Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз

0
1631

ТУҒАН  өлке әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Сол себепті болар, ауыл жайлы жазған немесе сөз бастаған жан үшін не айтса да, қалай айтса да бір нәрсе жетпей тұратындай болары хақ. Ауылдың таза ауасын, тұнық суын, тіл жетпес сұлулығын жеткізуге келгенде көбіміз сөз таппай, абдырап қалатынымыз тағы бар. Десе де, туып-өскен ауылым  жайлы қалам тербеудің  сәті түсті. 

Талай жылды артқа  салып  кіндік қаның  тамған жеріңе табан тіреу, ондағы ел-жұртпен жүздесу жүректі толқытпайды деп айта алмаспыз. Қаладан аудан орталығына  келген  бізді  Ойтоған   ауылдық  дәрігерлік амбулаториясының қызметкері, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Сержан  ағамыз жылы шыраймен қарсы алды. Осылайша көлік тізгінін тартқан ағаның машинесіне жайғасып, ауылға қарай бет түзедік. «Адам сөйлескенше…» демекші,  ағамен әңгімелесуде ауылдың өткені мен бүгіні туралы біраз  мәлімет  біліп, көкейге түйіп алдық. Ауылға кіре берісте қоғам қайраткері І. Жансүгіровке арналып қойылған ескерткішке аялдадық. Бұл ескерткіш туралы да Сержан ағамыз қысқаша баяндап берді.

Күн төбеге көтерілмей ауылға ат басын тіредік. Біз келгенде округ әкімі Венера Берікқызы  аудан орталығындағы  жиналысқа кетіпті. Дей тұрғанмен ауылдағы дәрігерлік амбулатория, мектептің ұйымшыл ұжымы ауыл тірлігі туралы кеңінен баяндап, өткен тарихы жайынан да сыр шертті.

* * *

ОЙТОҒАН   елді мекені.  Жыр дүлдүлі  Ілияс Жансүгіров  туған  ауыл. Қобызын күмбірлеткен  Молықбай күйші, арынды ақын  Толғанбай, есімдері ел аузында жүрген Шоңды, Құлдыбай, Әбсалаң, Қарабай, Болатшы, Смағұл, Саурық, Сұранбай  тағы басқа да айтулы азаматтар өрбіген киелі мекен. Аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде, Ақсу өзенінің жағалауында бозғылт сұр топырақты, қуаң-шөлейт белдемде орын тепкен  елді мекеннің  жер көлемі 0,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Округ орталығы болып табылатын Ойтоған ауылына Үлгілі елді мекені кіреді.  Мыңнан аса халқы бар округте  І. Жансүгіров атындағы орта мектеп, ауылдық дәрігерлік амбулатория, кітапхана, пошта бөлімшесі, учаскелік тірек пункті, мал дәрігерлік пункт, наубайхана және екі бірдей сауда орыны елге қызмет көрсетуде.

Тарихқа  көз сүзсек,  осы  ауылдан  шыққан Есенаман Балабеков, Оспан Әділбеков, Қайролла Рахметов, Шамай Шынасылов,  Солтанғазы Сүлейменов, Нұрмолда Жілікбаев сынды азаматтар аудан және облыстық мекемелердің басшылары болып еңбек етіпті. Осылардың арасында Ш.Шынасылов министрлік қызметке дейін көтерілген. Алайда, бұлардың бәрі сталиндік қуғын-сүргінге  ұшырапты. 1936 жылдарда қазіргі ауыл аумағында «Қызылтаң», «Тесіктоған», «Молотов атындағы», «Жаңалық», «Белтоған» «Бұрған», «Үлгілі» «Наутоған» секілді ұжымшарлар болыпты. 1937 жылы барлық  ұжымшар бес шаруашылыққа біріктірілсе,  осы  шаруашылықтар ішінде «Үлгілі» аудан көлемінде экономикасы, мәдени-әлеуметтік жағынан ең озық болып табылған. Ал, 1957 жылдың басында Молотов атындағы және «Қызылтаң» ұжымшарлары біріктіріліп, «Қызылтаң» кеңшары құрылған. Оның алғашқы директоры К. Амандосов болса, кейін партком хатшысы Б. Болатбаев тағайындалған екен.Мұнан кейін  директорлық  қызметті А. Біржанов, С. Смағұлов, Н. Дәндібаев, Қ. Заманов, С. Садуақасов, Б.  Жұмағалиев атқарса,   кеңшардың көрікті мекенге айналып экономикасының өркендеп өсуі Н.Дәндібаев басқарған кез болыпты. Сол шақта қой саны 70 мыңнан асқан екен. Директорлық міндетті қалтқысыз атқарған Н. Дәндібаев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланыпты. Ал, Қ. Замановтың тұсында  үш қабатты мектеп, балабақша, машина-трактор жөндеу шеберханасы, клуб  салынған. Оның бұл еңбегі бағаланып, «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталған.

