Дәнекерлеуші тоқтар

0
1838

Ол жеті жылдан бері дәнекерлеуші болып жұмыс жасайды. Бақтыбай ауылының тұрғыны. Есімі Тоқтар. Қара темірден кісі қызығарлық құнды зат жасап шығаратын шеберге ауылдастары да дән риза. Күні бойы шашыраған оттың жалынына қарап отыруға мықты ерік жігер мен денсаулық керек қой. Оның бір күні қалай өтетінін білгім келетінін айтқанымда «жарайды, бірақ, ертең көзің ауырса менен көрме», деді қалжыңдап. Әзілдеп айтса да шынын айтқанын  артынан білдім…

«Жұмыс жаққа ертерек келе бер», – деген кейіпкерімнің сөзінен кейін үйден ерте  шықтым. Іштей: «тым ерте шықтым, жұмысының алдында күтіп қалмасам жарарар еді», – деп ойлап қоямын. Бірақ, олай болмады. Жұмыс алаңына кіргенімде төрт-бес адам әр жерде істерін жасауда  екен. Бастары мен беттері жабық каскадан іздеген адамымның қайсысы екенін жыға тани алмай біраз бөгеліп қалдым. Аздан соң біреуі орнынан тұрып, бетінің жарты бөлігін жауып тұрған қара әйнегін көтерді. Іздеп келген адамым екен. Жылы амандасты. Одан  соң жұмыс жайымен таныстыра бастады. «Бүгін біз жігіттермен бірге бір үйдің іші мен ауласына қажетті дүниелерді жасаудамыз. Дәл қазір бәріміз сол үйдің қақпасына жабыстыратын оюлар мен баспалдаққа қажетті сәнді өрнектер құрастырудамыз. Әрқайсымыз өзімізге бөлінген міндеттерді білеміз. Соған орай шетінен бастап пазл сияқты құрастыра береміз. Бүгіндікке жоспар осы. Бәлкім уақытында бітірерміз, бәлки ертеңге қалар. Ең бастысы сапалы етіп жасау. Көргенде көз сүйсінерлік болса, кім жасаған, неткен әдемі жасаған деп тамсанса, бұл да бір ғанибет қой» – деп жылы жымиды.

Жә, жігітім! Сұрағыңды жұмыс жасай жатып қоярсың, журналистке сұхбат беремін деп жұмысты ақсатқаным жарамас. Мә, мына артық касканы киіп отыр. Тек темірдің жалынына қараушы болма! Назарыңды басқа жақққа аудар», – деп ол іс басына беттеді. Мұндағылар Тоқтарды шебер деп атайды екен. Олай деуінің де өз себебі бар. Осындағылардың бәрінен жасы үлкен, әрі ұстаз. Көбіне электродты қысқашын алғаш ұстатқан осы Тоқтар екен. Еңселі, іші атшаптырым алаң болса да жан-жақтан ұшқындап жатқан оттың жарқылы көз қарлықтырып, темірдің күйген иісі қолқаны қабады. Электродты қысқашын қолына алып, маңдайына көтерген әйнегін көзіне қайта түсірді. Дәнекерлеу аспабын қайтадан қосып, жұмысына кірісе берді. Мен болсам шарт-шұрт еткен жарыққа қарай алмай, шебердің арқа тұсындағы орындыққа  жайғастым.

Биылдыққа жасап жатқан төртінші тапсырысымыз», – деді дауысын қатайтқан шебер маған бұрылмастан әңгімесін бастап. «Сәтті жасалып жатыр. Шүкір. Бұйыртса екі-үш күнде орнатып қалармыз. Осы ғой біздің несібіміз. Тапсырыс көп болса көз суырып, жан қинар тағы бір жұмыс деп қынжылмаймыз. Қайта қуанамыз», – деп ағынан жарылды ол. Айтуынша, осында істеп жүрген азаматтардың барлығы үлкен отбасыларды асырап отыр. Дәнекерлеушікке адамдардың көп сандысы табысы жақсы болғасын барады. Әйтпесе, денсаулыққа айтарлықтай зиян бар  бұл саланың түбіне ешкім жетпеген. Тіпті Тоқтардың өзі басқа мамандыққа ауысуды ойлайды. Бірақ, икемі тек осыған ғана келетіндей тұрады.

