Аңқау елге арамза молда табылды

0
1954

 Қазақстанда соңғы жылдары дендеп кеткен мәселенің бірі жаппай лотерея ойнату. Аз ақша салып миллиондаған теңге, қымбат вилла мен автокөлік ұтып алуға болады дейтін жарнамалар әлеуметтік желіде желдей еседі. Шоу-бизнес өкілдерінен тартып, ауылдағы ағайынға дейін лотерея ойнатқыш болып кеткен. «Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғатын олар ұтысқа қатысқан жұрттың барлығының құр-қол қалмайтынын айтып, ант-су ішеді. Соңғы екі жыл қазақ шоу-бизнесіне лотерея ойнату тіпті белең алды. Өтірік дейтіндерге жаратушыны «кепілге» қойып, ұтпаған күннің өзінде қайырымдылыққа қатысасыз деп алдайды. Танымалы бар, танымал емесі бар қазірге дейін біраз адам  ұтыс ойынын ойнап үлгерді.                                                                

 Осыдан аз күн бұрын ғана әуезді әнімен  елге танымал Кәмшат Жолдыбаеваның ойнатқан ұтыс ойынының соңы шулы дауға ұласты. Әншінің танымалдылығын пайдаланған алаяқтар соңында бүкіл елді сан соқтырған. Осыдан екі ай бұрын ломбардтарды жарнамалаған  бірнеше актер мен әншінің басы дауға қалып, халықтан кешірім сұрап жүріп, қарақан басын әзер арашалап алған еді. Сабақ алмаған екен. Кәмшат да басын ала қашты, ұйымдастырушыны өмірімде көрмеген, білмеген, тіпті сөйлеспеген адамым деп ашығын айтты.

 Ал «Ауыртпа басымды» деп ән шырқайтын Ернар Айдардың басы біразға дейін ауыратын түрі бар. Лотерея ойнатып жатқан жерінен экономикалық тергеу қызметі  тұтқындаған. Артынша әнші алаяқтардың құрбаны болғанын айтты. Алматыдан еңселі пәтер, қымбат джиптер ойнатуға шақырған Айдар алданып қалған. КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасы жүргізген журналистік зерттеуде конкурсқа арналған ресми парақша бұзылды деген сылтаумен төрт рет жаңартылған. Ал, ұтыстың жарнамалық роликтері бес рет түсірілген. Сонымен қатар, аталмыш видеолардағы қымбат машиналар да ауысып тұрған. Әр бейнероликтегі темір тұлпарлардың әр түрлі екенін аңғаруға болады. 9мың 900   теңгеден 20 мың билет сатылған. Шамамен екі жүз миллионға жуық ақша жиналған. Алғашында карантин ережесін бұзды деген күдікке ілінген әнші енді алаяқтық бабымен тергелуде. Ұтысқа қойылған барлық дүниенің бір күнге жалға алынғаны мәлім болды. Міне, басы ашылған, бір ғана  лотереяның былығы. Елде лотерея ойнатуға құқылы жалғыз оператор бар. Яғни, лотерея ойнатқысы келгендер әуелі соның рұқсатын алуы, сосын заңға сәйкес салық төлеуі тиіс. Ал қалғанының барлығы жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндердің тірлігі. Жалпы лотерея дегеннің мәні де сол ғой. Лотерея деп әспеттегенімізбен бұл құмар ойынның  нақ өзі.

 Ернардың ұсталғанына бір аптаға жуықтады. Ендігілер айылын жияр десек, олай болмай шықты. Бәрі бәз-баяғыша. Ештеңе болмағандай лотерея ойнатып, билет сатып әлек. Жуықта ғана Мәжілістің жалпы отырысында заңды оператордан басқалардың лотерея ойнатуына тыйым салатын норма талқыланған еді. Соған сәйкес, әкімшілік жауапкершілік көзделген. Әлеуметтік желідегілер мұны елейтін емес. Жауапкершіліктен жалтаратын ұтыс сөзін қолдануға көшіпті. Яғни, лотерея сөзін заңды тіркелген «Сәтті жұлдыз» операторы ғана қолдана алады. Ал жекелеген адамдар қолданса,  бұған аталмыш заңда жауапкершілік көзделген. Халық әлі де болса тәттіге үйілген құмырсқадай қаптап келіп әлгі алдамкөстердің саудасын жүргізуде. Адамдар жоғарыдағыдай жағдайларды көріп, біліп тұрып  алдануға бар. Неге?

А.НАЗЫМ.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