Ауылдың бүгінгі тынысы да көш ілгері. Әр жылдарда округ әкімі қызметін атқарған басшылардан бөлек,  ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкер азаматтардың қолдауымен біраз игі істер атқарылыпты.  Расында,  кімнің де болса бір бүйірінде туған жері, оның бүгінгі ахуалы, ертеңгі болашағы жүргені жақсы емес пе?! Ойтоғанда мұндай азаматтар баршылық.

Мәселен,   кәсіпкер  Ахат Боқанчиевтың демеушілігімен балалар футбол ойын алаңы салыныпты. 2019 жылы   І. Жансүгіровтың 125 жылдығына орай   арнайы   ақын атындағы саябақ ашылса, өткен жылы аудан қаражатынан  «Workout» алаңы бой көтерген. Мұнда спорттық жаттығуға арналған құрылғылар орнатылыпты. Демеушілердің көмегімен жасалынған дүниелердің бәрі ауылға көрік беріп тұр десек болады.

Тұрғылықты халықпен тілдесуде   ауылға келетін тоған судың, мал жайылатын  жердің тарлығы туралы айтып, осы мәселелер шешімін тапса екен дейді. Іссапарымызда елді мекенге көрік берген ауылдық дәрігерлік амбулатория,  І.Жансүгіров атындағы орта мектеп, кітапхана тынысымен де  таныстық.

* * *

ЖЫР  дүлдүлі  Ілияс  атамыздың атындағы орта мектептің басшылық қызметін атқарып келетін Дастан Сағынбаев осы  шаңырақта білім алып, жоғарғы оқу орнын  тәмамдаған соң туған ауылына қайтып оралған. 2003 жылдан бері еңбек етіп келетін оның директорлық міндетті атқарғанына жеті жылдай болыпты.  Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Дастан Есімғалиұлының құдай қосқан жары да осы мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.

Шынында да ауыл мектебі – ауыл әлеуетінің, ауыл мәдениетінің ерекше белгісі болып табылады емес пе. Ауылдың көркін  кіргізген мектептің өткен тарихы туралы әңгімелеген  директор бізді  біраз  дүниеден хабардар етті. Ақын атымен  аталатын  орта  мектеп  640 орындық болып ашылғанымен,  қазіргі кезде 136 бала білім алуда.

«1965 жылы мектепке І. Жансүгіров аты беріліп, 1968-1969 оқу жылында 11 жылдық мектепке ауыстырылып,  1971 жылы  іске қосылды. 1983 жылы Үлгілі орта мектебі ашылғаннан соң мектептің интернаты жабылды.  Онда  көбіне  малшылардың  балалары тұрып, оқыған еді. Мектептің алдыға қойған мақсаты – білімді ұрпақ тәрбиелеу, тәрбиелі-өнегелі балалар шығару. Қазіргі таңда ұжымда 34 мұғалім еңбек етуде. Оның ішінде 29-ы жоғары санатты, қалғаны орта білімді мұғалімдер. Мектебімізде  ұзақ жыл  бойы еңбек етіп, білім ошағының дамуына сүбелі үлес қосқан  ұстаздар  да жетерлік.  Атап айтсақ,   Бақыт Сәрсенбайқызы,   Әлібек Қожабеков, Қасымбек Мұқанов, Жұмабике Қасымжанова. Осылардың арасында Ж. Шайболатқызы қырық жылдай осы мектепте жұмыс істеп, оның 20 жылында  директорлық қызметті атқарды. Оның білім саласына қосқан үлесі мол»,  – деген  мектеп басшысы  мектептің бүгінгі тынысымен кеңінен таныстырып өтті.