«Дәнекерлеу дейді ғой біздің жұмысты. Бірақ, адамдар сварка деп атағанды жөн көреді. Сосын мына жерде шебер болғаныммен ауылда мені «сварщик Тоқтар» деп атайды. Осы кәсіпке келгенімде жиырмадан енді асқан жігіт едім.Алғашқы күні бетіме мынадай қорғаныс ұстамаған едім. Түнімен ұйықтай алсамшы, екі көзім ағып түсердей суырып ауырды. Бір күн жұмыс істеп, үш күн ауырдым, бір апта көзім қызарып жүрді. Омырау сүтін тамызып, жаным қалды. Тәжірибесіздік қой. Содан біраз уақыт жоламай жүрдім. Кейін арнайы оқу курсын тәмамдадым. Сонда барып мұның техникасын, қыр-сырын меңгердім. Білгенімнен білмегенім көп. Кейбір дүниені  шәкірттерім болып келетін мына жігіттерден сұрайтын кезім де жеткілікті. Қазір техника жаңарып жатады. Біздің осыдан бірнеше жыл алдын істеткен құралдарымыз қазір қолданыстан шығып барады. Оның орнын мүмкіндіктері көп жаңа дәнекерлеу аспаптары басуда. Дәнекерлеудің сан түрлі техникасы бар. Әркімге әр түрлісі ыңғайлы. Қолайлысы осы екен деп оңайға жүгіруге де болмайды. Қауіпсіздік өте маңызды. Жаңадан үйренген жастардың көп жіберетін қателігі дәнекерлеу таяқшасын жанына қарай қисайтып сындырмай, тік жұлып алады. Бұл өз кезегінде жаңағы айтып отырған қауіпсіздікке, адам өміріне байланысты дүние. Сосын бір байқағаным,  жігіттер қолғап киюді басы артық шаруа санайды. Бұл олай емес. Ыршыған шоқтан қол терісі күйеді әрі тез тозып кетеді» – дейді ол.

Ертеңгілік жұмысқа келгендегі шебердің  алғашқы шаруасы құрал-саймандарды тексеруден басталады. Содан  қасындағы жігіттердің барлығына бірдей каска мен қолғап киюді, маска тағуды міндеттейді. Масканы тағу себебі адам өкпесін құртатын ең қауіпті дүние темірдің ысы екен. Дәнекерлеу жұмысын жүргізетін азаматтардың кір-кір киімдермен жүретінін көзіміз шалып қалады. Еңбек болғасын киімге май сіңіп, топырақ жұғуы заңды ғой деп ойлағанымызбен, Тоқаң жұмыс киімін  ертеңгісін кеп кигенде жаңа жуылғандай болып тұруы керек деп шәкірттеріне үнемі ескертіп отырады екен.

«Жазда жұмыс сегізде,  ал қыста тоғызға таман басталады. Бәріміз толық құрамда жиналғанда ғана іске кірісеміз. Әрине, кейде бір себептермен біреуіміз келе алмай қалсақ, оның сол күнгі міндетін барлығымыз бөліп аламыз. Осы сәуір туа жазғы уақытқа көштік».

Ешкім қадағаламаса да топ болып тірлік етіп, таңнан  қара кешке дейін от жалынына тесілетін мына азаматтардың тірлігі нағыз еңбек демеске шараң жоқ. Түскі демалыс уақыттары да қысқа болып шықты. Жігіттер үйлерінен әкелген тамақтарын ортаға қойып, арқа-жарқа әңгімелер мен дәнекерлеудегі тәжірибелерін бірі-бірімен бөлісе отырып, аз уақытта ауқаттанып, жұмысқа қайта кіріседі.  Баптанып отыратын уақыт жоқ. Клиенттің көңілі қымбат. Қолға алған жұмысты тез бітіріп, келісілген межеден ерте жеткізіп берсе екі жаққа да қуаныш екенін мұндағылар  жақсы біледі.

