандығы туралы  айтып, шағымданған. Әрі,  шағымданған педагогтар  мақала барысында өздерінің аты-жөнін жарияламауды өтініпті.

Мақалада белгілі болғанындай,  ұстаздар  қайрымдылыққа  жинап жатқан ақшаның нақты қайда жұмсалатынын білмейді. Төртеудің бірі  өздерінен   алақан жайып   ақша жинауды қоймағанын, бермейін десе қудалай ма деген ойын айтыпты. Оның  зейнеткерлікке  шығуға  небары екі жылы қалған,  ал бермеймін деген сөзі үшін тиісіп, түртпектеп жұмыстан шығарып жібере ме деп уайымдайтынын да ашық білдіріпті. Қысқасы шағымданған педагогтар өз сөздерінде жағдайы төмен отбасыларға Үкімет онсыз да көмектесіп жатқанын айтып, «оның сыртында тағы ақша жинағаны қалай?» –деген ренішін білдірген.

Бұл орайда мақала авторы аталмыш аудандағы бірнеше мектеп педагогтарымен хабарласып, мән-жайын сұрап білген. Хабарласқандардың дерлігі ақша жинағандарын,  тіпті қайрымдылықтан бөлек мектеп ауласын абаттандыру үшін де ерікті түрде қаржы  жиналғанын жеткізген.  Сонымен қатар  №28 мектеп-гимназиясының  директорымен сөйлескенде де қайырымдылыққа деп ақша жиналғанын растаған, алайда, оған ешкімді мәжбүрлеген жоқ деген желеу айтқан.

Естеріңізде болса,  осыдан төрт жыл бұрын   Іле ауданындағы  №17 мектептің ұстазы ақша  жинауға қарсы шыққаны үшін қудаланып еді… Бұл  жолғы   қайырымдылық үшін ақша жинады деп шағымданған  ұстаздар да  қудалауға ұшырап қаламыз ба деп қорқып, аты-жөндерін атамағаны  содан болар, бәлкім?!

Осы мәселеге қатысты істің мән-жайын білмек оймен «Алатау» қоғамдық-саяси  газеті редакциясы Алматы  облыстық білім басқармасына хабарласты. Басқарманың   Іле ауданында орын  алған мектептердегі ақша жинауға қатысты мақалаға орай  берілген мәліметте: аталған жарияланымды  жан-жақты қарастыра келе, ешқандай мәжбүрлеп ақша жинау орын алмағандығынан материалдың шындыққа жанаспайтындығы анықталды. Осыған сәйкес, автор тарапынан аталған жарияланым    сайттан алынып тасталды  депті.

Мәжбүрлеп ақша жинау орын алмаса да, ақша жиналғаны рас. Алайда материал  шындыққа жанаспаған  күннің  өзінде  неге сайттан алынғандығы туралы  білу үшін мақала шыққан  Azattyq Ruhy   редакциясына  хабарласып көруді жөн көрдік.

Сайт журналисі  Әмірболат Құсайынұлының айтуынша, дәлелсіз дүние жарыққа шықпайды. «Бізге шағым түсті. Зерттеп, зерделенді. Қалай жиналса да ақша жиналғаны рас. Ол ерікті ме, еріксіз бе. Бірақ біз  қайырымдылыққа қосылғысы келмейтін мұғалімдердің шағымын  жаздық. Бұл педагогтардың  аты-жөндері, қай мектептен екендігі, тіпті  айтқан сөздеріне дейін бар. Бірақ, олар аты-жөнімізді жазбаңыздаршы деген соң,  өтініштерін аяқасты етпейік дедік. Негізінде мұндай дүние  аспаннан  алынып жазылмайды ғой.

Қайырымдылық  үшін ақша жиналғанын  аудан әкімдігінің өзі де  растап отыр. Осынша мектеп қатысты, мынанша ақша жиналған деп. Тіпті мектеп директорларына дейін ақша жинап, осынша отбасына қайырымдылық көрсетіп жатқандығын айтты. Ал енді мұны күштеп, мәжбүрлі түрде беріп жатырмыз деп кім айтады, ойлаңызшы?!

Мақала шыққан соң, арты у-шуға ұласты. Артынша  редакторымызға шығып, мақала сайттан алынды. Бірақ, мәселе анық болмаған соң мақала алып тасталынды деген әңгіме туындамауы тиіс» – деген ол бұл жерде адамгершіліктің  басты қағида болып  тұрғандығын айтты. Ал мақаланы оқығандар өздеріне сабақ түйер деп ой топшылапты.

Сөз орайында Әмірболат Құсайынұлы «Сіздің редакторыңыз біз жазған мұғалімдерді ары қарай қудала деді ме» деп қалды.  Қудалаудан құдай сақтасын. Бірақ, ақша жинау деген дерттің асқынып бара жатқаны баршаның көңіліндегі алаң. Ал  бұл  жайттан хабардар  Алматы облысы Білім  басқармасының басшысы  Майгүл Омарова  мұғалімдер айтқан шағымға терең зер салып, алдағы уақытта   жіті  назарда  ұстайды  деп  сенеміз.

Айтпақшы, мақаланы жазуда  алдымен  Іле ауданы білім бөлімінің басшысы Ләззат Каткееваға хабарласқанбыз. Өкінішке орай бөлім басшысы  телефонын көтермеді. Сосын  қолы тимеген болар дедік, әрі  бізге өзі хабарласып қалар дегенбіз. Бірақ….

Сарби ӘЙТЕНОВА

Бөлісу:
ТегтерЖАҢҒЫРЫҚ