Оның сөзінше, білім ошағында жалпы саны 22 кабинет бар болса, оның 18-і оқу кабинеті. Бұлардың бәрі заман талабына   сай жабдықталған. Атап айтқанда,  химия, физика кабинеттері модификациялық үлгідегі жабдықпен жабдықталса,  алдағы уақытта биология мен  география кабинеттерін де жаңа талапқа сай жабдықтау жоспарда бар екен. – 2017-2018 оқу жылында демеушілер тарапынан қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті жабдықталып, мектепте ұзақ жыл қызмет атқарып, директор болған Қасымбек Мұқановтың аты берілді. Мұны оның балалары, ұрпақтары келіп, сол кісінің атына беруді ұсынды. Бұл жерде интерактивті тақталар, жаңа көркемділік дизайндармен жабдықталған кабинеттер қызметін атқаруда,  – дейді  Дастан Есімғалиұлы.

Үш қабатты мектеп ішін аралауда білім ошағының  директоры  2016 жылы    мектеп демеушілігімен мектепішілік мұражай ашылғанын айтты. Мұражай жұмысын жүргізуде 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліпті. Балаларды зерттеу жұмысына тартуда бірінші бағыт бойынша ауылдың тумалары туралы мәліметтер, екінші бағыт – өңірден шыққан зиялылардың  Ілиясты зерттеген еңбектері  жинақталса, үшінші бағыт – Ойтоған ауылының табиғатын зерттеу жұмыстарына арналған, төртінші бағыт – ардагерлерді ардақтаудағы Ұлы Отан соғысына

қатысқандар туралы мәліметтер жиыстырылған. Ал мұражай меңгерушісі  болып тарих пәнінің мұғалімі Борангүл Хасенова бекітіліпті.

«Бұл мұражайды осы мектептен түлеп ұшқан 1959 жылғы түлектер ашып берген еді. Төрт бағытта жұмыс жасайтын мұражайдың әр бағыты  мектептегі балаларды шығармашылыққа баулу мақсатында ұйымдастырылған.

Оқушылар  Ілияс  атамыздың өлеңдерін, поэмаларын оқып, осы 4 бағытта жұмыс жасайды. Қарап тұрсаңыздар бұл жерде ақынның  бүкіл шығармалары, поэмалары, кітаптары бар. Осы шығармалармен  балалар облыстық оқуларға  дайындалады, өз жандарынан арнаулар шығарады. Мектебімізде аптасына  бір күн  Ілияс шығармаларымен жұмыс жасалынады», – дейді Борангүл Меңтайқызы.

 

Мектеп ішін аралауда «Ілияс ізбасарлары» деген атаумен өлең жазып жүрген оқушылардың, қолөнермен  айналысатын балалардың және жас суретшілердің фотосуреттері ілінгенін көріп, көзайым болдық.

«Мұражай  келген қонақтарды кіргізіп  көрсету үшін ғана емес, сонымен  қатар оқушыларға ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік береді.  Балалар қазіргі таңда өздеріне қажетсіз  қосымшаларға кіріп  бейнежазба түсіріп,  қажетсіз дүниелерді қарағанша зерттеу жұмыстарымен айналысқаны анағұрлым пайдалы ғой. Олар өздеріне берілген  тапсырмалар бойынша ауылымыздың тарихы жөнінде, Ілияс биографиясы мен шығармашылығы туралы  эссе жазу, бейнероликтер түсіру жұмыстарын жүргізеді. Кейін осының барлығын жинақтап,  мұражайдың жеке сайтын ашып, сол жерге салсақ деген жоспарымыз бар»,  –  деген мектеп директоры Дастан Сағынбаев  жұрт таңғаларлық бір әңгімені тілге тиек етті. Айтуынша, Үлгілі мен Қызыл таң ауылдарының ортасында Ілиястың Берсүгір атасының қыстағы болған.  Жылда осы жерге  оқушылармен саяхат жасалынады екен. – Өзіміз атап кеткен Кіндікқоңыр деген Ілиястың туған жеріне Белгітас қойып кеткенбіз, болашақ ұрпақ Ілиястың кім екенін, оның қай жерде туғанын ұмытпас үшін орнаттық. Кіндікқоңыр аталуының себебі – Ілиястың кіндігі тамған қоңыр төбе деген мағынаға ие. Мұражайға сол белгітас Кіндікқоңырға қалай бару керектігін картаға түсіріп қойдық. Бұл карта сол белгітасты оңай табу үшін жасалынды. Кіндікқоңыр Үлгілі ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан.

 

Бірде оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізгенде сол маңайдан жұмбақтас тауып алды. Бір қарасаң тастың бетінде бұлдыр бейнелер көрініп тұрады. Алайда оның бетін күнбағыс майымен ақырындап сүртіп қарасаңыз, Ілиястың суреттеген  Жетісу суреттерін көресіз. Ағын су, бұлтқа бөленген тау шыңдары,  қоңыр құм, жазық даланың бейнесі шығады – деген мектеп басшысына біз де көрейікші деп қолқа салдық.  Расында да солай екен.

Бұл  тастың әзірге шыққан дерегі жоқ, қайдан келгені, кім әкелгені белгісіз екенін айтқан директор  І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Ілиястану бағыты бойынша ғылыми-зерттеу орталығы барын,  сол жерде қызмет ететін Мұратбек Иманғазиев, Сайлау Қожағұлов  ағалармен, тарихшы, журналист Қажет Андаспен осының төңірегінде зерттеу жүргізіп жатқандығын да тілге тиек етті.

Тасты «бізге беріңдерші» деп сұрап келгендер көп болыпты. Бірақ, бұл  оқушылардың зерттеу жұмысы болғандықтан, ешкімге бермеген. Және сол Ілиястың  Кіндікқоңырынан табылғандықтан, мектеп мұны «бізге қалған естелік» деп қабылдапты. Ал,  тас 2016 жылы табылған.

Әңгіме желісінде Дастан мырза осы ауылдың тумасы, журналист  Талғат Батырхановтың Ілиястың туған жері деп, Ойтоған ауылына арнап Елордадан  бір көшеге «Ойтоған Оралымы» атын бергізгенін, оның естелік суретін  өз қолымен әкеліп табыстап кеткенін мақтанышпен айтты.

* * *

МЕКТЕП  дамуы,  алға басуы мектеп басшысынан бастап, қызмет етіп жатқан мұғалімдердің арқасы десек асыра айтқандық емес. Соңғы бес жылда мектеп оқушылары республикалық, облыстық, аудандық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.

Биыл мектеп бітірушілер саны алты бала. Өткен жылғы оқу  жылында 10 бала мектепті тәмамдаса, екеуі қызыл аттестат иегері атаныпты. Оларың  6-уы грантқа оқуға түскен. Аудан бойынша  білім сапасы, тәрбие жағынан  мектеп көрсеткіші төмендемеген.

Білім ордасында  2019 жылдан бастап мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс жасайды.  Елу  баламен қамтылған орталық кіші және орта топ болып екіге бөлінген. Онда төрт бірдей қызметкер жұмыс істейді.

Жоғарыда мектепте 136 баланың білім алып жатқанын айттық. Осы оқушылар  арасында аз қамтылған отбасылардың   балалары мектеп асханасынан тегін тамақпен қамтамасыз етіледі екен.

