Дәрігерлер марапатталды

92

Б. Римова атындағы драма театрда медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік кеште  бүкіл ғұмырын медицинаға  арнап келетін жетісулық абзал жандар арнайы  марапатталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен  өткен іс-шараға қатысқан  Жетісу облысының су жаңа әкімі Бейбіт Исабаев медицина қызметкерлеріне деген жылы лебізін жеткізді.

– Құрметті жетісулықтар! Құрметті жерлестер, медицина қызметкерлері, шын мәнісінде өздеріңіз білесіздер екі-үш күн бұрын осы қасиетті Жетісу өңіріне басшы болып тағайындалдым. Маған сенім білдіргендеріңізге көп рахмет! Алла жазса сіздермен әлі жүйелі жұмыстар жүргіземіз деп үміттенемін. Осынау айтулы шараны  жақсыға балап, ырым қылып отырмын. Себебі менің өңірге келгендегі ең бірінші кездесуім ақ халатты абзал жандар, өздеріңізбен болып отыр. Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Қос қуаныш қатар келіп  тұрғандықтан, ең әуелі Жетісу облысының құрылуымен және кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Ақ халатты абзал жандар қашанда өз міндетін жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді. Жаңа көрсетілген 10 минуттық бейнероликтен мен сіздердің облыста қандай жұмыс атқарып жатқандарыңызды көріп риза болдым. Біздің алдағы қойған басты мақсат – елдің, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін жақсарту. Денсаулық болмаса, дүниенің бәрі бос қалады. Халықтың денсаулығы – елдің, мемлекеттің  денсаулығы деген сөз. Дені сау, адами капиталы мықты дамыған мемлекеттің алда бағындырар белесі көп, болашағы зор болмақ. Сол үшін де сіздер осы салада үлкен көмек көрсетіп жатырсыздар. Сіздердей ізгі мамандарға деген  көптің ықыласы қашан да бөлек. Жетісу халқының денсаулығын нығайту жолындағы еселі еңбектеріңіз әрқашан жемісті болсын, сіздерге ұзақ ғұмыр, талмас ерік-жігер, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Мереке құтты болсын!  – деді облыс әкімі.

Осындай ақ жарма тілектен соң өңір басшысы Алматы облысының медицина қызметкерлері арасында өткізілген «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының жеңімпаздарын, медицина саласының үздік мамандарын құрмет грамотасы мен алғыс хаттар және төс белгілермен марапаттады.

Ескелді  орталық   аудандық  ауруханасының дәрігері Бижамал Күлбекова «Емхананың үздік дәрігері» номинациясы  бойынша жүлдегер атанды. Ал  «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері» номинациясына  облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары Асқар Шормаков лайық деп табылды.  Сондай-ақ  облыстық  көпсалалы аурухананың фармацевті Махаббат Бодауова «Үздік фармацевт» атанса,  «Үздік мейірбике» номинациясы  Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасының мейірбикесі Айжан Аймақоваға бұйырды.  Алакөл орталық аудандық ауруханасының фельдшері  Нұрлан Уәлиев «Үздік фельдшер»  атанды.

Марапаттау рәсімі бойынша «Үздік медициналық мекеме» номинациясымен облыстық жұқпалы ауруханалар ауруханасының директоры Біржан Оспанов марапатталды. Байқау жеңімпаздарына  арнайы диплом  мен ақшалай  сыйлық табысталды.

Мерекелік кеште облыстың денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі үшін және медицина қызметкерлері күніне орай Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың травматология бөлімінің меңгерушісі Өміржан Алтай, облыстық кардиологиялық орталығы директордың ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Ернар  Әубәкіров, Текелі қалалық ауруханасы директордың емдеу ісі бойынша орынбасары Камила Жамалова, Ескелді аудандық орталық ауруханасының ана мен баланың денсаулығын қорғау жұмыстары жөніндегі орынбасары  Зәбида Мұхамеджанова, Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету станциясының фельдшері  Кабир Рафиков, Арнайы медициналық жабдықтау базасының директоры  Құсайын Өмірбеков облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса,  Ақсу аудандық орталық ауруханасының Ойтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясының  жалпы тәжірибелік дәрігері  Еріксұлтан Бижігітов, Талдықорған қалалық емханасының әлеуметтік-психологиялық көмектің алдын алу және көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Қайыркүл Иманғазинова, Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасының  Көктал ауылдық ауруханасының  офтальмолог дәрігері  Бағила Қазығұлова, Облыстық перинаталдық орталығының босану бөлімінің акушер-гинеколог дәрігері Назгүл  Рүстембекова, Облыстық көпсалалы клиниканың медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі директордың орынбасары  Гүләйім Оразбекова облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Салтанатты жиында  облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков еңбегімен танылған ақ халатты абзал жандарды арнайы төсбелгімен марапаттады. Атап айтсақ,  Талдықорған қалалық емханасының балалар-дәрігері  Майра Омарова мен Талдықорған қалалық емханасының компьютерлік томография дәрігері  Клара Байтуова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен,  Облыстық қан орталығы зертханасының меңгерушісі Алия Джансенгирова, Кербулақ аудандық орталық ауруханасының отолоринголог дәрігері Татьяна  Горяченко, Облыстық кардиология орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ерғали Жүнісов «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Көксу аудандық орталық ауруханасының директоры Асқар Садықов, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Анар Молдағалиева, Сарқан аудандық орталық ауруханасының директоры Алтай  Шұлғаубаев, Талдықорған қаласындағы  облыстық аурухананың директоры Анарбек Монғол, Облыстық кардиология орталығының кардиология бөлімінің меңгерушісі Ақбота Бақытжан «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жиын соңында марапатталушылар естелік  суретке түсіп, мерекелік концертті тамашалады.

Арайлым НҰРЖАПАР

 

 

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