Балаңыз сегіз қырлы, бір сырлы болсын десеңіз…

34

Клара Дүйсебекқызы:  «Мейірім» шығармашылық орталығында маусым айынан бастап  «Батик» және «Лепка» (мүсіндеу) өнерінен сабақ беремін. «Батик» өнері  дегеніміз  – матаға сурет салу. Ал мүсіндеу – пластилинмен жұмыс жасау өнері.  «Батик» үйірмесінде он-оннан, екі топ бар.  Бұл үйірме басқалардан ерекше. Көбіне қыздар қатысады. Матаға сурет салу болғандықтан,  біз белгілі бағдарлама,  күнтізбелік жоспар бойынша әр түрлі тақырыптарда суреттер саламыз. Оның өзіне арналған бояулары, резервтары бар. Тіпті, арнайы киімдерге арналған бояулары да бар. Олармен джинсы, футболкаларға сурет саламыз.

Ал, мүсіндеуде төрт топ бар. Әр топқа 8 баладан қатысады. Жас аралығына келсек, көбіне 4 жастан асқан балалар келеді. Орталықтың ата-аналармен қарым-қатынасы өте жақсы. Шығармашылық та балаларға өте қызықты.  Жақында  «Жетісу» телеарнасының  «Таңжарық» атты бағдарламасына түсіп,  шеберлік сыныбымызды көрсетіп,  сұхбат беріп қайттық.  Бұл  балалардың да қызығушылығын арттырды. Үйірмемізге келем деген балалар өте көп.

Балаңыз  сегіз қырлы, бір сырлы болып өссін десеңіз,  «Мейірім»  орталығындағы тегін үйірмелерге қатыстыруға асығыңыз. Орталықтағы  әр ұстаз келген  баланың өнерін ұштауға дайын.

Гүлжанат ТОЙБЕКОВА: – Қызымның жасы он екіде.  Есімі – Аружан.  Ол қаладағы №15-ші орта мектептің 7 сыныбында оқиды. Отбасымызда үшінші бала.  Алдында екі ағасы бар.  Бос уақытында сурет салумен, бисерден түрлі әшекей жасаумен айналысады. Одан бөлек биге қатысады.  Жеткен жетістіктерін тоқталсам,  Алматы облысы бойынша көптеген жарыстарға барып,  медаль,  диплом,  грамоталар алып келген.

Күзден бастап  «Мейірім» балалар шығармашылық орталығына үйірмелерге бара бастады. Соның бірі «Батик»  үйірмесі.  Бұл жерде матаға, өзінің киімдеріне жаңа дизайн салып әкеледі. Одан бөлек, «Актерлік өнер» үйірмесіне де барады. Мен қызымның қызығушылықтарының артып жатқанына қуанамын.Осы орталықта жүріп, қызымның бір арманы орындалды десем де болады. Нақты айтсам,  қызым «Жетісу» телеарнасының «Таңжарық» бағдарламасына барып, ұстазымен бірге сұхбат берді.

Аружан ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ:  – Иә, мен үлкен армандарымның біреуіне жеттім десем  болады. Осы 12 жасымда мақтанып жүретіндей үлкен жетістік деп ойлаймын. Себебі, менің жасымда  телебағдарламаға шыққан да бар, шықпаған да бар. Тіпті, менің журналист апайдың сұрақтарына жауап беріп отыруымның өзі, өзіме деген сенімділікті арттырды. Осындай бағдарламаға түсуіме бірден-бір себепкер болған – Клара Дүйсебекқызына алғысым шексіз. Сонымен қатар осы орталыққа жол салған  құрбымның анасына да көп рахмет.  Ары қарай қолдап, бағыт бағдар беріп отырған анашыма үлкен алғыс айтамын.

Өнерге баулып жүрген  «Мейірім» шығармашылық  орталығының ұжымына да алғысымды білдіргім келеді. Ұстаздары өте керемет жандар, бойдағы бар ынтаңды, қызығушылығыңды ашады.

Жанар   РАХИПОВА:   –  Ұлым – Алдияр, отбасындағы  жалғыз бала.  Жасы жетіде. Қаладағы №15 мектептің 2 сыныбында оқиды. Айналасындағы адамдардың бәріне  қамқор болып жүреді. Үй жануарларын өте жақсы көреді. Үйде өзінің тотықұсы бар. 4 жасынан бері каратэге қатысады. Осы спорт түрінен екі дүркін жүлделі орындарға ие болды. Одан бөлек, қазақтың ұлттық аспабы домбыраны шертіп үйренді. Осы уақытқа дейін екі күйді толық, жатқа орындайды. Баламның арманы – болашақта ветеринар болу. Қазіргі уақытта «Мейірім» балалар шығармашылық орталығына, бейнелеу өнеріне барады. Суретке қызығушылығы да басым. Орталықтың ұстаздары өте керемет жандар.  Балаларға жанын, бар ынтасын салып,  шәкірттерінің зейінін оятып, жұмыс жасап отырғандарына үлкен алғыс айтамын.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу: