Жазиралы Жаркент жетістіктері

262

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, Қытай мемлекетімен шекарасы шектесіп жатқан өңірдің тарихы мен тағылымына көз салсақ, Панфилов ауданы 1923-1942 жылдары Жаркент ауданы болып аталған. Ұлы Отан соғысы басталған жылы 28-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі И. Панфилов есімімен аталды. Күні бүгінге дейін И. Панфиловтың есімін арқалап келетін аудан тұрғындары атынан қол жиналып, ауданның атын «Орбұлақ» деп атауға сан рет ұсыныс жасалған. Бірақ, әлі күнге дейін тұрғындардың бұл ұсынысы жүзеге аспады.

Аудандағы тұрғындар саны – 129 204. Олардың басым бөлігін қазақтар құрайды. 35 ұлттың өкілі мекендеген ауданның негізгі тыныс-тіршілігі аграрлық сала. Кеңестік кезеңде жүгеріден тау тұрғызған, атақ-даңқы одаққа тараған колхоз-совхоздардың барлығы миллионер ауылдар атанған. Ел Тәуелсіздігін алып, нарықтық жүйеге көшкенде танауын тасқа соққан балықтай сансыраған аудан еңбеккерлері заман ағымына қарай бейімделіп, «тар жол тайғақ кешуден» өтті. Жекеменшік дәуірде дәулетіне-дәулет қосып, жер тырмалап, төрт түлік мал өсірген жаркенттіктер кәсіптің сан-салалы түрін меңгерген. Іргеде тиіп тұрған аспан-асты елімен де тығыз қарым-қатынаста.

Ауыл шаруашылығы –
ел экономикасыны өзегі

– Тарихы тасқа басылған ауданда советтік дәуірде егін және мал шаруашылығынан бөлек құс өсіру кең жолға қойылған-ды. Бір ғана (Октябрдің 40 жылдығы колхозын басқарған, Екі мәрте Еңбек ері Н. Головацкий басқарған ұжымшар жүгеріден бөлек құс өсірумен де аты шыққан. «Ескіні елемесең, жаңаның жаңғыруы екіталай» демекші, сол ардагерлер салған сүрлеу жол бүгінде көмескіленіп қалған. Ауданда құс шаруашылығы некен-саяқ. Есесіне төрт түліктің жаңа тұқымы бар. 1997 жылға дейін асыл тұқымды қой, ірі қара және жүгерінің гибридті тұқымдарын өсіруге маманданған 6 ұжымшар, 5 кеңшар болған. Қазір осы салаларға қосымша қызылша тұқымын және өсімдік майын алатын дақылдар өсіру қолға алынған. 2002 жылдың басында 39 ауыл шаруашылығы ӨК, 3 ЖШС, 1 акционерлік қоғам және 3145 шаруа қожалығы, 16 өнеркәсіп орны, 2 жолаушы , 3 жүк таситын көлік ұжымдары, аудандық телекоммуникация бөлімшесі, жергілікті пошта торабы сияқты меншіктің әр түріндегі 336 заңды және жеке тұлғалар тіркелген. Ауыл шаруашылығына жарамды жер аумағы 648,0 мың га, оның ішінде егістігі – 41,0 мың га, жайылымы 587,0 мың га, шабындығы 19,4 мың га . Мал түліктерінен ауданда 40,5 мың ірі қара, 224,0 мың қой мен ешкі, 12,2 мың жылқы, 390 түйе және 116,0 мың әр түрлі құс бар. Ауданның 9 айындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 31 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,00 пайызды құраған. Күзгі жиын-терін жұмыстарын аяқтауға жақын қалған аудан еңбеккерлері қазан айында жаздық бидайдан 414-га орылып, 946 тонна, арпаның 567 гектардан 23,4 мың тонна, көкөністің 1202 гектардан 33 мың тонна, жеміс-жидек 1677 гектардан 14000 өнім алынып, 183,4 мың тонна ірі сабақты мал азығын дайындаған. Мал тұқымын жаңартуда, Көктал ауылында «Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Басқұншы ауылында «Жақыпбеков Б» шаруа қожалығы Австрия және Ресей елдерінен 218 бас құнажынды 196 миллион теңгеге сатып алып келген. Бұның сыртында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» қаржылық ұйымы арқылы 57 жеке шаруашылықтар 526 бас ірі қара малын 179 миллион теңгеге, 5 шаруашылық 394 бас ұсақ малды 19 миллион теңгеге сатып алған. «Жаркент» несие серіктестігі арқылы 4 шаруашылық 124 бас ірі қара алуға 27,4 миллион теңге, 338 бас ұсақ мал алуға 17 миллион теңге несие алса, Үлкенағаш ауылдық округінде 200 бас ірі қара малына арналған бордақылау (жоба құны 50,0 миллион тенге) іске қосылған. Халықтың сұраныс кестесінен түспей тұрған өзекті мәселенің бірі сүт өніміне байланысты. Көктал ауылында «Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 2,5 миллиард теңге құрайтын сүт фермасын іске қосып, 31 жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта 110 бас сиыр сауылады. Күніне 2600 литр сүт Талдықорған қаласындағы «JLC сүт» серіктестігіне өткізілуде.Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсудің оң қарқынын көрсеткен жаркенттіктер есепті кезеңде өнеркәсіп саласында 11,8 миллиард теңгеге өнім өндіріп, нақты көлем индексі 101,5 %-ды құраған. Ауылшаруашылық саласында тағыда 180 бас асыл тұқымды құнажын алып келуді жоспарлап отыр. Дала аруы жүгерімен айналысатын аудан ағымдағы жылы «ЭСЭСЭЙ Фид Миллс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс қуаттылығы жылына 60 мың тонна құрайтын астық сақтау және құрама жем шығаратын (жоба құны 4,7 миллиард теңге болатын) зауытының инфрақұрылым жүйелерін салу жұмысы аяқталып, қолданысқа беріліп, жаңадан 30 жұмыс орны ашылған. Жалпы ауылшаруашылық саласына 48 техника сатып алынды,– дейді аудан әкімі Талғат Өмірәлиев.
Аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,7 мың бірлікті құрайды. Олардың кең қанат жаюына бар мүмкіндік жасалуда. Себебі, аудан тұрғындарының басым бөлігі осы шағын бизнеспен айналысуда. Екі қолы қимылдағанның аузы да ақ май асайды деген аудан әкімі есепті мерзімде шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 1,9 миллиард.теңге төлемдер түскенін, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 2 кәсіпкер 130 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алғанын да айтты.

