Қапшағай қаласы індеттің екінші толқынына дайын

0
2014

Күздің келуімен елімізде індеттің күш алғаны белгілі. Вирус жұқтырғандар саны да күрт көбейді. Қапшағай қалалық ауруханасы вирусқа тосқауыл болу үшін барлық шараларды қабылдауда. Бұл туралы «Jetisý Media» көшпелі баспасөз конференциясы барысында қала әкімі Нұрлан Құматаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, емдеу мекемесінде 30 төсек орын дайындалған. Тағы 20 орын резервте тұр. Ауруханалар ең алғашқы қажеттілік оттегі консентраттары мен ИВЛ аппараты, жасанды желдету құрылғыларымен жабдықталыпты.
Бұл тұрғыда қалалық аурухана басшысы емханаға 128 орталықтанған оттегі нүктесі тартылғандығын, мұнымен қоса қажетті дәрі-дәрмек, медициналық құрылғылар тапшылығы жоқ екенін де тілге тиек етті. Қала бойынша індетпен күреске 129 қызметкер жұмылдырылыпты. Оның 34-і дәрігер, 58-і орта, 22-і кіші санаттағы қызметкер екен.
Қалалық бас мемлекеттік санитар қаулысына сәйкес, карантин шаралары күшейтіліп, қоғамдық орындарда бетперде, арақашықтық талап етілуде. Жауапты кезеңде ақ халаттылардың еңбек демалысы тоқтатылып, барлығы тегіс вирус-пен күреске жұмылдырылған. «КОВИД-19» таралу қарқыны артқанына байланысты іс-шаралар, топтық жиындар, кездесулерге тиым салынып, бұл жұмыстар мониторинг топтың қатаң бақылауына алынған.
«Қазір қатаң режимдегі дезинфекциялық тәртіп сақ-талуда. Есіктен кіре беріске санитайзер, қолды сүртуге арналған антисептик, мекемеде күніне 3 реттік тазалық жүргізіліп отырады. Дәрігерлерге жеке қорғаныш костюмі мен бетперде беріліп, антисептик, препараттармен қамтылған. Жоспар бойынша толық дайынбыз деп айтуға болады» – дейді Айман Рақышева.
* * *
КӨШПЕЛІ БРИФИНГТЕ қала әкімі таяуда 180 отбасының қоныс тойын тойлайтынын да айтты.
Бүгінде Қапшағай қаласында баспаналар құрылысы қарқынды жүргізілуде. 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған. Бұйыртса, нысандағы жұмыстар толық аяқталып, қолданысқа берілу кезеңінде. Ал, шаңырақ шаттығын тойлайтындар көпбалалы, аз қамтылған және кезекте тұрған отбасылар.
Қала әкімі сөзінше, үйлердің барлығы заманауи қажеттіліктермен қамтылған. Сапаға баса мән берілді деген шаһар басшысы Тұрғын үй жинақ банкі салымшылары да биыл жаңа пәтерлерді ала алатындығын айтты. Қапшағайда тағы 50 жалдамалы баспана салынуда. Бес қабатты нысанда жұмыс 100 пайызға аяқталыпты.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