Діні мықты елдің – іргесі мықты

188

Ел тәуелсіздігін алып,  дербес мемлекет атанғанда бөркімізді аспанға атып қуандық.  Шекарамызды бекіттік,  әнұранымыз асқақтап, елтаңбамыз айшықталып, көк байрағымыз көкте желбіреді.  Алайда шекара талғамайтын адамзат баласын аздырып, тоздыратын жат ағымдар  легі «жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай» қаптады.

Түрлі діни ағымдардың жетегінде кеткен жастар Сирия асып, дәстүрлі емес діни ағымдардың арбауына түсіп, оның жарқын көрінісі қаңтардағы ереуілде елдің ішіне кіріп кеткен террористер бейбіт елдің қанын төкті. Тіпті,  алаңда тыныштық үшін сапта жүрген екі жауынгерді жантүршігерлік жағдайда өлтіргені мәлім болды. Мұндай оқиғалардың бас жағында жат ағымды уағыздаушылар тұрғаны айдан анық. Соңғы пайғамбарымыз  Мұхаммед (саллалаһу әлейһи уә салләм): «Ақырзаман жақындағанда дін 70 тармаққа бөлінеді. Оның біреуі ғана,  құран оқып менің сүннетімді ұстағандарға» деген екен. Қызуы басылмай тұрған өзекті тақырып дін мәселесі туралы  Алматы облысы дін істері басқармасының басшысы  Бауыржан  НИЕТПЕН өңірдегі діни ахуал жайлы  сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

АЛАТАУ:  – Бауыржан Амангелдіұлы,  бүгінгі қоғам үшін діни радикализм,  экстремизм,  терроризм,  жат діни ағымдар мен еліміздің зайырлы ұстанымына қатысты мәселелер өте өзекті болып тұр. Олай дейтініміз әр азамат үшін өте сауаттылықты талап ететін дін саласы күрделі ұғымға айналды. Әсіресе, еліміздегі қазіргі болып жатқан ахуал көп адамның дінге деген көзқарасын өзгертіп жатқандай. Айта кететін жағдай Конституциямызда дін еркіндігі бар. Дегенмен еліміздің тұрғындарының басым көпшілігі мұсылман болғандықтан  ислам дініне баса назар аударылған.  Жалпы басқа ағымға түсіп,  адасушылыққа жол бермеу үшін қандай мәселеге мән берген дұрыс?

Бауыржан НИЕТ:  – Қазақстан Респуб-ликасы Конституциясының 14-бабында тегіне,  әлеуметтік,  лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына,  нәсіліне,  ұлтына,  тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деп анық айтылған. Біздің мемлекетте  христиандар провослав бағытын негізге алса, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бекітуімен елімізде «ханафи» мазхабын басшылыққа алады. Сол себепті құлшылық ғибадаттарында ата-баба жолын ұстанатындықтан, оларды  «дәстүрлі мұсылмандық сенімдегілер» деп атау әдетке айналған. Деседе, басқа ағымды насихаттап, жасырын жастардың басын айналдырып, бұрыс жолға түсірушілер әлі де кездесуде. Біздің басқарма нақты осы бағытта жұмыс атқаруда.  Жастарды теріс ағымға түсіп кетпейтіндей жол сілтеп,  нысаналы мақсатты топпен жұмыстар жасалуда. Нәтиже де жоқ емес. Дін мәселесінде арандатушылық қашанда болған. Олар өздерінің жымысқы мақсаттарын іске асыруда әртүрлі амалдарға барып, өздерін тақуа мұсылман,  Алланың әмірін жеткізу жолында жәбірленушілер етіп көрсетуге тырысады. Олардың алдап-арбауына түскен азаматтар, соның ішінде жастар,  теріс жолға түскендерін байқамай да қалады. Осының барлығын біз тұрғындарға және жас буындарға түсіндіруден жалықпаймыз. Атап өту керек, қазіргі кезде  жалпы республикада, соның ішінде біздің облыста да діни ахуал өткен жылдармен салыстырғанда тұрақты.  Бұл,  әрине, мемлекеттің дін саласындағы тынымсыз атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп айтуға болады.  Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде  дін істері комитеті, өңірдегі дін істері басқармалары,  діни бірлестіктер,  қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет жасауда.

АЛАТАУ:  – Өңірдегі  жастар арасында дәстүрлі емес бағытқа бет бұрмау үшін қандай жұмыстар атқарылуда және нәтижесі қандай?