Инвестиция тарту – өзекті іс

– Аудан көлеміне инвестиция тарту да оңай емес – деп жалғады сөзін аудан басшысы. –Олардың құқығын қорғай отырып, бар мүмкіндікті жасаудамыз. Бүгінгі атқарған жұмыстың көлемі де инвестициямен көрінеді. Қазіргі таңда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 17 млрд. теңге, нақты көлем көрсеткіші 104,7%-ды құрайды. Мәселен, құрылыс саласында 7,7 миллирад теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары жасалып, нақты көлем көрсеткіші 81,2%-ды құрады. Құрылыс салу және жоба-сметалық құжаттар дайындауға 1,6 млрд.теңге қарастырылып, 523,4 миллион.теңге игерілді. Оның ішінде, Нұркент қаласында 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы 0,97 гектар жерде салынуда. Осы кезеңде 18,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 1,1 есе артық.
Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге және ұстауға 966,7 миллион теңге бөлінген, 9 айда 745 миллион теңге игерілді. Жаркент қаласында ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын 5 көшенің жолын, Диханқайрат ауылына 3,5 шақырым кірме жолға күрделі жөндеу жасалды. Сонымен бірге, Үлкеншыған ауылдық округіне қарасты Қырыққұдық және Ақкент ауылдарында бос қалдықтар есебінен «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Аққұдық ауылына кірме жолды орташа жөндеу, Жаркент қаласында және Сарыбел, Үшарал, Қызылжиде, Диханқайрат, Шолақай, Пенжім ауылдарында 7 көшенің жолына ағымдағы жөндеу, Айдарлы, Дарбазақұм, Көктал және Үлкеншыған ауылдарындағы 5 көшеге орташа жөндеу жүргізілді.