«Ілиястың мектебінде дәріс алып жатқан шәкірттеріміз Ілияс оқуларына қатыспауы өте үлкен сын деп есептейміз. Сондықтан бізде 2015-2016 жылдардан бастап 2019 жылға дейінгі аралықта республикалық оқулардан 4 жыл қатарынан жүлделі болған оқушыларымыз бар. Биылғы  Ілияс оқуларына қатысқан  8 сынып оқушысы Гаухар Әмірбек  облыстық іріктеуден өтіп, республикаға жолдама алды. Оның ұстазы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Әсем  Шешенгелдинова.  Бұл ғана емес, басқа ақындардың да, мысалы Абай оқуларынан  Нұрила  Тұрақ  та  облысқа жолдама алды. Өткен жылда да облыста өткен олимпиадалардан тарих, информатика пәндерінен жүлде алған оқушыларымыз бар. Сондай-ақ облыстан пән олимпиадасы бойынша жүлделі болып жүрген ұстаздарымызды да атауға болады. Мәселен, математика пәнінің мұғалімі Айгүл  Абдрахманова,   физика пәнінің мұғалімі  Гүлжан  Шатырбаева, қазақ тілі мен әдебиеттен беретін ұстаздар  Әсем Шешенгелдинова,  Ырысқан Тынысбек, информатика пәнінен беретін Қуаныш  Оспанбек. Мектебімізде осындай мұғалімдер  барын мақтан етеміз»,  – дейді мектеп басшысы.

2021-2022 оқу жылына  4  жас маман жұмысқа қабылданған. Олар ағылшын, орыс тілі, бастауыш пәндерінің мұғалімдері.  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген  мұғалімдер қазіргі уақытта  тұратын үйлерін жалға алып,  тұрып жатыр. Бес жыл бұрын  келген  бір мұғалім  аталмыш  бағдарламамен  тұрғын үй алған.

Мектеп директоры  қазіргі таңда мектепте орыс тілінен беретін бір ғана мұғалім барын, алдағы уақытта тағы бір маманды алуға  ниетті екенін, бұл мәселеге  байланысты ауданға «Үздік педагог» жобасы бойынша ұсыныс беріп қойғанын да айтты.

Салауатты өмір салтын ұстануда  мектепте спорттық жарыстар өткізуге ерекше ден қойылған. Бүгінде алты үйірме жұмыс жасауда, қамтылған оқушылар саны – 115.  Мәселен, соңғы үш жылда волейбол, баскетбол, теннис, тоғызқұмалақ ойындарынан мектеп  оқушылары  жүлделі орыннан көрініп келеді.

Мақалада Ілияс туған ауылдан небір мықты, елімізге еңбегі сіңген атпал азаматтардың  шыққанын  тілге тиек еттік.  Мектеп басшысы да Ілияс Жансүгіров атындағы білім ордасынан түлеп ұшып, әр салада жүрген жандар туралы да мақтана айтты. Мәселен, Парламент депутаты Марат Бопазовтың,  ел газеті  «Егемен Қазақстанның» журналистері Талғат Батырхан мен Айгүл (Назгүл) Аханбайқызының, ұшқыш Тұрысқали Мадығожин есімдерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар бір кезде Ілияс оқулары байқауының республикалық жеңімпазы атанған  Данияр Қанат, Ләззат Төлетаева, Қарлығаш Тұрсынғалиеваның да есімдерін  атап, бірі білім беру,  қалған екеуі  медицина саласында қызмет  атқаратынын айтты.

2003 жылы мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Қалған жылдарда мектеп тарапынан ағымдық жұмыстар атқарылыпты. Ендігіде,  2023-2024 жылдары  «Туған жер» аясында ағымдағы жөндеуден өтпек.

* * *

КЕЛЕСІ барған  мекеме әкімдік ғимаратында орын тепкен ауыл  кітапханасы.  2018 жылдан бері  кітапханашы қызметін атқарып келетін Гүлсанат Қожабекованың айтуынша, кітапхана қорында 12 мыңнан  аса кітап болса,  соның 8 мың данасы қазақ тіліндегі кітаптар. Алғашында оқырмандар саны 600-ден асып жығылса, халықтың басқа жаққа қоныс аударуымен оқырман саны азайған. Бүгінде тұрақты деген қырыққа жуық оқырман бар болса, оның  басым бөлігі жас жеткіншектер екен.