Бауыржан НИЕТ: – Алматы облысы бойынша 2021 жылы жоспарға сәйкес, білім басқармасымен, жастар саясаты мәселелері басқармасымен, облыстық ішкі саясат басқармасымен, діни бірлестіктермен,  қоғамдық ұйымдармен  бірлескен тиісті шаралар өткізілді. Былтырғы жыл мәліметтері бойынша ақпараттық түсіндіру тобы (АТТ)  мүшелерінің қатысуымен бір милионнан  астам адамды қамтыған 2365  іс-шара (1330 онлайн/1035 офлайн) өткізілді. Өткізілген шаралар барысында нысаналы  10 топ өкілі толықтай қамтылды. Аталған шаралар бұрыс ағымға түсіп кетпеудің алдын алу мақсатында өтеді.  2021 жылы  Алматы облысының аумағындағы діни ахуал елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Тұрақты әрі болжамды күйде сақталды.  Дін істері басқармасы мен оның құрылымдық бөлімшелерінің жіті қадағалауында болды. Есептік кезеңде басқарманың ұйымдастыруымен «Деструктивті идеологияның алдын алу, қарсы насихаттау, радикалсыздандыру мақсатында нысаналы контингенттер арасында нүктелі АТЖ онлайн және оффлайн форматта өткізілді. Барлық іс-шарада  санитарлық нормалар  қатаң сақталды. Талдықорған әскери гарнизонымен өзара әрекеттестік меморандумы  негізінде «Мен өмірді таңдаймын» атты онкүндік аясында ҚР  ҚМ «54380 ә/б» РММ,  «18404 ә/б»  РММ және ҚР ҰҚК ШҚ  «2091 ә/б»  РММ-нің жеке құрамдарымен  «Мен өмірді таңдаймын»,  «Армиядағы қылмысқа орын жоқ»,  «Ақпараттық кеңістіктегі діни қауіпсіздік» тақырыптарында кездесулер ұйымдастырылды.  Сондай-ақ мектеп оқушыларымен,  колледж студенттерімен,  спорт интернеттарында,  маргиналды жастар арасында, түрлі тақырыптарды қамтыған көптеген шаралар ұйымдастырылды.  Мектеп оқушалары арасында өткізілген кездесулердің басым бағыты мектеп, бітіруші түлектерге бағытталып, олармен жүргізілген жұмыстар барысында  отандық діни білім беретін оқу орындарының мәртебесі көтеру жолында діни білімді өз елімізде қалыптастыру қажеттілігі туралы айтылып, шетелде білім алудың тәуекелдері және шетелдегі діни оқу орындарының дипломдары Қазақстанда жарамсыздығы туралы бір қатар ақпараттар берілді. Шетелде лайықты емес деп танылған оқу орындарындағы  студенттермен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 студентті елімізге қайтардық. Одан  бөлек  тағы шетелде діни білім алуға ниеттенген 3 азаматты  райынан қайтарып, Алматы облысы әкімінің грантымен  «Нұр Мүбарак»  университетіне  және «Абу Ханифа медресесіне оқуға түсуіне ықпал жасадық. «Діни экстремизм мен терроризм алдын алу»,  «Әлеуметтік желідегі дәстүрлі емес топтардан сақтану» тақырыптарында Талдықорған қаласының  бірнеше білім беру мекемелерінде жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарымен онлайн, оффлайн кездесулер ұйымдастырылды. Бұл өткізілген жұмыстардың бір бөлігі ғана. Қазірде біз заман талабына сай әлеуметтік желілерді тұрақты қолданушымыз.  Инстаграм,  фейсбук, В Контакте желілерінде тұрақты жазбалар жариялап,  кездесулерден үзінділер салып отырамыз. Оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, пікірлерімен санасамыз. Айта кетсек, интернет кеңістігіндегі деструктивті көріністер мен теріс көзқарастағы идеяларға қарсы насихат бойынша мониторинг  жүргізілуде.  Анықталған теріс контентті материалдар  «Кибернадзор» жүйесіне бұғаттау үшін енгізіледі. 2020 жылдың қараша айынан бастап,  қазіргі уақытқа дейін аталмыш  жүйеге барлығы 36 491 сілтеме жүктелді. Оның ішінде желтоқсан   айында жүйеге теріс контентті 10 900 сілтеме жүктелді.

АЛАТАУ:  – Деструктивті діни ағымдардың алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде тиімді жұмыстар атқарып жатқандарыңызды  байқадық. Нәтижесі  қандай?