Баспана – басты назарда

Баспана мәселесі де қоғамның өзекті тақырыбы. Құстың ұясындай болса да жылы, әрі бала-шағаның алаңсыз өсіп-өркендеуі үшін де тұрғын үй аса қажет. Оны екінің бірі салып ала алмайды. Бай мен кедей деп бөлінген мына дәуірде билік органдары мұны да назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Мұнда, ауыз су мәселесі де қат-қабат жүреді.Тұрғын үй коммуналдық және тұрғын үй инспекциясы саласында биылғы жылы Кішішыған ауылын сумен қамту жүйесі қалпына келтірілді.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 1,6 млрд.теңге қарастырылып, оның 1,2 млрд.теңгесі игерілді. Бұл қаржыға Лесновка, Головацкий, Әулиеағаш, Қожбанбет би, Сүптай ауылдарындағы көшелерге жарық орнатылып, Жаркент қаласында Білал-Назым көшесі мен Жібек-жолы даңғылына тротуар жолдары жасалды. Сонымен бірге, Алмалы ауылының сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру және құрылысын салудың екінші кезеңі, Тұрпан ауылында сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру және құрылысын салу, Жаркент қаласында қолданыстағы канализация жүйесін механикалық тазарту, канализация және тазарту алаңын қалпына келтіру мен құрылысын салу жұмыстары аяқталуда. Сонымен бірге, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша Жаркент қаласында «Бөлек батыр» саябағын күрделі жөндеуге 263 миллион теңге жұмсалуда екенін тілге тиек етті аудан әкімі Талғат Әбенұлы. Сондай-ақ, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинау бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Жоспардағы 15,5 млрд.теңгенің орнына 17,3 млрд.теңге түсіп, болжам 111%-ке орындалыпты. Аудандық бюджетке 4,7 млн.теңге жиналып, жоспар 150%-ке орындалған. Сонымен қатар бюджетке берешек көлемі 49,5 млн.теңгені құрап, үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтардағы кезеңімен салыстырғанда 88,5 млн.теңгеге кеміген. 2020 жылға арналған аудан бюджеті 24,5 миллиард теңгені құрайды. Аудандық бюжет қаржысының шығыс жағы 18,0 миллиард теңге, қаржы игеру 99,6%.