«Кітапханашы болып төртінші жыл жұмыс жасап келемін. Соның екі жылында   онлайн  түрде жұмыс істедік. Кітаптардың  басым бөлігі көркем әдебиеттер,  әсіресе,  балаларға арналған кітаптар өте көп. Мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға деген ынтасы жоғары… «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп дана Абай айтқандай,  қазір әрбір белесті біліммен ғана бағындырар замандамыз. Кітапханашы ретінде айтарым, кітап  оқып, рухани байлығымызға мән берсек,  біз алмайтын қамал, аспайтын асу жоғына кәміл сенемін – деп ағынан жарылды  Гүлсанат Әлібекқызы.

* * *

1941-1945  ж.ж  Ұлы Отан соғысына  ауылдан  241 ер азамат аттанса, оның  112-сі  майдан даласынан оралмай қалды.

* * *

ЕСІМДЕРІ ЕЛ ЕСІНДЕ:  Дәулетбек Әміренов, Өнербек Жарықбасов, Тоғжан Қыдырманов,  Елужан Бейсекенов,  Бидахмет Әбдилдин,  Қазбек Қанатбаев,  Қалқаман Әмірғожин,  Саяқ  Құрманбаев,  Қабдікен Рысбеков,  Күлән Нүсіпова,  Қыдырма Рахметов  – («Еңбек Қызыл Ту» орденімен);  Қажыкен Ыдырашбаев  – («Еңбек «және «Ленин» орденімен); Аманжол Әбәсілов,  Дәрібек Алтынбеков,  Нұрлыхан  Ысқақов – (Ленин орденімен);  Жақабыл Жәнәбілов – II мәрте  (Ленин орденімен); Қаржаубай Батқалов  –  I мәрте, Көшербек Бейсенбеков  және Шаймұрат Нұрдәулетов  – II  мәрте («Еңбек даңқы» орденімен),  Айтқали Уалиев – (Құрмет белгісімен) марапатталды.

* * *

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН БЕЛГІЛІ АЗАМАТТАР:  Талапбек Сұлтанбеков (жазушы);  Нұрмолда Жілікбаев (Қазақстан Компартиясы ОК жауапты қызмет атқарды); Құрманбай Жанбаев (шопан,  Социалистік Еңбек ері атағының иегері); Сайлаубек Дүйсембеков (Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты);  Мұратқали Нұғыманов (Батыс Қазақстан азаматтық орталығындағы әуе байланысы мекемесінің директоры болған);  Ақшамбек Барысбекұлы ( ҰҚК ұзақ жыл еңбек еткен, зейнеткер);   М.Құлдыбаев (биология ғылымдарының докторы,  С. Аубакиров – Ұлттық техника  академиясының  кафедра меңгерушісі);  Серік Жәнәбілов (жазушы);  Әбіләкім  Жаңабаев  (аудандық ауыл шаруашылығы басқармасынан нұсқаушы,  тұтынушы қоғам бастығы әрі шаруашылықтарда бас есепші болған).

* * *

ОЙТОҒАН ауылында жүздеспеген  ауыл әкімімен аудан орталығында кездесуімізге оңтайлы сәт туды.  Ертеңгіліктен кешке дейінгі аралықта аудандық жиынға қатысқан әкімді қайтарғы жолымызда жолықтырып,  әңгімеге тарттық.

Ақсу ауданында 17 ауылдық округ бар десек, солардың ішінде Ойтоған ауылына сайланған Венера Берікқызы жалғыз әйел әкімі болып табылады. Өткен жылдың тамыз айынан бері әкімдік қызметті атқарып келетін Венера ханымның жұмысы шаш-етектен асып жығылатындай. Оған дейінгі әкімдердің жұмысына еш сын айталмайтынын ашық айтқан ол  әйел болса да ауылдың жұмысына ерлерше кірісіп кететінін  сөзімен  аңғартты.

Әлбетте, халықпен жұмыс жасау үлкен жауапкершілікті  талап етеді-ақ. «Әйел болсам да  әкім болу  – елге жақын болу екенін жақсы  білемін. Осы орайда  халықпен бір ымырада еңбек етуге бар күшімді салудамын. Ауыл тұрғындарының әр мәселесіне жіті көңіл бөлуге барымды салып жүрмін. Дегенмен,  бәріне бірдей жағу да қиын. Бұл қызметке келгеніме бір жылға тола қойған жоқ. Бірақ, біраз шаруаның басын қайыруға  күш салудамын.

Келгелі  қандай жұмыстар атқардыңыз десеңіз, ауылдағы  жергілікті қауымдастық қағаз жүзінде құрылып, оған мүшелікке ешкімді тіркемеген екен. Қазіргі күні ауыл ақсақалдарынан мүшелік құрылды, оның төрағасы  болып  Төлепбек Көкенбаев ағамыз бекітілді. Сонымен қатар Әйелдер кеңесі жоқ болатын, оны да құрдық. Елмен етене жұмыс істеуде қауымдастықпен арнайы жұмыс жүргіземіз. Осы уақытқа дейін қауымдастықпен бірге 16 отырыс өткіздік. Халықтың айтар қандай ұсынысы болса сол жиында айтылып, оның шешімін табуға тырысамыз.  Жыл сайын әр ауылдық округке халық саны  бойынша қаражат бөлінеді. Алдағы уақытқа балалар ойын алаңының жобалау-сметалық жоспарын құрып отырмын және көшелерді жарықтандыруды да қолға алмақпыз. Ойтоған ауылында жалпы саны 7 көше болса, оның 3-уі ғана жарықтандырылған. Алдағы жарты жылдықта осы мәселелерді шешуді  жоспарлаудамыз. Сонымен қатар, ауылдағы бос  жатқан жерлерді конкурсқа қойып, осы  істі  де шешу қажет. Егер бұған облыс әкімі рұқсатын берсе, бұл шаруаның да түйіні тарқатылып қалар. Мұнымен қоса күз айында каналдар мәселесі қолға алынады.

Матай-Үлгілі тасжолы – облыстық маңызы бар тасжол болғандықтан,  облыстық жол басқармасынан 1 млрд. 130  миллиондай қаражат бөлініп, жолды жөндеу жұмысы қолға алынды.  Ауылда жалпы саны 98 шаруа қожалығы бар. Бұл шаруашылықтардың бәрі салық басқармасына тіркелгенімен, олардың басым бөлігі жұмыс жасамайды. Осылардың ішінде нақты  жиырмаға жуығы ғана шаруасын жүргізіп отыр.  Өздеріңіз білетіндей, бізде егістікті суғаруға  су жетіспейді, бүгінгі таңда осы мәселе де қарастырылуда. Бұған қатысты аудан басшылығы облыс әкімінен арнайы қаражат сұраған.  Бұл да күзге қарай шешімін тауып қалар деген ойдамыз», – дейді Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікқызы.

«ГҮЛДЕНСЕ  ауыл ,   гүлденеміз бәріміз». Бұл тәмсілдің ел ішінде айтылып келетініне бір ғасырдан аса уақыт өтсе де күніге дейін еш маңызын жоймапты. Мұны  іссапарлап  барған  Ойтоған  ауылының  бет-бейнесі мен онда еңбек ететін тұрғындардың күнкөріс деңгейі арқылы байқадық.

P.S: АУЫЛДЫҢ   ажарын ашқан  тағы бір мекеме, ол  –  ауылдық дәрігерлік амбулатория. Ел денсаулығы жолында өлшеусіз үлес қосып келетін медицина мекемесі туралы  ауыл тұрғындарының пікірі оң. Шағын ғана ұжымды айрандай  ұйытып отырған  Еріксұлтан Бижігітов басқаруындағы   амбулатория тынысы  туралы  алдағы  сандағы «Ахуалың қалай, ауыл медицинасы?» айдарымен  берілетін мақаладан  оқитын боласыздар.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

Арайлым НҰРЖАПАР

ТАЛДЫҚОРҒАН-АҚСУ-ОЙТОҒАН


ПІКІР ЖАЗУ