Бауыржан НИЕТ: – Әлеуметтік желілердегі басқарма және оған қарасты құрылымдық орталықтардың ресми парақшаларында онлайн ақпаратты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Демотиватор, мативатор салынды. Алматы облысы бойынша әлеуметтік желілердегі  «в контакте» және  «инстаграм» деструктивті контенттерге мониторинг жұмыстары күнделікті жүргізілуде:  «в контакте» әлеуметтік желісінде тіркелушілердің көрсеткіші  – 15 731, «инстаграм» әлеуметтік желісінде  тіркелушілердің көрсеткіші  –  39 711 құрады. «В контакте», «инстаграм» әлеуметтік желісіндегі ДДА идеологиясын насихаттаушы топтарға тіркелушілер санының азаюына зерттеу орталығы  қызметкерлері тарапынан ресми және 27 фэйк-аккаунттан және «инстаграм» желісіндегі ашылған 3 фэйк аккаунттар ашылғаны анықталып, оларға ескерту үшін СМС хабарламар жіберілді және оны елеп-ескермеген азаматтарға,  ҚР аумағында тиым салынған материалдарды таратып, мамандар тарапынан жүргізілген ескертулерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Басқарма 2021 жылдың  наурыз айынан бастап іс-әрекеттері ҚР ӘҚБтК 453-бабына (2-бөлігі) сәйкес келетін облыстың 5 азаматына әкімшілік хаттамалар толтырып,  20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 291 700 теңге төленді. Осының барлығы әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асуда. Соған қарап-ақ біз әлеуметтік желінің пайдасын көре аламыз.

АЛАТАУ:  – Теріс ағымның жетегінде кетіп, ел арасына іріткі салып жүрген жастарды дәстүрлі дінге қайта бұру оңайға соқпасы белгілі. Ондай азаматтарға имамдар тарапынан да жұмыстар жүргізілуде ме?

Бауыржан НИЕТ:  –  Өте орынды сауал. Қазақ мұндайды «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Теріс ағымға кіріп кеткен жандарға күш көрсетумен тоқтату мүмкін еместігін орынды түсінген жөн. Қазақстан жергілікті діни-руханилықтың бірден-бір жолы дәстүрлі діни ұстанымды кеңінен дамытуға баса көңіл бөлуде. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысының белсенділігін арттыруға,  діни қызметкерлері мен имамдары қатарының білікті мамандармен толықтырылуына тиісті қолдау көрсетуде. Мешіт имамдарының біліміне арнайы көңіл бөлініп,  тиісті дайындық курстарында діни пәндермен қатар мемлекеттің құрылысы мен заңдарына қатысты пәндерден дәрістер оқытылуда. Қазіргі таңда басқармаға қарасты құрылымдық оңалту орталығы мен Зерттеу орталығының аудан, қаладағы  дінтанушы, теолог мамандар жеке кездесу жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек  ҚМДБ тарапынан аудан, қалалардан бір имамнан бекітіліп, теріс ағымның жетегінде кеткен жандармен нақты 22 имам жұмыс жасауда.

АЛАТАУ: – Осы жылға жұмыс бағыттарыңыз айқындалып, бекітілген болар. Алдағы жоспарларыңыз туралы қысқаша айта кетсеңіз.

Бауыржан  НИЕТ:   –  Иә,  біз өткен жылды қорытындылап, осы  жылғы жұмысымызды бастап та кеттік. Биылғы жылға басты жоспар тұрғындарға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық жұмыстарын күшейту, әлеуметтік желі жұмыстарын жандандыру. Осыған сәйкес Алматы қаласындағы дислокациялық орталықта студия ашу, «Жетісу» телеарнасымен бірлескен екі жобаны қолға алып отырмыз. Бініншісі «Бүгінгі дін», екіншісі «Талқы» бағдарламалары. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі жұмыстарды жандандыру мақсатында арнайы әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыстарды жүргізуді қолға алдық. Ал, ең бастысы оңалту бағыты бойынша басқа ағымның жетегінде кеткен азаматтарға тиісті оңалту жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ, діни экстремизм әрекеттері мен діни адасушылыққа жол бермеуде тұрғындар арасында діни ағартушылық тәрбиелеу жұмыстарына баса мән берілуде. Атқарылып отырған жұмыстардың әсерлі болуында бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы мен рөлі ескерілуде. Өткізілген шараларды жарыққа шығарып хабарлаумен қатар, арнайы діни мәселелер, ұлттық құндылықтар төңірегінде бағдарламалар ұйымдастырылады. Ақпараттық заманда өмірдегі келеңсіздіктер мен діни экстремизм идеологиялары, лаңкестікке жол бермеу, олардың алдын алуда БАҚ құралдарының орны мен мүмкіндіктері зор екендігі мәлім. Сондықтан оның жұмысы одан әрі белсендіріле түспек. Ал  менің айтарым дін ұстауда әр адам өзінен бастаған жөн. Дәстүрлі дінде, өзіміздің басшылық қабылдаған мазхабта болу аса маңызды. Бұл біздің болашағымыз.  Басты бағыт дәстүрлі дінді дәріптей білу. Көптеген бағдарлама  түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы жастарға дұрыс бағыт көрсетеміз деген ойдамын. Одан бөлек те аудан,  қалалардағы мешіт имамдарымен бірлесіп шаралар ұйымдастырамыз деген үлкен жоспарымыз бар.

АЛАТАУ: – Сұхбаттасуға уақыт бөл-геніңізге көп рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