ЕКПЕДЕН YРІКПЕЙІК

0
1671

Ел ішінде коронавиурс пайда болғалы вакцина жайында жиі айтыла бастады. Әлбетте, бұл дертті ауыздықтайтын емнің табылғанын бәріміз де қалайтынымыз анық. Ал вакцина тек коронавирус үшін емес, өзге де қаншама ауруға ауадай қажет. Осы тұста қоғамда екіұдай пікір орын алған. Олардың бірі вакцинаны қолдаушылар болса, екінші тарап оған күмәнмен қараушылар.

КОРОНАВИРУСҚА қарсы вакцина туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен осы уақытқа дейін түрлі вирустың алдын алып келген екпе жайында айтсақ. Мамандар пікірінше, екпенің зиянынан гөрі пайдасы көп. Ал, ғалымдар мұны адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі деп санайды. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, әлем мойындаған екпені қазақ даласына алып келгендердің бірі – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол екпені алғаш шешекке қарсы пайдаланған. Әрі бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын енгізгені туралы деректі оның «Шипагерлік баян» атты еңбегінен табуға болады.
Медицина саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келетін маманның айтуынша, екпеге қарсы пікірді таратып жүргендер бұл саладан хабары жоқ жандар. Оның сөзінше, қауіпті дерттің алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина болып табылады.
Соңғы жылдарда елімізде екпеден үркитіндер саны толастамай келетінін немен түсіндіруге болады? Санадағы сан ойлардың бір тармағы олардың басым бөлігі ислам шариғаты екпе егуге қарсы деген пікірде ме дегенге саяды. Негізінде, олай емес. Яғни, ислам шариғаты екпе егуге қарсы деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындаған. Себебі, қажылар Меккеге қажылыққа барар алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Демек, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігін шариғат та мойындап отыр.
ОСЫ орайда мына оқиғаны баян етсек. Франция еліне Египеттен барған Әл-Әзһар университетінің бір докторы Исламның кемелдігі мен Құранның барлық сұраққа жауап беретіндігі туралы дәріс оқыған екен. Дәріс соңында бір француз азаматы докторға:
– Сіз Құранда бар сұрақтың жауабы бар дедіңіз. Олай болса, Құраннан айтыңызшы, бір қап ұннан қанша нан шығады? – дейді.
– Жүріңіз, жауапты сыртқа шыққан соң беремін, – деген доктор француз азаматын ертіп, жақын маңайдағы наубайханалардың біріне бас сұғады. Сол жердегі нан жабушыдан:
– Бір қап ұннан қанша нан шығады? – деп сұрайды. Жауапты естіген соң француз азаматына:
– Естідіңіз бе? – дейді. Француз азаматы:
– Мен сізге жауапты Құраннан беріңіз деп едім ғой, – дейді. Сонда доктор:
– Алла тағала Құранда: «Өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұрап алыңдар», – деген («Әнбия» сүресі, 7-аят). Мен білмегендіктен, білетіндерден сұрадым. Сіздің сұрағыңызға Құран арқылы жауап бердім, – деген екен.
БҰЛ жазбаның екпеге нендей қатысы бар деуіңіз мүмкін. Ойды тарқата айтқанда, Қасиетті Құранда әрі пайғамбарымыздың сүннетінде вакцинацияға анық тыйым салынбағандықтан, шариғатта тікелей тыйым салынған деген дәлелдің жоқтығы. Себебі вакцинаның тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. Алайда, вакцинаның негізгі мақсаты – аурумен алдын-ала күресу болғандықтан, ауырмай тұрып қандай да бір ем іздеу міндеттілігі туралы шариғаттан дәлелдер табуға болады.
Негізінде, Құран мен пайғамбар сүннетінде аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлінген. Мәселен, хадистердің бірінде: «Медицина – аурудан айығуға көмектесер құрал» десе, енді бірінде «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді», мұнан да бөлек сахих хадистерде, «ауру бар болса, сол аурудың емі де бар» деген сөздер айтылған. Сондықтан да, адам өз ауруына ем іздеп, медицина іліміне жүгінетіні айдан анық.

Вакцина салынса, одан адам еш ұтылмайды

ЕКПЕ туралы, соның ішінде балаларға арналған екпе жайындағы бір сұхбатында академик Төрегелді Шарманов былай деген болатын: «Екпе жасатпау дегеніміз – бала өмірін ұзартпау деген сөз. Сонда өз баламызды өзіміз қолдан өлтіріп отырамыз ба? Елімізде өлім-жітім көбейеді. Ғылымның жетістігін мойындамау – түсінбестіктен туындайды. «Аңқау елге – арамза молда» дейміз. Халыққа пайдасы тиетін, денсаулыққа зияны болмайтын ғылыми жетістікке арамза молда болмаса, діннен сауаты бар, білікті адамдар қарсы болады деп ойламаймын. Дінді бұрмалауға болмайды. Екпеге қарсы шығатындардың көбі – дінді теріс түсініп жүрген «дүмшелер». Денсаулықты сақтап қалатын жетістіктерді пайдаланбау – өлімге итермелеу. Біздің мақсат – адамзаттың өмірін сақтап қалу».
Академиктің айтуынша, ғылыми жетістіктерге, адамның денсаулығын жақсартатын екпеге қайшы келмеу қа-жет. Аурудың алдын алатын, ауруды болдырмайтын вакцина салынса, одан адам еш ұтылмайды. Қалай десек те, бұл – екпенің пайдасы барын айғақтайды.
ВАКЦИНА жайында жағымсыз пікір білдірушілер халық арасында ағарту, түсіндіру жұмысын жүргізу аса қажет дегенді меңзейді. Шынында да қазір халыққа, әсіресе ауылды жерде тұрып жатқан елге екпе (вакцина) туралы кең көлемдегі түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек-ақ. Екпе жайында кереғар пікірдегі адамдарға қалыпты ақпаратты жеткізе білу де қоғамда орын алған түйткілді мәселенің түйінін тарқатары сөзсіз. Әрі, «Тексерілмеген вакцинаға қарсымыз» деп наразылық білдірген жұрттың да ойын өзгертуге сеп болары анық.
COVID-19-ға қарсы вакциналардың қайсысы тиімді? Олардың айырмасы не? Ресейдің «Спутник V» вакцинасы қаншалықты сенімді? Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді? Қазақстандықтарға қандай вакцинаны салдырған дұрыс? Бұл көптің көкейіндегі күпті ой. Осыған қатысты malim.kz. сайтындағы Францияда тұрып жатқан вирусология және молекулярлы биология саласындағы PhD, ғалым Әсел Мұсабекованың айтқандары көкейдегі сан сауалдың орнын толтырады. Аталмыш мақалада жас ғалым вирус дегенге кеңінен ақпарат бере отырып, вакцина туралы да нақты дүниелерді тілге тиек еткен. Ол – ковидті өте «қу» вирус деп атайды.
«Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір коронавирус туралы көбірек мағлұмат бар. Тәуекел факторлары қандай, әртүрлі науқастарды өлімнен құтқару үшін оларды қалай емдеу керек дегенді білеміз. Осының арқасында бүкіл әлемде өлім-жітім азайды. Ақпарат неғұрлым көп болған сайын вирустың бетін қайтару соғұрлым оңай болмақ. Ал вакцинация уақытты шегеруге, уақыт ұтуға мүмкіндік береді. Өйткені қандай да бір дәрі вирусты емдейтінін дәлелдеу үшін ғалымдарға уақыт керек. Препарат көмектесетінін-көмектеспейтінін білу үшін клиникалық сынақ жүргізіледі. Мысалы, Бразилияда Азитромицин сынағына мыңдаған адам қатысып, бұл препарат вирусты емдемейтіні, вирусқа қарсы мүлде әсері жоқтығы дәлелденді. Сондықтан, бәлкім, жарты жыл, бір жылдан кейін вирусқа қарсы қандай дәрі-дәрмекті қолдануға болатынын білетін шығармыз. Бірақ вирустың емін іздеу вакцинациямен қатар жүруге тиіс» – деген ғалым «вакцина салдырасыз ба?» деген сауалға орай кезегі жеткенде салдыратынын айтқан. Ал, Қазақстанға келсе «Спутник V» вакцинасын салдыра-мын депті.

Пандемияны жеңудің  жалғыз жолы

ЕЛІМІЗДЕ 1-ақпаннан коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталғаны белгілі. Жетісу журналистері арасында алғашқы болып ерікті түрде екпе ектірген әріптесіміз туралы жазғанымызда бұл өтірік дегендер көбейді. Тіпті вакцина алу үстінде түсірілген бейнероликті әлеуметтік желіге салғанда да түрлі пікір жазғандар бар. Екпе салдырған жоқ, мұның бәрі өтірік деп, сенбейтіндіктерін айтқан. Бұл – адамдардың бір-біріне деген сеніміне селкеу түскендігін аңғартады. Өкінішті…
Естеріңізде ме, ел ішіне коронавирус дерті дендеп кірген сәтте де бәріміз мұның бәрі өтірік деп сайран салғанбыз. Алайда, сенбегендіктің салдарынан талайымыз жанымызға жақын жандардан айырылып, әлі күнге жүрегіміз қан жылап жүр. Қазіргі күні де бұл дерттен көз жұмып жатқандар көп.
Президент айтқандай, вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз жолы десек, тәжтажалдың құрығынан құтылуда, дерттің жолын кесуде екпенің де көмегі ұшан-теңіз екенін естен шығармайықшы.
P.S. БҮГІНДЕ 13 мыңнан астам медицина қызметкері вакцина алып үлгерді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Жалпы, ел аумағына жеткізілген «Спутник V» екпесі 13 301 адамға салынған. Олардың қатарында инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі бар басқа да бейіндегі медицина қызметкерлері бар. Келесі кезекте вакцинация педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері арасында жүргізілмек.
Сонымен бірге, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа жаппай екпе салдыру ғасырлар бойы адамзатты шешек, оба сияқты қырылып қалуға апаратын қорқынышты аурулардан қорғап келгенін айтты.

Әзірлеген С. ӘЙТЕНОВА.


ПІКІР ЖАЗУ