Әлеуметтік саланың әлеуеті артты

Мемлекет басшының тікелей тапсырмасымен жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуда бірқатар шара жүзеге асуда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша 4706 бірлік жаңа жұмыс орны құрылды. Мемлекет қамқорлығындағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген 1145 отбасына немесе 6186 адамға 389 миллион теңге, мүгедек балаларды үйде оқытатын отбасыларына, 155 адамға 4,8 миллион теңге көмек көрсетілген. Төтенше жағдай кезінде халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен жыл басынан 38 090 адамға 211 миллион теңге, сонымен қатар, әртүрлі санаттағы 706 адамға 37 миллион теңге әлеуметтік төлемдер берілді. Сондай-ақ, мүгедек жандарды қолдау аясында 262 адам денсаулығына байланысты шипажайларда демалса, 562 мүгедек гигиеналық құралдармен, 98 адам протездік-ортопедиялық бұйымдармен, 30 адам сурдотехникалық құралдармен, 93 адам тифло құралдармен қамтамасыз етіліп, 158 адамға мүгедек арбасы табыс етілді. Бiрiншi топтағы 192 мүгедекке жеке көмекшінің қызметі көрсетілді және мүмкіндігі шектеулі 53 азаматтан 1145 тапсырыс қабылданып, инва-такси тасымалдау қызметі көрсетілді.
Есепті мерзімде жұмыспен қамту орталығында 3607 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, 4324 адам жұмыспен қамтылды.
«Жұмыспен қамту жә-не кәсіпкерлікті дамыту» бағ-дарламасының бірінші бағытына сәйкес 70 адам кәсіби қайта даярлау курстарына жолданып, оқуды аяқтаған 42 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Екінші бағытқа сәйкес, «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 170 адам оқуға жіберіліп, 127 адам оқуды аяқтады. Және осы бағыт бойынша 87 адамға 47,2 миллион теңге грант, 66 адамға 232,6 миллион теңге шағын несие берілді. Үшінші бағытқа сәйкес, 75 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 2188 адам қоғамдық жұмыстарға, 133 адам жастар тәжірибесіне жіберілді деген аудан әкімі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 55 жоба жүзеге асырылғанын айтты. Осы жобалар бойынша 1047 жұмыс орны құрылып, оның 523-і жұмыспен қамту орталығы арқылы қамтылды. Оның ішінде: әлеуметтік-мәдени нысандар – 29 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 3 жоба инженерлік және көліктік инфрақұрылым объектілері – 14 жоба елді мекендерді абаттандыру – 9 жоба қамтылғанын мәлімдеді.
Көктемнен бері басталған індетке байланысты білім саласы қашықтықтан оқытылуда. Биыл біршама өзгеріс бар. Ауданда 2020-2021 оқу жылындағы оқушы саны – 26294. Олардың штаттық режимі 11 болса, онда оқитын 881 түлек. Төрт бірдей кезекші сыныпта 25 оқушы қашықтықтан оқытатын 39 мектеп. Оның ішінде: 27 мектеп интернет платформаларымен білім алуда. Онда – 21584 оқушы бар. Кері байланыс мектеп әкімшілігінен құрылған волонтерлер арқылы және «WhatsApp» мессенджері арқылы жүзеге асырылуда. Барлық волонтер тапсырмаларды салғанға арнайы жәшіктер, медициналық маскалармен және қолғаптармен қамтамасыз етілді. Мектептердегі компьютерлер саны – 2393, оның бәрі мектеп оқушыларына таратылып берілді. Қосымша компьютерге 261,7 миллион теңге бөлініп, 1625 компьютер сатып алынды. Жетім, аз қамтылған көпбалалы отбасы балаларына 19 компьютер, 139 планшет үлестіріліп берілді. Балаларға мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелер саны 79. Оның ішінде: 12 мемлекеттік бала бақша, 37 жеке меншік бала бақша, 30 шағын орталық бар. Оларда тәрбиеленіп жатқан бала саны-5630, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 99,5%.
Білім саласы нысандарын нығайту бойынша биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы» аясында 2 мектептің ғимаратын күрделі жөндеу, яғни: Жаркент қаласындағы Еңбекші орта мектебі – 998,1, Жерұйық ауылындағы Нағарашы орта мектебі – 635,6 миллион.теңге бөлінген. Бұл нысандарды жөндеуді аяқтау мерзімі осы жылғы 11 қарашаға белгіленген. Сонымен бірге, 24 мектепте ішкі дәретханаларды жөндеуден өткізу және кәріз жүйесін іске қосуға 66,3 миллион теңге бөлініп, толық игерілді.
Ал, денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда туу көрсеткіші артты. Мұнымен қоса, өлім-жітімнің де өсу қарқыны бар. Мәселен, 2341 сәби дүниеге келіп, туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 9,8 пайызға артты, жалпы өлім 630 жағдай құрап, көрсеткіші сәйкесінше 23,7%-ға өсті.
Тұрғындарға жалпы 212 дәрігер, 1092 орта медицина қызметкері қызмет көрсетеді, оның ішінде 35 дәрігер және 39 мейірбике жеке меншік емдеу мекемелерінде жұмыс атқарады. 2020 жылы 10 жас дәрігер маман жұмысқа қабылданды. Коронавирусқа қарсы жасалып жатқан жұмыстар бойынша бүгінгі күнге дейін 149 COVID-19 жұқпасы тіркелген, оның ішінде 47 симптомды түрі болса, 102 жағдай симптомсыз түрі.
Жыл басынан бері эпидемияға қарсы жұмысқа қатысқан медицина қызметкерлеріне 73,4 миллион теңге көлемінде үстемақы төленді. Аудандық аурухана қажетті жеке қорғаныш заттарымен және медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні аудандық ауруханада 10 өкпені жасанды желдету құрылғысы, 34 оттекті концентратор, 39 Боброва аппараты бар. Оған қосымша, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының тапсырысы бойынша бір уақытта 120 науқасты оттегімен қамтамасыз ететін, яғни қуаты сағатына 50 м3 болатын оттегі қондырғысы 76,0 миллион теңгеге салынып, іске қосылды. Денсаулық сақтау нысандарын нығайту мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша Пенжім ауылында ауысымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысын салуға 259,2 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, ауданаралық көпсалалы ауруханасын абаттандыру жұмыстары 52,8 миллион теңгеге атқарылуда.
Мәдениет саласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Нағарашы ауылында Мәдениет үйіне күрделі жөндеу 189,0 миллион теңгеге жүргізілуде деп 9 айдың есеп-қисабын түгендеген аудан әкімі қоғамдық тәртіп саласында ауданда қылмыстың азайғанын және жасалған қылмыстардың ашылу көрсеткіші 84,9% өскенін айтты.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: