Вице министр: көшедегі жүрісті шектеу керек

0
1536

ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров Алматы облысына жұмыс барысымен келді. Ол сапарының басын  Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарындағы бірқатар медициналық мекемелердің жұмысымен танысудан бастады.

Іле аудандық орталық ауруханда Камалжан Надыров коронавирус инфекциясының (COVID-19) алдын алу және індетке қарсы тұруға қажетті  ресурстарды, ұжымның індетпен күрес шараларына дайындығын тексерді. Аурухана корпустарының біріндегі індет белгілерімен жүгінген және дене қызуы көтеріліп келген пациенттерді қабылдауға арналған фильтрлерді көрді. Министрлік өкілі перзентхана бөлімінде жүкті әйелдерге арналған фильтрлері туралы ұсынысын білдірді. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Майра Егембердиева вице-министрдің айтқан ескерту, ұсыныстары ескеріліп, кемшіліктерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылатын жеткізді.

Бұдан соң министр орынбасары Камалжан Надыров Қарасай ауданында аудандық орталық аурухана мен оның инфекциялық бөлімінің жұмысымен танысты. Қабылдау, перзентхана бөлімінде, изолятор мен фильтр бөлмелерінде болып, ондағы медицина мамандарымен тілдесті. Мұнда коронавирус инфекциясымен 11 адам түскен, оның 5-еуі жазылып шыққан, қалғаны емдеу курсын қабылдауда. К. Надыров медицина мамандарын қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді үздіксіз жүргізуді тапсырды.

Бұдан соң  Еңбекшіқазақ ауданында болды.  «Көксай», «Береке», «Алтын Алма», «Алтын Адам» саяжайларының маңына қойылған блокпосттардың біріне барды. Атқарылған шаруаларды тексерді. Камалжан Надыров Еңбекшіқазақ ауданындағы ауданаралық көп салалы ауруханада болып, олардың тындырымды жұмысына ризашылығын білдірді. Мекемеде халықпен байланыс барынша азайтылған. Дәрігерлердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қажетті жағдайлар жасалған. Медицина мамандарын орналастыру үшін санаторий дайындалған, мұнда оларға демалып, ұйықтап, жұмысқа қайта кірісуге күш жинап алуға мүмкіндіктер жасалған.

Сапар соңында Камалжан Надыров Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министрінің қойып отырған басты міндеттерінің бірі медицина мамандарының еңбек жағдайының сапасын арттырып, қауіпсіздігін күшейту екенін атап өтті. Вирус жұқтырған медицина мамандарының көптігіне алаңдаған ол басшылыққа дәрігерлерді қажетті қорғаныс жабдықтарымен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Министрлік өкілі көшедегі қозғалыстың тым көптігіне де баса назар аударып, құзырлы орындарды жүріс-тұрысты азайту ісіне жұмылдыруға шақырды. Өз кезегінде  ол Алматы облысындағы инфекциялық стационарлар дәрігерлеріне жақсы жағдайлар қарастырылғанын, аталмыш жұмыстар республиканың басқа өңірлеріне үлгі бола алатынын айтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Кілтсөздер:ДЕНСАУЛЫҚ


ПІКІР ЖАЗУ