«ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК»жүлдегерлері анықталды

0
1672

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ІІІ Республикалық «Жырлайды жүрек» атты әншілер байқауының гала-концерті өтті. Бұған дейін әншілер екі номинация бойынша: дәстүрлі және эстрадалық бағыттағы онлайн-байқауда бақ сынаған.

Қазіргі пандемия жағдайына байланысты байқау онлайн форматта өткізілді. Соған қарамастан, жаңа орындаушыларды анықтауды мақсат тұтқан байқау жоғары деңгейде өтті деп айтуға болады. Еліміздің 14 облысынан 82 үміткер қатысса, оның 20-сы ақтық сынға жолдама алған. «Жырлайды жүрек» байқауы бұған дейін облыстық көлемде дәстүрлі түрде өткізіліп келді. Биылғы байқау ақынның 90 жылдығы құрметіне ауқымы кеңіп, республика деңгейінде ұйымдастырылып отыр.
Үміткерлер арасынан үздігін таңдап, байқауда қазылық еткен танымал өнер иелерімен және Алматы облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы М. Көлбаевпен баспасөз мәслихаты өтті. «Жылдан жылға байқаудың өрісі кеңіп, қатысушылардың да деңгейі артып келеді. Қазіргі індетке байланысты онлайн түрде өткізуге мәжбүр болдық. Ақынның мерейтойын кең көлемде, дүркіретіп өткізуге болатын еді. Бұндай кедергіге қарамай, өзге өңір өнерпаздарының асқан дайындықпен ат салысқаны қуантты», – дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ, М.Қапашұлы жұмыс жоспарында ақынның туған ауданында, туған жерінде, туған ауылында су құбырлары жаңартылып, жаңадан жол жасалатынын, сол жердегі саябақ қайтадан қалпына келтірілетіндігін де атап өтті.
Қатысушыларға әділ бағасын беріп, үздіктердің оқ бойы алға шығуына себепкер болған қазылар алқасы құрамында Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиев пен әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов те бар. Басқарма басшысының орынбасары Ә.Жақыпбекова мен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншілері Ұ.Айнақұлова, С.Есенгелдинова осы құрамнан бой көрсетті.
Жүлдегерлер лауреат атағын растайтын дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Президент Қ.Тоқаев «Твиттердегі» парақшасында: «Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той…» деп атап өткен болатын.
Ақынның мерейтойы қарсаңында туған өлкесінің игілігі үшін жергілікті бюджеттен 147 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған.

Д. БЕРЕКЕТ.


ПІКІР ЖАЗУ