«Мұнда менікі, сенікі деген әңгіме жоқ. Кім ерте бітірсе, келесі жұмысты орындай береді. Бүгіндікке темір бұрандалар мен гүл пішіндерін, қазақы ою-өрнектерді құрастыру, сырлау менің мойнымда. Түске дейін бітірсем, түстен кейін оларды әсемдеп бояймын. Соның өзі бір күннің шаруасы. Әдетте, оңай сияқты көрінгенімен іске келгенде асқан мұқияттылықты талап етеді»,  – дейді кейіпкеріміз.

Шебердің сөзінше, қазіргі адамдарда таңдау көп, талғам жоғары. Бұрындары қақпа жасауға шифр мен темір бағаналар ғана керек болса, қазір адамдар оның әсемдігіне мән береді. Қақпасына самұрық, тауыс, жолбарыс сияқты аң-құстардың суретін темірден ойып салғызғысы келетіндер де көп.

Өмірі қолыма алып көрмеген дәнкерлеу құрылғысын сынап көрмекке аңсарым ауа қалды. Шебердің қадағалауымен жайлап пистолетін қолға алдым. Дайындалған темірге үйкелей ұрып қалғаным сол еді көз алдым жарқ ете қалды. Қолымнан өткен тоқтың дірілі бүкіл денемді шарпыды. Айтарға болмаса екінші рет қайталауға жүрексініп қалдым. Қаймығып қалғанымды аңғарса керек. «Басында бәрі осылай басталады», – деді шебер қолымнан дәнекерлеу құрылғысын алып жатып. Енді маған  әр қимылын қадағалу ғана қалды. Күн де түс әлеті болып қалды. Тоқтардың қолынан түймедаққа бейімделген темір гүлдер толассыз шығып жатты. Ендігі іс оны әдемілеп бояу. Сосын темір тақтаға орнату. Сонымен бір күннің міндеті орындалмақ. Бояуды орнымен қолдана білу де өнер. Әдемі өнер туындысын дұрыс қолданылмаған бояу бұзады. Бұған келгенде шебер қолғабын ауыстырып, қалыңдау маска тақты. Қорғаныш көзәйнегін киді. Оның жұмысы мен денсаулығына осынша мән беретініне риза болдым…

Дәнкерлеу әлемдегі ең қауіпті әрі ауыр жұмыс санатында. Оған бейімі бар адам істемесе, кез-келген жанның игеріп кетуі екіталай шаруа. Тоқтардың бір күндік дәнекерлеу ісінен соған көзім  жетті. Үйге жете менің де көзім түйіліп, түнімен ашып ауырып шықты. Ал жыл бойы осының басында жүрген азаматтардың не жаны жүргені тәңірге аян. Құдайдың берген қуаты шығар?! Әр адамның риздығы әр кәсіптен. Тоқтар «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болар» – деген аталы сөзді жеңілдеу  басқа жұмысқа ауысып ал дейтіндерге үнемі айтып отырады екен. Соған сай табысы да жаман емес. Өз жұмысына адал, жұртқа пайдасы болмаса, зиянын тигізбейтін осындай адамдардың болғаны қандай жақсы. Онымен өткізген бір күнімде дәнекерлеу жұмысындағы кейбір есте сақтауға тиіс маңызды дүниелермен ақпараттандым. Жанымда жүрген жақсы адамның жақсылығын көрдім. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  шоу-бизнес өкілдерінен көрі ғалымдар мен еңбек адамының қоғамға көбірек пайдалы екендігін айтқан болатын. Ендеше, отбасы, әулетін асырау үшін, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасайтын еңбек адамын үлгі ету ақпарат саласында жүрген біз үшін таусылмас тақырып.

А.НАЗЫМҰЛЫ.

Кілтсөздер:БІР КҮН


ПІКІР ЖАЗУ